«ЖАСТАРМЕН БІРГЕ»: ҚАРМАҚШЫ ЖАСТАРЫМЕН КӨҢІЛДІ КЕШ ӨТТІ
Аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес бүгін Жосалы кентінің орталық алаңында Халықаралық жастар күніне орай «Жастармен бірге» атты Open Air форматындағы мерекелік концерт ұйымдастырылды.
Кеш барысында аудан әкімінің орынбасары Диас Молдабаев жастарды мерекемен құттықтап:
«Жастар – қай кезеңде болмасын қоғамның тірегі. Бүгінде Қармақшы ауданында 15 мыңнан астам жас бар. Олардың бастамаларын қолдау мақсатында 3 жылда аудан бюджетінен 30-дан астам грант бөлініп, жобаларын жүзеге асыруына мүмкіндік жасалды. Сонымен қатар волонтерлік және қайырымдылық бастамаларға белсенді араласатын жастардың қатары артып келеді. Білімге ұмтылған жастардың жетістігі де аудан мақтанышы. Биыл Қармақшы ауданы білім сапасы бойынша облыста алдыңғы орыннан көрініп, 137 баллға қол жеткізді. Құрметті жас достар! Туған жердің дамуына үлес қосып, биік белестерден көріне беріңіздер,- деп кәсіби мерекемен құттықтады.
Кештің ерекше қонағы, танымал әнші Бекзат Молдабергенов өзінің әндерін орындап, жастарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Мерекелік бағдарлама барысында ауданның белсенді жастарына аудан әкімінің «Алғыс хаты» да табысталды.
Тағылымды концерт ерекше өтуі үшін кеш қонақтары мен көрермендерге түрлі танымдық сұрақтар мен қызықты ойындар ұйымдастырылып, белсенді қатысушыларға арнайы сыйлықтар табысталды.
Кеш барысында Қармақшының өнерпаз жастары да өз өнерлерін көрсетіп, түрлі музыкалық шығармаларын орындады.
Айта кетсек биыл «Жасыл ел» еңбек жасақтары арқылы 110 жас маусымдық жұмыспен қамтылды. Ал жастарға қолайлы орта қалыптастыру мақсатында «Руханият» орталығында Жастар орталығы жұмыс істеп келеді. Сондай-ақ жақында «IT Park Qarmaqshy» филиалы ашылып, жастарға заманауи цифрлық бағыттарды тегін меңгеруге жол ашылды.
Қармақшы ауданы әкімінің баспасөз қызметі

















