Қармақшы ауданы әкімінің халықпен кездесулері Алдашбай ахун, Тұрмағамбет ауылдарында жалғасты
Мемлекет басшысының «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес аудан әкімі Жандос Еркінбектің халықпен кездесулері Алдашбай ахун, Тұрмағамбет елді мекендерінде жалғасты.
Тұрғындармен өткен кездесулерде аудан басшысы атқарылған жұмыстарды саралап, алдағы жоспарлармен бөлісті.
Биыл Алдашбай Ахун ауылының электр желілерін қайта жаңғырту бойынша жоба сметалық құжаттары әзірленді. Ауыл төлқұжаты жаңадан орнатылды. Заманауи балалар және спорттық ойын алаңы салынды. Ауылды абаттандыру мақсатында «Тағзым алаңын» орнату және кіре беріс арканы ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Тұрмағамбет ауылында өткен жылдың желтоқсан айында дәрігерлік амбулатория салынып, халық игілігіне пайдалануға берілсе, биыл «Ауыл-Ел бесігі» бағдарламасы аясында бес көшеге жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Сондай ақ, облыстық бюджет қаражаты есебінен «Ақжар-Тұрмағамбет-Көмекбаев» аудандық маңыздағы автомобиль жолының 27 шақырым жолы толық жөндеуден өткізілді.
Аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес нарықты ішкі өнімдермен толықтыру мақсатында Алдашбай ахун ауылында 11 гектар, Тұрмағамбет ауылында 36 гектар қосымша бақшалық жерлер дайындалып, 119 отбасыға бөлініп берілді. Нәтижесінде 12 гектар картоп, 6 гектар көкөніс, 29 гектар бақша дақылдары егілді. Одан бөлек Тұрмағамбет ауылында 1818 гектар жерге күріш дақылы орналастырылды.
Кездесу соңында аудан әкімі тұрғындар тарапынан айтылған ұсыныс-пікірлерді үнемі назарда ұстап, олардың оңтайлы шешілу жолдары қарастырылатынын жеткізді.