Құранды қолмен жазған қазақ
Жақында әлеуметтік желіде желдей ескен жаһан жаңалығы қазақ елін сүйсінтті. Ол отандық қажылық компаниясының президенті, дінтанушы Аманкелді қажы Еренғайыпұлы қасиетті Құран кітабын қолмен жазған әйгілі каллиграф шейх Осман Тоһәнің қазақ екенін айтып сүйіншіледі. Ал шейхтің өзі Мәдина қаласында тұрады.
Бейнебаянды алғаш көргенде дінтанушы Аманкелді қажының «Мына Құран кітапты кім жазғанын білесіздер ме?» деп қойған сауалына іштей «әрине баспадан шыққан» деп өзімізше топшыладық. Өйткені, қасиетті кітапты көрген болсаңыз барлық жазба компьютердің шрифімен жазылғандай. Алайда бұл жауабымыз бұрыс болып шықты. Желі қолданушы өзі де солай ойлағанын айтып, Құрандағы әрбір жазба бір адамның жазған жазуы екенін көрсеткенде таңқалдық. Қолтаңбасына қарап расымен компьютер терген дерсіз. Арабша әріптер тасқа басқандай әдемі көрнекі жазылған. Қасиетті кітаптың соңында Әл Хаттаб Осман Тоһә деп жазып қалдырған. Тіпті оның қазақ екенін, соның ішінде түбі түркістандық екенін жеткізгенде бір марқайдық. Қазір жасы 93-ке келген. Ол араб еліндегі Құран комбинатында қасиетті кітапты 70 тілге және қазақшаға да аударып жазған.
Осман Тоһә араб болып кетсе де, өзінің тегін, тілін ұмытпаған. 1934 жылы Сирияда туып өскен. Анасы араб, бірақ қаны қазақ. Ата-бабалары Қожа Ахмет Яссауидан 150 жыл бұрын көшіп кеткен. 80-жылдары Сауд Арабиясына келіп 3 жыл Құран кітабын өз қолымен жазған. Дінтанушы Аманкелді қажы шейхпен кездескенде ондағы әсерін де бөліскен.
– Шейх Осман Тоһәнің үйіне кірген кезде араб тілінде амандасып, сол тілде сөйлесем, ол «Құдайға шүкір, жақсымын» деп қазақша жауап берді. Өзіміз түсінбей қалдық. Ол кісі бізді көріп, бабасын көргендей болыпты, яғни «Менің бабамның түрі сендерден аумайтын» деп бір қуанды. Мен бұл кісіні 2010 жылы Қасиетті қағбаға кірген кезде көрдім, бірақ кім екенін білмеймін. Жұрттың бәрі амандасып, қолын сүйіп жатты. Мен де амандасып өтіп кеттім. Кейін 10 жылдан соң бір арабтың видеосынан Осман Тоһәнің Құранды қолмен жазғаны туралы көрдім. Сол кезде түсініп, мен де неге қолынан сүймедім деп өкіндім. Осы жолғы сапарымызда онымен жолығу бұйырды. Үйіне барып зиярат еттік. Ең бастысы ол кісінің өзіміздің қандас, негізі қазақ болып шыққаны қатты қуантты, – дейді ол.
Ерсін ӘЛІБАЙ