«МЕКТЕПКЕ ЖОЛ» АКЦИЯСЫ: ОТБАСЫН ҚОЛДАУ, БАЛАҒА ҚАМҚОРЛЫҚ
Жыл сайын дәстүрге айналған «Мектепке жол» республикалық акциясы мектеп оқушыларының кедергісіз білім алуына бағытталған игі шара. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің тапсырмасы бойынша «Қазақстан – 2050» Стратегиясында балалардың өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі жаңа әлеуметтік саясатты іске асыру мақсатында қолға алынған жоба жыл сайын ұйымдастырылып келеді.
Бұл акцияның басты мақсаты – аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған оқушыларға жаңа оқу жылына дайындық кезеңінде және әлеуметтік себептер бойынша балалардың мектепке бармауының алдын алу үшін материалдық және басқа да көмек көрсету. Акция аясында халқымыздың салт-дәстүрін қастерлеу, үлкенге – құрмет, кішіге – ізет көрсету, жас ұрпақ бойына рухани адамгершілік дәндерін себуге бағытталған шаралар жүргізіледі. Халқымызға тән ұлттық ерекшеліктерді, мейірімділік, қайырымдылық, әділдік сынды ең асыл қасиеттерді насихаттау кеңінен өріс алады. Осы орайда жаңа оқу жылының басталуына байланысты ауданда да әлеуметтік жағынан осал отбасылардан шыққан балаларға қолдау көрсету мақсатында кең көлемді жұмыстар жүргізілуде. Соның аясында аудан орталығында дәстүрлі «Мектепке жол» республикалық акциясы ұйымдастырылды. Іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Самат Смағұлов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков және жергілікті кәсіпкер Рабиға Балғабаева қатысып, жиналған жұртшылыққа ізгі тілектерін жеткізді.
Биылғы жылы «Мектепке жол» акциясы аясында аудан көлемінде 277 балаға оқу жылына қажетті құралжабдықтар алуына көмек көрсетілді. Сонымен қатар мемлекеттік қолдау шеңберінде жалпы білім беру қорынан мектепке дайындық үшін 3143 балаға қаржылай көмек көрсетілді. Әр балаға 46228 теңге мөлшерінде бөлінген бұл қаражат ата-аналарға балаларын мектепке дайындау үшін қажетті тауарларды сатып алуға мүмкіндік берді.
Бұдан бөлек, акцияда «AMANAT» партиясының аудандық филиалы 60 балаға көмек қолын созса, Қазақстан «Халық Банкі» АҚ Байқоңыр өңірлік филиалы Қармақшы аудандық №4 дербес сервис орталығы да 60 балаға оқу құралдарына көмек көрсетуді жоспарлап отыр. Жаңа оқу жылының қарсаңындағы мұндай игі бастамалар елімізде дарынды, білімді, алғыр, дені сау ұрпақтың өсуіне ұйытқы болмақ.
«ҚТ» ақпарат