ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНА ЖҮЙЕЛІ ДАЙЫНДЫҚ
Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күндер қалды. Осыған байланысты аудандағы білім беру ұйымдарында оқушыларға жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру, мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайту, білім алушыларды оқулықтармен қамтамасыз ету және білім беру нысандарының жаңа оқу жылына дайындығын пысықтау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. 2026- 2027 оқу жылында аудан бойынша 31 мектепте 15098 оқушы білім алады деп күтілуде. Оның ішінде 1-сыныпқа 1340 бала қабылданады. Салыстырмалы түрде өткен 2025-2026 оқу жылында аудан мектептерінде 14 872 оқушы білім алып, оның 1366-сы 1-ші сыныпқа қабылданған болатын. Бұл көрсеткіш аудан мектептерінде оқушы санының артып келе жатқанын аңғартады.
Жаңа оқу жылына дайындықтың маңызды бағыттарының бірі – оқушыларды оқулықпен және оқу-әдістемелік кешендермен толық қамтамасыз ету. Осы мақсатта облыстық бюджеттен 108,6 млн теңге қаржы бөлінді. Аталған қаражат есебінен 3, 4, 7 және 9-сыныптардың оқулықтары жаңартылып, ерекше білім беруді қажет ететін оқушыларға арналған оқу құралдары сатып алынуда. Қазіргі таңда 9 баспамен келісімшарт жасалып, оның 30 пайызына қаржы аударылды. Оқулықтарды ауданға тасымалдау үшін бір кәсіпкерлік субъектісімен 1 млн теңгеге келісімшарт жасалған. Оқулықтарды жеткізу жұмыстары 25 тамыздан басталып, 28 тамызға дейін аяқталады деп жоспарлануда. Осылайша жаңа оқу жылы басталғанға дейін аудан оқушылары оқулықтармен толық қамтамасыз етіледі.
Білім беру ұйымдарының материалдық жағдайын жақсартуда ауқымды жұмыстар атқарылуда. Аудандағы 31 мектептің 29-ы типтік, 2-еуі бейімделген ғимаратта орналасқан. Сонымен бірге ауданда үш ауысымда жұмыс істейтін мектеп жоқ.
Биыл барлық мектепте ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 118,2 млн теңге бөлінді. Сонымен қатар Байқоңыр қаласындағы №272 және №274 мектептерде 98,1 млн теңгеге реновация жұмыстарының негізгі бөлігі 25 тамызға дейін аяқталуы көзделген. Бұдан бөлек, бірқатар білім беру ұйымдарындағы бірінші кезектегі мәселелерді шешуге бағытталған жұмыстар қолға алынған. Атап айтқанда, №105, №250, №272, №273, №274, №121, №186 және №199 мектептерде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстарға облыстық бюджеттен 161,3 млн теңге қаржы бағытталды.
Жөндеу жұмыстары мектептердің нақты қажеттілігіне қарай жүргізілуде. Мәселен, №105 мектеп-лицейдің ішкі жылыту жүйесіне 13,9 млн теңгеге жөндеу жасалып, жұмыс толық аяқталды. №250 мектеп-лицейдің сыртқы қабырғаларын плиткалау, есік пен еден плиткаларын ауыстыру жұмыстарына 9,7 млн теңге қаралып, таяу арада аяқтау көзделген.
№273 орта мектептің жылу жүйесіне жөндеу аяқталса, №272 мектептің сыртын қаптауға 49,8 млн теңге бөлініп, оның аяқталу мерзімі 29 қыркүйекке белгіленген. №274 мектепте спорт залын жөндеу, су және кәріз жүйелерін жаңартуға 48,3 млн теңге қаралып отыр. Сондай-ақ №121, 186, 199 мектептерде де қажетті жұмыстар атқарылды.
Жаңа оқу жылына дайындық тек оқу процесімен өлшенбейді. Қысқы кезеңге дайындық та білім беру ұйымдарының маңызды бөлігі болып табылады. Аудан бойынша білім бөліміне қарасты 58 білім беру ұйымының бір бөлігі сұйық және қатты отынмен жылытылады. Атап айтқанда, 30 ұйым сұйық отынмен, оның ішінде 16 мектеп пен 14 балабақша, ал 10 ұйым қатты отынмен жылытылады. Олардың қатарында 9 мектеп, 2 балабақша және 2 қосымша білім беру ұйымы бар. Байқоңыр қаласындағы бір балабақша мен бір мектеп орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған. Сонымен қатар үш балабақша мектеп ғимараттарында орналасқан.
2026 жылғы жылу маусымына облыстық бюджеттен 445,6 млн теңге бөлінді. Оның 398 млн теңгесі сұйық отынға, 25,6 млн теңгесі табиғи газға қарастырылған. Жылдың бірінші жартыжылдығында 170,5 млн теңге игерілді. Алдағы жылу маусымына дайындық үшін қосымша 69,5 млн теңге бөлініп, қосалқы бөлшектер және қажетті құрал-жабдықтар сатып алынуда.
Жылу маусымының үздіксіз өтуін қамтамасыз етуде 1 қыркүйекке дейін білім беру ұйымдарының қоймаларына 1 054 мың литр сұйық отын және 8 515 тонна көмір жеткізілуі жоспарланған. Бұл жұмыстар білім беру нысандарының қысқы кезеңге тұрақты дайын болуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Жаңа оқу жылындағы әлеуметтік қолдаудың бірі – «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы. Акция аясында аудан бойынша әлеуметтік қолдауды қажет ететін балаларға мектепке қажетті құрал-жабдықтар алуға көмек берілуде.
1-10 тамыз аралығында 44 оқушыға 378 мың теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетіліп, акция бойынша бес санатқа жататын 3304 баланың өтініші тіркелген. Оқушылардың әлеуметтік жағдайын қолдаумен қатар, олардың күнделікті білім алуына қажетті жағдай жасау да басты назарда. Осы ретте бастауыш сынып оқушыларын ыстық тамақпен қамтамасыз ету жұмыстары жүйелі түрде ұйымдастырылуда. Тегін тамақ алатын білім алушыларды есепке алу Қазақстан Республикасы Білім министрінің бұйрығымен бекітілген талаптарға сәйкес ұйымдастырылады.
Бұл бағытта ақпараттық-бағдарламалық кешенді пайдалану арқылы есеп жүргізу жолға қойылған. Жүйе білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, асхана мен кітапхана жұмыстарын заманауи технологиялар негізінде автоматтандыруға мүмкіндік береді. Жалпы, Қармақшы ауданындағы білім беру ұйымдарының жаңа оқу жылына дайындығы бірнеше бағытты қамтиды. Мектептерді жөндеу, оқулықтармен қамтамасыз ету, жылу маусымына дайындық, әлеуметтік қолдау көрсету, ыстық тамақ ұйымдастыру және білім беру ұйымдарын заманауи құралдармен жабдықтау жұмыстары бір-бірімен сабақтастықта жүргізілуде.
Тәжігүл ӘБЕНОВА,
аудандық білім бөлімінің бас маманы
















