» » «ҚОСБАСАР» ШЕРТКЕН СЫР

«ҚОСБАСАР» ШЕРТКЕН СЫР

Жаздың алғашқы айында, яғни маусымда жоспарлы түрде еліміздің бас қаласы – Астана мен екінші Швейцария атанған Көкшетау өлкесіне сапарлап келдім. Сол сапарда бала кезде бір көшеде тұрған, түрлі отбасылық жағдаймен 2000-жылдардың басында Көкшетауға қоныс аударған ауылдас көршілеріміздің, сыныптастарымның үйінде қонақта болдым. Әкеміздей, анамыздай болып кеткен кісілерге сәлем беріп, аз-кем әңгімелестік. Кездесуде сыныптасымның әкесі, 2003 жылға дейін үйіміз бір көшеде жақын тұрған құдайы көршіміз, әкеммен ауыл шаруашылығы жұмысында бірге қызмет істеген Тынымбай Сәденұлы Досбатыров өзінің 2024 жылы жарық көрген «Қосбасар» атты кітабын сыйға тартты. Бір қарағанда, кітаптың атауы маған қызық көрінді. Ойша күймен байланыстырдым. Автор өзінің қолтаңбасын қойып, жүрекжарды тілегін білдіріп, кітапты қолыма алғаннан кейін, ғаламтордан «қосбасар» атауы туралы іздей бастадым. Жорамалым дұрыс болып шықты.
Бірнеше күнгі сапардан кейін үйіме жеткесін, кітапты оқып, атауына қатысты ойымдағы сұрақтың жауабын сол кітаптың 71-бетінен таптым. Автордың «Қосбасар» атты мақаласы жарияланыпты: «Жанғали Жүзбайдың орындауында Сүгірдің күйі «Қосбасар». Өмірдің күйі... Қосбасар, Көңіліңнің... қылын... дөп басар. Беу, дүние! Қуаныш... қайғы... қамырық. Гөй-гөй... көңіл... әлем-тапырық... Қосбасар күйлер жетіп артылады», – деп, күй авторларын тізбектей жөнеледі.
Жинақтай келгенде, Қосбасар – қазақтың дәстүрлі шертпе күй өнеріндегі белгілі күйлер топтамасының және күй дәстүрінің атауы. Қос деп шаңырақтың ең жоғарғы жағындағы айқасқан шыбықтарды айтады, қосбасу шаңырағын ойрандады, басып алды деген мағынада, «Қосбасар» атты күйлердің мұңлы, зарлы болып келетіні сондықтан (мысалы, Сүгір өзі ауылында жоқта бүкіл ауылды шапқыншылар талқандап, өз шаңырағын да қиратып кеткен екен. Содан өртенген үйінің орнына отырып алып, «Қосбасар» атты күй шығарған деседі бір аңызда). «Қосбасар» ұғымы адамның бойындағы қос қабат сезімді, екіұдай көңілді сипаттауды да білдіретіндей. Яғни бұл кітапта да автордың ішкі тебіренісі, толғанысы, көпшілікпен сырласуы, қат-қабат келген сезімдері сипатталған. Туынды мазмұны үш бөлімнен тұрады:
Бірінші бөлім: «Журналист жазбалары» деп аталса, екінші бөлімі «Атадан қалған асыл сөз», ал үшінші бөлімі «Өлең өрнектері» делінген.
Бірінші бөлімде ҚР Журналистер одағының мүшесі, қаламгер Тынымбай Сәденұлы әр жылдары аудандық, облыстық, республикалық баспасөз беттерінде жарық көрген жазбаларын ұсынған. Қаламгердің қозғаған тақырыптары да алуан түрлі. Бірде кәсіпкерлікті, нарық жағдайын сөз етсе, енді бірде аналар, әйелдер қауымы туралы толғап, эссе бағытына қалам тартқан. Елдің әлеуметтік-экономикалық ахуалын сөз етіп, ойға ой тастайды. Енді бірде «жақсының жақсылығы» жайлы сыр шертіп, қазақ халқының мәдениеті мен өнері туралы тебіренеді. Әрбір жазбасынан туған жерге деген сағыныш, туған өлкені мақтау, перзенттік махаббатын білдіру, орта жасқа келген тұста өзі қоныс аударып барған өлкенің табиғатын, тұрмысын, ризашылық сезімін суреттеуі айқын аңғарылып отырады.
Маған ерекше әсер еткені – кітаптың екінші бөлімі. Мұнда автор Ораз ахун, Сердәлі Қожамжарұлының айтқан әңгімелері, Әлдеберлі атаның Пірге қол беруі, өз руының атауы Метей ата жайлы, сонымен қатар өзінің бала күннен әкесінен естіп өскен халық аузындағы ескі әңгіме аңыздарды топтастырған. Ру шежіресіне де тоқталған. Осы жазбалардан мен туған өлкемде өмір сүрген Ер Сейітпенбет баба жайлы алғаш мәлімет білдім. Ғаламтордан сол туралы іздеп, көптеген ақпарат алдым, көңіл көкжиегім ашыла түскендей. Ел аузындағы әңгімелерге қызығатын менің назарым еріксіз осы тақырыптарға ауа берді.
Өзі дүниеге келіп, өскен-өнген ортаның әрлі-бергі тарихы, ондағы қасиет қонған бабалар, дін өкілдері, батыр-би болған ел жақсыларының көпшіліктің көкейінде қалған істері туралы жан-жақты ақпарат берілген. Бұл бөлімде халқымыздың даналығы, ұлттық тәрбие, салт-дәстүр, мақал-мәтелдер мен ата-баба өсиеттерінің тәрбиелік мәні кеңінен ашылған. Қаламгер ұлттың рухани мұрасын бүгінгі қоғаммен байланыстыра отырып, өткеннің тағылымын қазіргі ұрпаққа жеткізудің маңызын көрсетеді.
«Өлең өрнектері» деп аталатын үшінші бөлімде шығармашылық иесінің әр жылдары көңіл толқынысынан шыққан жырлары жинақталған. Өлең мазмұнымен таныса келе, көптеген жаңа ұғымдарды кезіктіресің, автордың ішкі көңіл-күйін ұғына түсесің. Осындағы «Сырдария-Жырдария» өлеңі поэма іспетті. Туған жер төсіндегі жер-су атаулары, өсімдігі, жан-жануары мен көкте қалықтаған құстары, кең даланың өзіндік ерекшелігі, тарихи орындары, вальс королі Шәмшінің әндеріне арқау болуы, Сырдария өлкесінен түлеп ұшқан атақты адамдар жайлы кеңінен толғаған. Көз алдыма таныс өлке, оттан да ыстық туған жер келбеті елестей кеткенін еш жасырмаймын. Ақынның жырларынан ұлттық болмысқа деген құрмет пен туған топыраққа деген сағыныш анық сезіледі.
Кітаптағы әрбір эссе мен мақалада өмірден алынған шынайы оқиғалар, тарихи деректер, ұлттық таным мен азаматтық көзқарас табиғи сабақтасып жатады. Автор әр тақырыпты құр баяндап қоймай, тарихи деректермен, нақты мысалдармен байыта отырып, оқырманды терең ойға жетелейді. Жинақта туған жердің қадірі, ұлттық рух, елдік сана, тіл тағдыры, тәуелсіздік құндылығы, ұрпақ тәрбиесі, еңбек адамының бейнесі сияқты маңызды мәселелер кеңінен қозғалады.
Кітаптың ерекшелігі – жанрлық алуандығында. Мұнда эссе, публицистикалық мақала, тарихи танымдық жазба, ғибратты әңгіме және поэзия бір жинаққа топтастырылған. Осындай құрылым оқырманға автордың шығармашылық әлемін жан-жақты тануға мүмкіндік береді.
Қорыта келгенде, қазіргі қазақ публицистикасында өмір шындығын, елдік мұратты, ұлттық құндылықтарды көркем тілмен жеткізетін шығармалардың орны ерекше. Журналист, публицист, ақын Тынымбай Сәденұлының «Қосбасар» атты жинағын сондай еңбектердің қатарынан орын алады деп есептеймін. Бұл еңбек оқырманның ой-өрісін кеңейтіп, туған елге деген сүйіспеншілік пен азаматтық жауапкершілікті нығайтуға қызмет етеді.Туған жердің әрбір перзенті мұндай кітаптарды оқуы, өз өлкесі жайлы терең біліммен сусындауы қажет.
Шығармашылық иесіне сарқылмас шабыт, қажымас қуат тілеймін!
Лаура ҒАЛЫМҚЫЗЫ
25 тамыз 2026 ж. 88 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№64 (10532)

24 тамыз 2026 ж.

№63 (10531)

22 тамыз 2026 ж.

№62 (10530)

17 тамыз 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 3 725
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 1 170

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31