ҰСТАЗ. ТҰЛҒА. ҚАЛАМГЕР
Қоғам білімді, еңбекқор, ел мен жерге жанашыр адамдар арқылы алға жылжиды. Әрбір озық азаматтың мақсаты – Абай айтқандай, еңбек, ізденіс, талпыныс арқылы өмірге кірпіш болып қалану болса керекті. Қашан да адал еңбек пен маңдай тер, елге еткен қызмет – жиған абыройың, өміріңнің мәні. Қоғамда осындай қағиданы ұстанған азаматтар аз емес. Сондай елге елеулі болған жанның бірі – жерлесіміз Тынымбай Досбатыр.
Тынымбай Сәденұлы ағамыз Ақтөбе ауылында дүние дидарын ашқан. Аудан орталығындағы №105 мектепті бітірген соң Қызылорда политехникумының «Өндірістік және азаматтық құрылыс» бөліміне түсіп, «техник-құрылысшы» мамандығын алып шығады. Алғашқы еңбек жолы 1976 жылы «Главриссовхозстрой» тресіне қарасты №27 жылжымалы механикаландырылған колоннада құрылыс шебері болудан басталып, 1980 жылы бастауыш комсомол комитетінің босатылған хатшысы сайланбалы қызметіне ұласады. 1980- 1982 жылдары жолдамамен өндірістік бригада жетекшілігіне ауыстырылып, 5 жыл халық депутаттары Ақжар ауылдық кеңесінің төрағасы қызметін абыроймен атқарған.
Осы кезде ауылда іргелі істер атқарылып, іс-шаралар ұйымдастырылады. Ол уақытты ағамыз былайша еске алады.
– 1980 жылдардың орта шенінде рухани-мәдени, қоғамдықкөпшілік іс-шараларды, күнделікті шаруашылық істер арасынан жол тауып, жүйелі жүргізуді мақсат тұттық. Қызмет ете жүріп Социалистік Еңбек Ері Қ.Ізтелеуовтің 75, ақынұстаз С.Желдербаеваның 50 жылдығын облыс, Сыр шайыры Т.Ізтілеуовтің 100 жылдығын республикалық деңгейде атап өту – сол жылдардағы аудан, ауыл басшыларының қолдау көмегімен жоғары танымдықтағылымдық деңгейде атқарылды.
Бригадир І.Тұрмағанбетов пен көлік жүргізушісі Т.Сәденов ағалардың 50 жылдық мерейтойын өткізу, соғыс ардагерлері, зейнеткерлер Б.Барахатов, Ә.Әбдіров ақсақалдарға жеңістің 40 жылдығына орай шаруашылық есебінен тұрғын үй салып беруге бастамашы болдық. Күміс көмей жырау К.Рүстембековтің 40 жылдығына байланысты жас жыршы-термешілер байқауын өткізу іс-шарасының үлкен тәрбиелік игі әсері болғаны анық. Екі жыл қатарынан аудандық деңгейде өткен «Көшеней күндері» байқауына көршілес ауылдан оқушы-жастар қатыстырылды. Қазіргі белгілі өнерпаздар – М.Сәрсембаева, Б.Бедебаев, К.Қосбармақов, Н.Тілеубаевалар сол байқауда топ жарған жас шәкірттер болатын, – дейді ағамыз өткенді еске алып.
Тынымбай Сәденұлы еңбек жолында Алматыдағы Қазақ ауылшаруашылық институтында білім алып, 1987-2004 жылдары Ақтөбе ауылында түрлі ауылшаруашылық құрылымында бас экономист, шаруашылық басшысының экономика жөніндегі орынбасары болып қызметтер атқарды.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарының халыққа оңай тимегені белгілі. Бұл кезеңді ауыл жұрты да біркісідей бастан кешті. Арада зулап жылдар өтсе де, сол уақыттың тыныс-тіршілігі ағамыздың көкейінде қазіргідей сайрайды.
«1987-1997 жылдар арасында Ақтөбе ауылында жауапты қызметтерде болдым. Осы жылдары целиноградтық экономист А.Щвецтің мердігерлікжалгерлік әдіспен еңбек ұйымдастырудағы бастамасымен аудандағы алғашқы шұбат өндіруші «Дәужігіттердің отбасылық» шаруа қожалығы құрылған еді. Сондай-ақ, шаруашылықтағы өндірістік цех, бригадалар барлық салада еңбек ұйымдастыру мен ақы төлеудің мердігерлік-жалгерлік әдісіне көшірілді. Сөйтіп, ауыл тұрғындары арасынан құс еті, жұмыртқа, өсімдік майын өндіретін, балық, бал арасын өсіретін, мал бордақылайтын, жартылай дайын ұн өнімдерін дайындайтын, нан пісіретін жеке отбасылық жалгермердігерлер көптеп шыға бастады. 1997-2003 жылдары мен де отбасыммен «Тәуекел» шаруа қожалығын құрып, бақша егіп, дәмхана ашып, жеке кәсіппен айналыстым» дейді ағамыз.
– Енді сол 1990 жылдары атқарылған мәденикөпшілік, қоғамдық-тәрбиелік, рухани іс-шаралар жайында айта кетсем. 1980 жылдардың орта шенінен бастап Чапаев ұжшары (қазіргі Ақтөбе ауылы) экономикалық әлеуеті мен әлеуметтік даму жағдайы бойынша аудандағы екінші орындағы іргелі, ірі шаруашылық болатын. Шаруашылықтың барлық өндірістік саласында: егіншілік пен мал шаруашылығында, құрылыс-механизация, білім беру, мәдениет пен денсаулық сақтау орындарының барлығында дерлік еліміздің астанасы Алматы мен облыс орталықтарындағы білім ордаларында оқыған, қала өмірі мен мәдени ортаны көрген білікті, жас буын кадрлар жетекшілік жасап, еңбек ететін. Олардың басым көпшілігі шаруашылықтың арнайы жолдамасымен оқып келген туған ауыл түлектері еді. Десе де, кең етек жайып келе жатқан елдегі демократиялық үдерістер ағымын аңғара отырып, оларды тың қоғамдық мәдени-көпшілік, тәрбиелік іс-шараларға тартып отыруды жүзеге асырып едік. Осылайша, 1989 жылы алғашқылардың бірі болып «Қазақ тілі» қоғамын құрдық. Оған шаруашылықтағы салалық бас мамандар мен өндірістік бөлімше жетекшілерін мүшелікке тарттық. Алғашқы жұмысымызды республикалық «ҚТ» қоғамының жарғысымен таныстырудан және қоғамның үні – «Ана тілі» газетіне жазылудан бастадық. Жарғыға сәйкес жарнапұл жиналып, қаржылық қорын қалыптастырдық. Республикалық «ҚТ» қоғамының басшылығымен хат-хабар алыстық. Сол жылдары ауылымыздағы «Ана тілі» газетінің жазылушылары 108, «Қазақ әдебиеті» газетінің оқырмандары 145-ке жетіп, бұл ретте, ауылдағы Батыр аналар мен ҰОС ардагерлерін осы үш басылымға «ҚТ» қоғамының есебінен жылма-жыл тегін жаздырып отырдық, – дейді ол.
Т.Сәденұлы 2004 жылы Ақмола облысына қоныс аударып, Зеренді ауданының Шағалалы жоғары агротехнологиялық колледжінде арнайы пән оқытушысы ретінде студенттерді білім нәрімен сусындатты.
47 жылдық еңбек жолының 15 жылын ұстаздық қызметке арнап, ауылшаруашылығы саласына мамандар даярлады.
Тынымбай Досбатыр ағамыздың тағы бір қыры – қаламгерлігі. Ол экономистік, ұстаздық қызметте жүрсе де қолынан бір сәт қаламын тастамаған жан. 1972 жылдан бастап шығармашылықпен айналыса бастаған ол түрлі тақырыпта публицистикалық мақалалар мен өлеңдер жазып, аудандық, облыстық, республикалық газет-журналдарда жарық көрді. Атап айтқанда, республикалық «Лениншіл жас», «Қазақ әдебиеті», «Егемен Қазақстан», «Мектептегі мерекелер», «Көкшетау» газет-журналдарында тұрақты жарияланып, облыстық «Сыр бойы», «Ақмешіт апталығы», «Сыр дидары», «Арқа ажары», «Бұқпа», «Көкшетау» секілді мерзімді басылымының төл авторы болды. 2003 жылы «Қасиетті Қармақшы» жинағына шығармалары енсе, 2014 жылы «Қос таған» атты кітабы жарыққа шықты. Қаламгердің екінші «Қосбасар» атты кітабы 2024 жылы оқырманына жол тартты.
1992 жылы Қазақстан Журналистер одағының мүшелігіне қабылданса, осы жылы облыстық «Сыр бойы» газетінің ұйымдастыруымен өткен байқауда жүлделі орынға ие болады. 2013 жылы алғаш рет өткізілген «Текті сөздің төресі – терме» атты республикалық бәйгеде де жүлде салып, Сауд Арабиясына Умра қажылық сапарына тегін жолдама жеңіп алды. Сол сияқты, бірнеше мәрте аудандық, облыстық комсомол, партия конференцияларына делегат болып, жергілікті кеңестердің депутаттығына сайланды. Ол жетекшілік ететін бастауыш ауыл жастарының атқарған жарқын істері жайлы «Лениншіл жас» газетінің 1977 жылғы 29 қыркүйектегі санында «Дарияның күнгейі мен теріскейінде» атты көлемді очерк жарияланса, 1980 жылы Алматының «Қайнар» баспасынан шыққан «Ақ күрішті ауыл» тақырыбындағы кітапта емен-жарқын әңгімеленеді.
Сондай-ақ әр жылдары жазылған «Гөй-гөй», «Аңсау», «Дәурен-ай», «Ақеркеме», «Желдірме» әндерінің авторы болып табылады.
Ұлағатты жан бірнеше мәрте аудан, облыс, республикалық комсомол комитетінің грамоталарымен, 1978 жылы БЛКЖО Орталық комитетінің құрмет грамотасымен, арнайы төсбелгісімен марапатталған. 1977 жылы үздік комсомол ұйымының жетекшісі ретінде тегін жолдамамен Чехия, Словакия, Польша мемлекеттеріне сапарлап қайтса, 1980 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесі президиумының жарлығымен «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен марапатталды.
Ардақты азаматтың ұстаздық еткен жылдары да табысқа толы. Ақмола облыстық білім департаментінің құрмет грамотасына, 2020 жылы Ақмола облысы әкімінің алғыс хатына ие болған. Ал 2022 жылы ҚР Білім және ғылым министрінің «Еңбек ардагері» медалімен марапатталады.
Бүгінде «Сегіз қырлы, бір сырлы» ағамыз жанжары Қазына Жанахметқызымен 3 қыз, 2 ұл тәрбиелеп өсірген бақытты жандар. 10 немере-жиеннің салиқалы атасы мен әжесі. Балаларының бәрі жоғары білімді. Еліміздің өсіп-өркендеуіне үлесін қосып отырған білікті мамандар.
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕКҚЫЗЫ

















