АУЫЛДАРДЫҢ ӘЛЕУЕТІН АРТТЫРУ - БАСТЫ МІНДЕТ
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес халықпен тұрақты кері байланыс орнату маңызды бағыттардың бірі. Осы мақсатта бүгін аудан әкімі Жандос Еркінбектің қатысуымен Алдашбай ахун және Дауылкөл ауылдық округтеріндегі тұрғындармен кездесуде атқарылған жұмыстар қорытындыланып, алдағы жоспарлар талқыланды.
Былтыр төртінші деңгейлі бюджет көлемі 21 миллион теңгеге ұлғайған Алдашбай ахун ауылдық округінде бүгінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында 4 дана бейнебақылау камерасы орнатылды. Сонымен қатар жақында «Ауыл құтқарушылары» жобасы аясында өрт сөндіру бекеті салынып, ел игілігіне пайдалануға берілді.
Кездесуде аудан басшысы аудан көлеміндегі төрт елді мекеннің электр желілерін жаңғыртуға 200 млн теңге бөлінгенін және бұл жобада Алдашбай ахун ауылы да бар екенін айтып, алдағы жоспарымен бөлісті.
Ал Дауылкөл ауылдық округінің жыл басында ауылдық клуб үйіне 5,5 млн теңгеге заманауи LED экран орнатылып, мәдени іс-шараларды жаңа деңгейде өткізуге мүмкіндік жасалып отыр. Тұрғындардың қауіпсіздігін арттыру мақсатында ауыл орталығы Ешнияз Сал көшесіне 4 дана бейнебақылау камерасы орналастырылды. Сондай-ақ демеушілердің қолдауымен 2,3 млн теңгеге жаңа аялдама салынып, пайдалануға берілді. Қазір ауылдың инфрақұрылымын жақсарту мақсатында демеушілік есебінен 3 көшені жарықтандыруға арналған жобалық-сметалық құжаттары әзірленді.
Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша жүргізілген жүйелі жұмыстарды жеке-жеке айтып өткен аудан басшысы тұрғындардың спорт, мәдениет саласын дамыту және өзге де маңызды мәселелер бойынша сұрақтарына жауап беріп, тиісті сала басшыларына тапсырмаларын жүктеді.
«Тұрғындардың ұсыныстары мен өтініштері әрдайым назарда болады»,- деді Жандос Еркінбек.
Қармақшы ауданы әкімінің баспасөз қызметі

















