ДАУЫЛКӨЛДЕ АТҚАРЫЛҒАН ӘРБІР ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫС - АУЫЛДЫҢ ДАМУЫНА БАҒЫТТАЛҒАН
Аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес, бүгін «Руханият» орталығында Дауылкөл ауылдық округінің әкімі Сабырхан Зайыровпен 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында атқарған жұмыстарының қорытындысына арналған баспасөз брифингі өтті.
Қазір Дауылкөл ауылдық округінде ауыл бюджеті өткен жылмен салыстырғанда 1,1 млн теңгеге артқан.
Ауыл инфрақұрылымын жақсарту бағытында Аудандық бюджеттен бөлінген 5,5 млн теңгеге ауылдық клубқа LED экран орнатылып, көшелерге бейнебақылау камералары қойылған. Демеушілердің қолдауымен жаңа аялдама салынып, орталық алаңға су ұңғымалары қазылды. Сонымен қатар Әнтай Құланбаев көшесін жарықтандыруға қажетті жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп, сараптамадан өткізілді.
Ауыл шаруашылығы саласында биыл 2463 гектар жерге егін орналастырылған. Сонымен қатар 30-дан астам отбасы ауыл маңындағы дайындалған жерлерге 10 гектарға жуық бақша дақылдарын орналастырған. Бұдан бөлек мал шаруашылығы бағытында ауылда 3 шаруа қожалығы жұмыс істейді.
Абаттандыру және санитарлық тазалық жұмыстары да тұрақты жүргізілуде. «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ауыл көшелеріндегі 2000-нан астам ағаш түбі әктеліп, орталық алаң мен саябаққа 200 түп жас көшет отырғызылған. Сондай-ақ көше жарықшамдары жаңартылып, жол белгілері қалпына келтірілген.
Брифинг барысында Сабырхан Дүйсенбайұлы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сауалдарына жауап беріп, тұрғындардың мәселелері бойынша тиісті түсініктемелер берді.
Қармақшы ауданы әкімінің баспасөз қызметі

















