ІІІ ИНТЕРНАЦИОНАЛ: АУЫЛДЫҢ ӘЛЕУЕТІН АРТТЫРУҒА БАҒЫТТАЛҒАН ЖҰМЫСТАР ЖҮРГІЗІЛУДЕ
«Руханият» орталығында ІІІ Интернационал ауылдық округінің 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында атқарған жұмыстарының қорытындысына орай баспасөз брифингі өтті.
Аудан әкімінің тікелей тапсырмасына сәйкес ұйымдастырылған брифинг барысында ауыл әкімі Жеткерген Қалымбетов елді мекеннің дамуы, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік және инфрақұрылым бағыттарында атқарылған жұмыстарға тоқталды.
Биыл кәсіпкерлік бағытта бірқатар жаңа нысандар іске қосылуда, бүгінде 96 кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істеп тұр.
Ауыл шаруашылығы саласында биыл 6059 гектар жерге егін егілді. Оның ішінде 2645 гектарға күріш, 1107 гектарға жаңа жоңышқа, 1140 гектарға ескі жоңышқа, сондай-ақ бидай, жүгері, мақсары және арпа орналастырылды. Сонымен қатар «Агроаймақ» үшін жер дайындалып, тұрғындардың картоп, көкөніс және бақша өнімдерін егуіне мүмкіндік жасалды.
Елді мекенді газдандыру мәселесі де өз кезеңімен шешілуде. Қазір демеушілік қаражат есебінен газдандыру жобасының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр. Сонымен қатар электр желілерін жаңғырту жобасына облыстық бюджеттен 369,3 млн теңге бөлініп, тиісті жұмыстар басталды.
Ауылда ауыз су тұрақты беріліп, 11 көшенің 9-ы асфальтталған. «Таза Қазақстан» акциясы аясында санитарлық тазалық және абаттандыру жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Бұдан бөлек білім, мәдениет және спорт салаларында да жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді.
Жеткерген Қайыржанұлы БАҚ өкілдерінің тарапынан қойылған сауалдарға жауап беріп, тұрғындардың бірқатар мәселелері бойынша тиісті түсініктемелер берді.
Қармақшы ауданы әкімінің баспасөз қызметі

















