ЖАСТАРМЕН БІРГЕ ЖАРҚЫН КЕШ
Жастар – елдің ертеңін айқындайтын белсенді буын. Осы орайда Халықаралық жастар күніне арналған мерекелік шаралар ауданымызда да жалғасын тауып, Жосалы кентінің орталық алаңында жастарға арналған «Жастармен бірге» атты Open Air форматындағы көңілді кеш өтті. Ашық аспан астындағы мерекелік кеш аудан жастарының басын қосып, өнер мен ойын-сауықты, тағылым мен еркін форматтағы кездесуді тоғыстырды. Шара барысында аудан әкімінің орынбасары Диас Молдабаев жастарды мерекемен құттықтап, олардың аудан өміріндегі орнына тоқталды.
– Жастар – қай кезеңде болсын қоғамның тірегі. Бүгінде ауданда 15 мыңнан астам жас бар. Олардың бастамаларын қолдау мақсатында соңғы үш жылда аудан бюджетінен 30-дан астам грант бөлініп, өз жобаларын жүзеге асыруға мүмкіндік жасалды. Сонымен қатар волонтерлік және қайырымдылық бастамаларға белсенді араласатын жастардың қатары артып келеді. Білімге ұмтылған жастардың жетістігі де – аудан мақтанышы. Биыл аудан білім сапасы бойынша облыста алдыңғы орыннан көрініп, 137 баллға қол жеткізді. Құрметті жас достар! Туған жердің дамуына үлес қосып, биік белестен көріне беріңіздер, – деді аудан әкімінің орынбасары.
Кештің көркін танымал әнші Бекзат Молдабергенов қыздырып, көпшілікке өз репертуарындағы әндерін ұсынды. Әуезді әндер мен көтеріңкі көңіл-күй жастардың мерекелік кештен ерекше әсер алуына себеп болды. Шара барысында ауданның қоғамдық өміріне белсенді араласқан бірқатар жасқа аудан әкімінің алғыс хаты табысталды. Бұл – ел игілігі жолында еңбектеніп жүрген жастарға көрсетілген қолдаудың бір көрінісі. Мерекелік кеш тек концертпен шектелмей, жастардың белсенділігін арттыратын түрлі танымдық сұрақтар мен қызықты ойындарға ұласты. Көрермендер де шараға белсене қатысып, өз білімдері мен тапқырлықтарын ортаға салды. Белсенділік танытқан қатысушыларға арнайы сыйлықтар тапсырылды. Кеште Қармақшының өнерлі жастары да сахна төрінен көрініп, музыкалық шығармаларын орындады. Жергілікті өнерпаздардың өнері мерекелік бағдарламаның мазмұнын байытып, туған жердің талантты жастарының көп екенін тағы бір аңғартты. Жастар күніне орай ұйымдастырылған бұл кеш аудан жастарына жақсы көңіл-күй сыйлап қана қоймай, олардың басын қосып, шығармашылық қабілетін танытуға, өзара еркін қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік берді. Ашық аспан астындағы әсем кеш осылайша ән мен әзілге, ойын мен жақсы көңіл-күйге толы өтіп, жастар мерекесін есте қаларлықтай деңгейде атап өтуге жол ашты.
«ҚТ» ақпарат

















