РУХ ПЕН ЖІГЕР МЕКТЕБІ
Жыл сайын тамыз айында елімізде спорт күні аталып өтеді. Бұл – салауатты өмір салтын насихаттап, спорт саласының дамуына үлес қосып жүрген жаттықтырушыларға, дене шынықтыру мұғалімдеріне, спорт ардагерлеріне және түрлі деңгейдегі жарыста ел намысын қорғап жүрген спортшыларға көрсетілетін құрметтің белгісі. Спорт күні – кәсіби спортшыларға ғана қатысты емес, ол денсаулығын күтіп, белсенді өмір салтын ұстанатын әрбір азаматтың мерекесі.
Қазіргі таңда спорт – ұлт денсаулығын нығайтудың, жастарды тәрбиелеудің және қоғамның бірлігін арттырудың маңызды тетігінің бірі. Денсаулығы мықты ұлт қана бәсекеге қабілетті мемлекет құра алады. Сондықтан елімізде бұқаралық спортты дамытуға, халықтың дене шынықтырумен тұрақты айналысуына ерекше көңіл бөлінуде.
Спорт адам бойында табандылық, төзімділік, жауапкершілік, тәртіп және мақсатқа ұмтылу сияқты қасиетті қалыптастырады. Әсіресе жас ұрпақтың бойына осы құндылықтарды сіңіруде спорттың орны ерекше. Бүгінгі оқушы – ертеңгі елдің тірегі. Сондықтан балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып, оларды спорт секцияларына тарту – маңызды міндеттің бірі. Қазақстан спортшылары тәуелсіздік жылдарында әлемдік ареналарда талай мәрте көк Туымызды желбіретіп, Әнұранымызды көкте әуелетті. Олимпиада, Азия ойындары, әлем чемпионаттары мен халықаралық турнирлерде қол жеткізілген жеңістер – халқымыздың мақтанышы. Бұл жетістіктер жастарды жаңа белеске жетелеп, спортпен тұрақты айналысуға ынталандырады.
Соңғы жылдары еліміздің барлық өңірінде заманауи спорт кешені, дене шынықтыру-сауықтыру орталықтары, футбол және воркаут алаңдары салынып, тұрғындардың спортпен шұғылдануына қолайлы жағдай жасалуда. Ауылдық жерлерде де спорт инфрақұрылымын дамытуға басымдық беріліп келеді. Мұның барлығы – халықтың өмір сапасын жақсартуға бағытталған маңызды қадамдар.
Мектептерде дене шынықтыру сабақтарының сапасын арттыру, оқушылар арасында түрлі спорттық жарыс ұйымдастыру, ұлттық спорт түрлерін кеңінен насихаттау – жас ұрпақтың жан-жақты дамуына ықпал етеді. Қазақ халқының көкпар, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, асық ату, бәйге сияқты ұлттық спорт түрлері ұлттың рухани мұрасын сақтап, ұлттық құндылықты дәріптеуде ерекше рөл атқарады. Спорт денені шынықтырумен қатар адамның рухын көтереді, өзіне деген сенімділігін арттырады. Күнделікті серуендеу, жүгіру, велосипед тебу, жүзу немесе қарапайым дене жаттығуларының өзі денсаулықты нығайтып, көптеген аурудың алдын алады. Сондықтан спортты өмір салтына айналдыру – әр адамның өз қолында.
Спорт күні – жетістіктерді саралап, алдағы мақсаттарды айқындайтын мереке. Бұл күні спорт саласының мамандарына алғыс айтылып, үздік спортшылар марапатталады, түрлі жарыстар мен бұқаралық ісшаралар өткізіледі. Мұндай шаралар халықтың спортқа деген қызығушылығын арттырып, салауатты өмір салтын кеңінен насихаттауға мүмкіндік береді.
Жазушы Ғ.Мүсірепов: «Дұрыс жолға қойылған дене шынықтыру ойындары оқу-білім алуға бөгет емес, қайта бойды сергітіп, ойына жәрдем ететін нәрсе» деген екен. Сондықтан әрбір азамат денсаулығына жауапкершілікпен қарап, спортты күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналдыруы тиіс.
Еліміздің көк байрағын әлемдік ареналарда асқақтатып жүрген спортшыларымыздың жеңісі көбейе берсін! Әр шаңыраққа мықты денсаулық, қажымас қайрат, сергектік пен жаңа жетістіктер тілейміз. Өйткені спорт – денсаулықтың кепілі ғана емес, жарқын болашақтың да берік негізі.
Лаура ҒАЛЫМҚЫЗЫ
















