Қармақшы ауданында 26 813 гектарға егін егілді
Биыл Қармақшы ауданында 26 813 гектар жерге егін егілді. Оның ішінде басты дақыл күріштің көлемі – 13 770 гектарды құрайды. Осы жылғы вегетациялық кезеңге бөлінген су лимиті мен егілетін дақылдарды кезектестіру схемасына сәйкес, күріштің көлемі былтырғы жылмен салыстырғанда 997 гектарға артық егілді. Ал әртараптандыру дақылдары 2 340 гектарға орналастырылды. Бұл туралы Қызылорда облысының өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте Қармақшы ауданының әкімі Жандос Еркінбек хабарлады.
– Қармақшы ауданының әлеуметтік-экономикалық жағдайы тікелей ауылшаруашылығына негізделген. Осы себепті жыл сайын егілетін егін көлеміне үлкен мән беріледі. Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында ауданымызда ауылшаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі – 2 млрд.899,5 млн.теңгені құрап, былтырғы жылмен салыстырғанда 102,1 пайызды құрады. Жалпы ауданда көктемгі дала жұмыстарының нәтижесінде 3854 гектарға – жаңа жоңышқа, 1050 гектарға – жаздық бидай, 1050 гектарға – мақсары, 50 гектарға – құмай, 40 гектарға – сүрлем жүгері, 3 гектарға – күнбағыс дақылы себілді. Сонымен қатар, осы жылы Жаңажол ауылдық округінде орналасқан «Жаңажол» ЖШС бес гектар жерге тамшылатып суару әдісімен алма бағын егіп, баптау үстінде. Бұдан бөлек, облыс әкімінің «тұрғындардың өзін-өзі әлеуметтік маңызы бар картоп, көкөніс және бақша өнімдерімен қамтамасыз етуді қалыптастыру» тапсырмасы бойынша аудан тұрғындарына 392 гектар бақшалық жерлер дайындалып, 881 отбасыға бөлініп берілді, – деді аудан әкімі Жандос Еркінбекұлы.
Қармақшы ауданында мал шаруашылығы саласында да оң көрсеткіш қалыптасып келеді. Сәйкесінше, төрт-түлік мал басының өсім көрсеткіші орташа 6,0 пайызды құрайды. Атап айтқанда, мүйізді ірі қара 5,6 пайызға, қой басы 6,6 пайызға, жылқы 11,1 пайызға, түйе 9,0 пайызға, құс 5,8 пайызға артты.
@Қызылорда облысының өңірлік коммуникациялар қызметі