» » ЕҢБЕКПЕН ӨРІЛГЕН ӨМІР

ЕҢБЕКПЕН ӨРІЛГЕН ӨМІР

Қазақта ардақ тұтар азаматтар көп-ақ. Солардың бірі – отбасының тірегі, әулетінің тұғыры, саналы ғұмырын ауылының өсіп-өркендеуіне арнаған арда азамат Тынымбай Досбатыр ағамыз. Ел арасында «Ауылына қарап, азаматын таны» деген тәмсілді жиі естиміз. Осы дүние біздің Тынымбай ағамызға да дөп келгендей. Олай дейтініміз, әңгімемізге арқау еткелі отырған азамат ауданға қарасты Чапаев ұжымшарында, қазіргі Ақтөбе ауылында дүниеге келіп, осы өңірдің өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан.
Тынымбай Сәденұлы ауылдағы сегізжылдық No109 мектепті аяқтаған соң, әрі қарай No105 орта мектептен орта білім алып шығады. Алғашқы еңбек жолын 1972 жылы ауыл ұжымшарында колхозшы болып бастаған. 1973-1976 жылдары Қызылорда политехникумның «өнеркәсіптік және азаматтық құрылыс» бөлімін бітіріп, Жалағаш ауданы, Аққошқар ауылындағы No27 жылжымалы механикаландырылған құрылыс колоннасында шебер болып, жолдамамен жұмыс істеген. 1976 жылы Чапаев ұжымшарының бастауыш комсомол ұйымына босатылған хатшы, 1977 жылы СОКП қатарына қабылданып, бастауыш партия комитетінің мүшесі, аудандық комсомол комитетінің бюро мүшесі құрамына сайланған.
Ол кезеңде бастауыш комсомол ұйымы 150-ден астам ауыл жастарын біріктіретін, үлкен қоғамдық-саяси ұйым болып табылатын. 1977 жылы колхоз партия комитетінің хатшысы болып білікті, іскерлігімен танылған, жаңашыл жас кадр Жақсылық Жалғасбаев келгеннен бастап жастарға деген жаңаша көзқарас орнығып, тың серпінді жұмыстар қолға алынды, жаңа бастамалар көтерілді. No109 орта мектеп комсомол ұйымы жанындағы «Дән» қозғалысына қатысушылар мен «Жас малшылар» клубы мүшелерімен тығыз байланыста болып, мектеп бітіруші ауыл жастарын еңбекке баулу, отбасылық дәстүрлі еңбек жолы сабақтастығын жаңаша жалғастырып отыруға мән берілді. Солай, 1977-1978 жылдары 62 мектеп бітіруші ауылшаруашылығында қалып еңбек етуге тілек білдірді. Соның нәтижесінде күзгі егін орағы науқаны кезінде шаруашылық сырттан бірде-бір механизатор алмайтын жағдайға жетті. Негізгі өндірістік сала егіншіліктегі диқандар құрамы жастармен толықты.
1977 жылы «Алтын дән», 1979 жылы «Тыңның 25 жылдығы» атындағы күріш өсіруші комсомол жастар бригадалары құрылып, олар алғашқы жылдардың өзінде «Ақтөмпек», «Қаратабан» учаскелерінен ашылған инженерлік жүйеге егілген күріш-алқаптарының әр гектарынан тиісінше 61-65 центнер өнім алуға қол жеткізді. КСРО-ның 60 жылдығына орай «Алтын дән» бригадасының 8 жас мүшесі Польша, Чехословакия елдеріне тегін туристік жолдамамен сапар-саяхатқа барды. Осы жас күрішшілердің бірі Басқымбай Қайырқұлов кейіннен 2015 жылдары жылма-жыл әр гектардан 100-110 центнер өнім алып, «Жахаев» атындағы медаль иегері болып, аудан-облыс жеңімпазы ретінде тегін автокөлік мінді.
Ал «Тыңның 25 жылдығы» бригадасының мүшелері Миуакүл Оспанова, Құндызай Сүйіндікова, Шырынгүл Сыздықова, Меңдігүл Әбуова, Гүлнар Тойымбаева, Бибігүл Әбуовалар кезінде бір-бір жаңа техниканы тізгіндеп, күріш орды, астық бастырды, қырманға астық тасыды. Олардың арасынан сол жылдары аудандық, облыстық Кеңес депутаттары шығып, еселі еңбектерімен ел құрметіне бөленді.
Мирамкүл Нұржақыпова болса облыстық партия комитетінің пленум мүшелігіне сайланып, Бүкілодақтық жарыс жеңімпазы ретінде Ульяновск қаласындағы мемориалды Ескерткіш Қызыл Ту алдында суретке түсу құрметіне ие болды. Ерен еңбегіне сай «Еңбекте үздік шыққаны үшін» медалімен марапатталды.
Сол жылдары бастауыш комсомол комитеті өз есебіндегі еңбек етуші ауыл жастарының есебін нақтылай отырып, олардың мүшелік жарнасының бір бөлігін жыл сайын 29 қазан «Жастар» күніне орай жас еңбек озаттарына мал шаруашылығында «К.Құлназов», механизаторларға «Т.Оспанов», егіншілерге «Б.Бақтыбаев» атындағы жүлде тағайындап, 9 айлық қорытындымен жылдық жоспарын орындаған 2 механизатор, 1 шофер, 1 малшы, 1 күрішшіге жыл сайын тұрақты түрде тапсырып отыруды жүзеге асырдық. Сондай-ақ жастардың бола бермейтін бос уақыттарын көңілді, пайдалы етіп өткізулеріне мән беруге көңіл аударған. Ауыл жастарын міндетті әскери борышын өтеуге шығарып салу, қарсы алу кештері қоғамдық орында өткізіліп, клуб, кітапхана кеңестерімен бірлесіп түрлі тақырыптық пікірталас, би, мерекелік концерт кештері жүйелі, жоспарлы түрде өткізілетін.
Көршілес, әрі өзара жарыстас «Энгельс» ұжымшарында ұйымдастырылған ауыл көркемөнерпаз жастарының алғашқы аудандық сайыста да топ жарған. Сондай-ақ, сол жылдары көктемгі қой төлдеу науқаны кезінде арнайы комсомол қыздар бригадасы жасақталып, Нұрадағы «Көкиық» учаскесіндегі төл алу пунктінде қаракөл қозыларын сою, іреу, елтіріні тұздау жұмыстарын атқаратын.
Ауылдың бұл жетістіктерін тізбектеуіміздің себебі, осы үлкен жеңістің, нәтиженің артында көзге көрінбес еңбек пен іскер ұйымдастырушының тұрғанында. Тынымбай аға өзіне артылған міндетті артығымен орындады десек, артық айтқандық емес. Ел сенімін ерекше жауапкершілікпен ерді елі ұмытпақ емес. Осы атқарған еңбектері үшін 1980 жылы облыс жастар жетекшілері арасында алғашқылардың бірі болып «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен марапатталғанын айта кеткен жөн.
Осы жылы Жосалы совхозында күріш өсіретін өндірістік бригада жетекшісі, 1981 жылы Қазақтың ауылшаруашылық институтының экономика бөлімінде сырттай 3-курста оқитынына байланысты оқу орнының талап-ережесіне сәйкес экономист қызметіне ауысса, 1982 жылдың мамыр айынан 1987 жылғы маусым айына дейін аупарткомның шешімімен Ақжар ауылдық кеңесі атқару комитетінің сайланбалы төрағасы қызметін атқарған. Осы уақытта аупарткомнан Чапаев ұжымшарына бас экономист болуға тапсырма келеді. Бұл ұсынысқа ағамыз қуана келіседі. Себебі туған өлкеге деген шексіз ықылас пен құрмет бар еді. Чапаевқа келген соң 1985 жылдары Целиноградтық (қазіргі Астана) экономист А.Швецтің ауылшаруашылық өндірісін дамытуға арналған жалгерлік-мердігерлік әдісін туған ауылының экономикасын көтеру үшін бейімдеп қолданысқа енгізуге құлшына кіріседі. Салалық бас мамандар мен өндірістік бөлімше, бригадалардың жетекші-басқарушыларымен жылға жуық дайындық, түсіндіру, оқыту жұмыстары қызу жүргізілді. Нәтижесінде шаруашылықтағы 6 егіс бригадасы мен тауарлы сүт фермасы, автопарк, машина трактор жөндеу шеберханасы, құрылыс цехы жұмысты ұйымдастыру мен еңбекке ақы төлеудің қатаң ішкі шаруашылық есепке негізделген жалгерлік-мердігерлік әдісіне көшірілді. Бірер жылдан соң мал бордақылайтын, жұмыртқа бағытындағы тауық өсіретін, балық өсіретін, сондай-ақ омарта ұстап бал өндіретін жеке жалгерлер саны көбейе түсті. Сол уақытта ауыл тұрғындары Ә.Бекентаев, Т.Ниязов, Ө.Сәденов, Қ.Шабақов, О.Күшікбаев, Ә.Аралбаев, Н.Бозановтар осындай жаңашылдық іске алғашқы болып қызығушылық танытты. Осылайша еңбек ұйымдастырудың жалгерлік-мердігерлік әдісі жеке отбасылық жалгерлікке ұласты. Ал ауданда алғашқылардың бірі болып құрылған Ш.Дәужігітовтің отбасылық шаруа қожалығына аупарткомның шешімімен «Жыланды қыр» учаскесінен 120 гектар жер 49 жылға жеке жалдау шартымен беріліп, осы шаруа қожалығы аудан орталығындағы қоғамдық тамақтандыру орындарын шипалы шұбат сусынымен қамтамасыз етіп, түйе шаруашылығын дамыту арқылы алғашқы жыл қорытындысымен «УАЗ-469» көлігін иемденді.
Уақытпен санаспай, ауа райының қолайсыздығына қарамастан, түрлі тұрмыстық қиындықтарға төзе, жеңе жүріп ел игілігі үшін маңдай терін төгіп, білек сыбана адал еңбек етуші ауыл адамдары қай кезде де, құрметпен қошеметке, марапат пен мадаққа әбден лайықты деп ойлаймын. Ол қойын-қолтық қызмет, жұмыс атқарған замандас, жерлес пен әріптестері, қарапайым ел адамдарының көңілдері шат, өмірлері шуақты болуына, сондай сәттеріне дәнекер болуға талпынып отырған.
Осыншама қым-қуыт тіршіліктің ортасында жүрсе де, қолы қалт еткенде қаламды да серік еткен. Өлең-терме, мақала жазып, қоғамдағы түрлі оқиғаға азаматтық үн қосып отырған. 1990-жылдары Аралдың тартылуы, Байқоңыр ғарыш айлағының теріс экологиялық әсері, Жер тағдыры, Тіл тағдыры, Тәуелсіздік мәселелері жайлы өзіндік толғаныстары облыс, республика жұртшылығының қолдауына ие болды.
Сол кездегі «қос тілділік» саясатына қарсылық білдіру мақсатында ауылдан «Қазақ тілі» қоғамының бастауыш ұйымын құрып, белсенді үгіт-насихат жұмыстарын жүргізген. 1990 жылы тамызда ақын, ұстаз, Ұлы Отан соғысының қатысушысы Б.Қасқырбаевтың 85 жылдығын кең көлемде атап өтіп, ауылдан көше атауын беруге қол жеткізген.
Сол жылы қарашада республикаға танымал белгілі жазушы-жерлесіміз Н.Серәлиевтің 60 жылдық мерейтойы бастауыш «Қазақ тілі» қоғамының бастамашы әрі ұйытқы болуымен облыстық деңгейде атап өтіліп, аудан орталығынан бір көшеге, Ақтөбе ауылының орталық көшесіне жазушы есімі берілді.
Облыстық мұрағаттан арнайы дәйек-құжаттар алып, дайындап, әлі көзі тірі қариялардың естелік жазбаларын жинастырып 1991 жылы Чапаев ұжымшарының 60 жылдығы атап өткізілді. Ұжымшар басқармасының, кеңес, кәсіподақ ұйымдарының қолдауына сүйене отырып, мерейтойлық шара барысында ауылдың Ақтөбе атауы қайтарылып, селолық клуб үйінен ауыл мұражайы ашылды. 1992 жылы Молдахмет жыраудың 100 жылдығы аудандық деңгейде аталып өтіп, селолық клуб Молдахмет Дабылұлының атындағы мәдениет үйі болып аталды. Сонан кейінгі жылдары атақты жырау Тұрымбет Салқынбайұлының 125 жылдығы, ауатком төрағасы болған Ізтілеу Мүсірбаев атамыздың 90 жылдығы аталып өтіп, ірілендіріліп құрылған Чапаев ұжымшарының алғашқы төрағасы Ыбырай Сейтеновтің де есімдері ауылдың ортаңғы көшелеріне берілді.
Н.Сералиевтің 60 жылдығына келген жазушылар Қ.Ысқақ пен Қ.Сүйенішевтің ұсынысы бойынша Чапаев ауылында «Қазақ әдебиеті» газетінің Оқырмандар отауы құрылып, оның төрағалығына бастауыш «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Т.Досбатыров сайланған болатын. Сол жылдан бастап ауылда «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі» газетінің оқырмандар саны күрт көбейді. Бірнеше жыл қатарынан осы екі газет пен жаңадан шыға бастаған «Азат» республикалық газетінің ауылдағы оқырмандар саны 50-ден түспей тұрды, яғни ауылдағы әрбір 8 отбасы, осы газеттерге «Қазақ тілі» қоғамының үгіт-насихатымен жазылып отырды. Сондай-ақ «Қазақ әдебиеті», «Сыр бойы» газеттерінде жарияланған «Ке- лер ұрпақ кешірер ме?!», «Қорқыт ата туралы деректер», «Бір үміт пен бір күдік», «Азаттықтың ақ таңы», «Сүйінші, халқым, сүйінші», т.б. публицистикалық әрі мәселелік мақалалар сериясы үшін 1992 жылы облыстық «Сыр бойы» газетінің жыл жүлдегері атанып, ҚР Журналистер одағына мүшелікке қабылданған.
1990-жылдарғы атқарылған осындай қызу да қарқынды қоғамдық, мәдени-көпшілік жұмыстарда Тынымбай ағамызбен бірге Рүстем Аралбаев, Өмірбек Елбосынов, Ғалым Бақтыбаев, Сексенбай Елемесов сынды көптеген озық ойлы, көзі ашық, көкірегі ояу, жас та жігерлі жігіттердің белсенді азаматтық қолдау көмегіне сүйеніп, жастық жігермен ұйымшылдық һәм ауызбіршілікпен жүзеге асырдық. Сол жылдарда ұжымшар төрағасы болған Н.Салықов, ауылдық Кеңес төрағасы М.Аралбаев, кәсіподақ төрайымы, кейіннен алғашқы ауыл әкімі қызметін атқарған М.Тұрбаевалардың да бастауыш «Қазақ тілі» қоғамының жұмысына қолдауы көп болды.
Кейіннен 2004 жылы Ақмола облысына қоныс аударып, Көкшетау жоғары агротехникалық колледжіне арнайы пәндер оқытушысы болып орналасады. Өзі алыста жүрсе де еліне пайдасын тигізуді мақсат тұтқан ағамыз республикалық «Серпін» бағдарламасы бойынша облыс түлектерін көптеп тартуға үлес қосқан.
Қандай қызмет атқарса да, шығармашылықтан алыстамаған ол 2013 жылы алғаш рет ұйымдастырылған республикалық «Текті сөздің төресі – терме» байқауының жүлдегері атанған. 15 жылдық ұстаздық жолында еңбегі еленіп, 2020 жылы Ақмола облысы әкімінің «Алғыс хатын» иеленіп, 2021 жылы «Еңбек ардагері» төсбелгісін тағынған.
Қаламын өміріне серік еткен ағамыздың мақалалар мен өлең-толғаулар жинағы 2014 жылы Көкшетау қаласынан «Қостаған», 2024 жылы Алматы қаласынан «Қосбасар» деген атпен кітап болып жарыққа шыққан.
Кісілік келбеті келіскен, қарапайым болмысымен біршама істің үдесінен шыға білген ағамыздың өмір жолы келер ұрпаққа үлгі боларлықтай. Елі үшін ерінбейтін туған жер перзенті бүгінде жетпістің желкеніне мінді. Өмірлік жары Қазынамен үлгілі перзент тәрбиелеп, олардан тараған немерелерінің қызығын көруде.
Қызметіне адал, қарапайым, болмысынан нағыз қазақылықтың қаймағы кетпеген, ең бастысы елге жанашыр азаматтың өмірі еңбекпен өріліп келеді. Қай кезде болмасын туған өлкесін түлетуге қызмет еткен тұлғалы азаматтың өмір жолы оның адами болмысының биіктігін көрсетсе керек. Ел сенім артқан ерлердің өнегелі ісі – бүгінгі жас ұрпаққа, өрімдей өрендерге үлкен ғибрат.
Сәду ӘЛІБАЕВ
11 қаңтар 2025 ж. 107 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№2 (10370)

10 қаңтар 2025 ж.

№1(10369)

07 қаңтар 2025 ж.

№103 (10368)

31 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 262
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031