«МЕКТЕПКЕ ЖОЛ» АКЦИЯСЫ АЯСЫНДА АУДАН ОҚУШЫЛАРЫНА ҚОЛДАУ КӨРСЕТІЛДІ
Жаңа оқу жылы қарсаңында әлеуметтік осал санаттағы балаларға қолдау көрсету мақсатында дәстүрлі «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы аудан көлемінде жалғасуда.
Аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес бүгін аудан орталығындағы «Адина» сауда үйінде «Мектепке жол» акциясы ұйымдастырылды. Жәрмеңкеде мектеп киімдері, оқу құралдары, сөмкелер мен аяқ киімдер нарықтағы бағадан 10 пайызға төмен ұсынылды.
Сонымен қатар аудан әкімінің орынбасары Шыңғыс Сыдықов акцияға белсенді қолдау көрсетіп, әлеуметтік жауапкершілік танытқан «Адина» сауда үйінің иесі, жеке кәсіпкер Нағима Тоқсанбаеваға аудан әкімінің «Алғыс хатын» табыстады.
Айта кетсек биыл «Жалпыға міндетті білім беру қоры» аясында аудан бойынша әлеуметтік осал санаттағы 3304 балаға мектеп формасы мен оқу құралдарын сатып алуға арналған біржолғы материалдық көмек қарастырылған. Әр балаға 50 851 теңгеден, жалпы 168 млн теңге аударылуда.
Бұдан бөлек демеушілердің қолдауымен 60 балаға 2,4 млн теңге көлемінде, ал білім беру мекемелері тарапынан 148 оқушыға 1,591 млн теңге көлемінде көмек көрсетілді. Сондай-ақ кәсіподақ ұйымдары білім қызметкерлерінің 80 баласына оқу құралдарын алуға 1,88 млн теңге бөлді.
Қармақшы ауданы әкімінің баспасөз қызметі

















