ӘР САЛАДА – НАҚТЫ НӘТИЖЕ
Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы бір ғана саламен өлшенбейді. Халықтың денсаулығы мен бос уақытын тиімді ұйымдастырудан бастап, ауыл шаруашылығы, инфрақұрылым, абаттандыру және туризмге дейінгі әр бағыттағы жұмыс елді мекендердің тыныс-тіршілігіне тікелей әсер етеді. Осы тұрғыдан алғанда, ауданымызда жыл басынан бері атқарылған жұмыстардың нәтижесі әр салада көрініс тауып келеді
Аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес «Руханият орталығында» аудандық дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімінің осы жылдың алғашқы жартыжылдығында атқарған жұмыстарына арналған баспасөз мәслихаты өтті. Брифингте аудандық дене шынықтыру спорт және туризм бөлімінің басшысы Ғалымжын Ержанов бұқаралық спортты дамыту, аудан спортшыларының жетістіктері және туризм саласындағы көрсеткіштер туралы баяндады.
Бүгінде аудан тұрғындары спорттың 23 түрімен айналысады. Халық игілігіне 137 спорт нысаны қызмет етуде. Жыл басынан бері аудан көлемінде 115 спорттық ісшара ұйымдастырылған. Бұл көрсеткіштер тұрғындардың спортқа деген қызығушылығы артып келе жатқанын аңғартады. Спортшылардың жетістігі де жоғары. Қазақстан чемпионаттары мен кубоктарында аудан спортшылары 15 алтын, 22 күміс және 17 қола медаль жеңіп алған. Ал Азия чемпионаттарында 1 алтын, 3 күміс және 3 қола медаль иеленген. Бүгінде ауданның 9 спортшысы Қазақстан Республикасының ұлттық құрамаларының сапына енгізілген. Бұл – аудан спортының белгілі бір нәтижеге бағытталғанын көрсетеді. Әсіресе жас спортшылардың республикалық және халықаралық жарыстарда тәжірибе жинақтап, жоғары нәтижеге қол жеткізуі – спорт саласына жасалып жатқан қолдаудың жемісі. Бұқаралық спортты дамыту арқылы өскелең ұрпақты салауатты өмір салтына бейімдеу де маңызды міндет болып қала береді.
Спортпен қатар ауданның туристік әлеуетін тиімді пайдалану да назарда. 2025 жылдың қорытындысы бойынша аудан аумағында, Байқоңыр қаласын қоса алғанда, 10 орналастыру орны 7 322 туристке қызмет көрсеткен. Бұл өңірге келетін қонақтардың саны мен туристік қызметке деген сұраныстың бар екенін көрсетеді. Сонымен бірге «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің бойында 14 жол бойындағы қызмет көрсету нысаны жұмыс істейді. Халықаралық күре жолдың аудан аумағынан өтуі сервистік қызмет пен туризмді дамытуға қосымша мүмкіндік береді.
Алайда ауданның дамуын тек салалық көрсеткіштерден емес, ауылдық округтердегі күнделікті өзгерістерден де байқауға болады. Соның бір мысалы – Дауылкөл ауылдық округінде атқарылып жатқан жұмыстар.
Брифингте Дауылкөл ауылдық округінің әкімі Сабырхан Зайыров осы жылдың алғашқы жартыжылдығында атқарған жұмыстарының есебін берді.
Биыл Дауылкөл ауылдық округінің бюджеті өткен жылмен салыстырғанда 1,1 млн теңгеге артқан. Қаржы көлемінің ұлғаюы ауылдағы бірқатар қажетті мәселені шешуге мүмкіндік беріп отыр. Ауыл инфрақұрылымын жақсарту бағытында аудандық бюджеттен бөлінген 5,5 млн теңгеге ауылдық клубқа LED экран орнатылып, көшелерге бейнебақылау камералары қойылған. Бұл жұмыстар ауыл тұрғындары үшін қоғамдық кеңістіктің сапасын арттырып, қауіпсіздік мәселесін нығайтуға бағытталған. Демеушілердің қолдауымен жаңа аялдама салынып, орталық алаңға су ұңғымалары қазылған. Ауылдың қажеттіліктерін шешуге жергілікті бюджетпен қатар демеушілердің де үлес қосуы – ортақ іске деген жауапкершіліктің көрінісі. Сонымен қатар Әнтай Құланбаев көшесін жарықтандыруға қажетті жобалықсметалық құжаты әзірленіп, сараптамадан өткен.
Дауылкөлдегі негізгі бағыттардың бірі – ауыл шаруашылығы. Биыл округ бойынша 2463 гектар жерге егін орналастырылған. Сонымен бірге ауыл маңындағы дайындалған жерлерге 30-дан астам отбасы 10 гектарға жуық бақша дақылын еккен. Бірнеше отбасының бақша шаруашылығымен айналысуы – ауылдағы еңбек белсенділігін көрсетсе керек-ті. Жерді игеру арқылы тұрғындар өз қажеттілігін қамтамасыз етіп қана қоймай, артығын өткізу арқылы қосымша табыс таба алады. ,
Мал шаруашылығы бағытында да ауылда 3 шаруа қожалығы жұмыс істейді. Егін және мал шаруашылығының қатар дамуы – ауыл экономикасының тұрақтылығына оң әсерін тигізіп отыр.
Ауылдың экономикалық әлеуетімен бірге оның тазалығы да назардан тыс қалмаған. «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ауыл көшелеріндегі 2000-нан астам ағаштың түбі әктеліп, орталық алаң мен саябаққа 200 түп жас көшет отырғызылған. Сонымен қатар көше жарықшамдары жаңартылып, жол белгілері қалпына келтірілген. Бұл жұмыстар елді мекенді көркейтіп қана қоймай, тұрғындардың қауіпсіздігі мен күнделікті жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасауға бағытталған.
Жалпы, спорт алаңындағы жетістік пен ауыл көшесіндегі өзгерістің арасында байланыс бар. Екеуінің де түпкі мақсаты – халыққа қолайлы орта қалыптастыру. Бір жағынан тұрғындардың денсаулығы мен белсенділігіне жағдай жасалса, екінші жағынан олардың тұрмыс саласын жақсарту көзделген.
Баспасөз мәслихатында жауапты басшылар бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сауалдарына жауап беріп, атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер жөнінде хабардар етті. Бұл ретте халықпен ашық байланыс орнатып, тұрғындарды атқарылып жатқан жұмыстармен таныстыру маңызды. Ауданның бүгінгі даму қарқыны түрлі бағыттағы жүйелі қадамнан қалыптасады. Спортшының жеңісі, жастардың спортқа тартылуы, туристердің ауданға келуі, ауылдағы егіннің көлемі, жаңарған көше жарығы немесе отырғызылған жас көшет – барлығы да елді мекеннің дамуына ортақ үлес қосады.
Бауыржан ЖҮНІС
















