БАУ-БАҚШАСЫ ЖАЙҚАЛҒАН
Туған жердің топырағына табаны тиген әр азаматтың ауылмен байланысы әртүрлі қалыптасады. Бірі еңбекпен, бірі кәсібімен, енді бірі елге жасаған қарапайым қызметімен ауыл өмірінің бір бөлшегіне айналады. Ал кейбір жандар үшін ауыл – тек туған жер емес, тұтас өмірінің мәні. Бақытбек Орныққанұлы Қазиевтің де бар ғұмыры Төребай би ауылымен біте қайнасып келеді. Еңбек жолының әр кезеңінде түрлі салада қызмет атқарған ол бүгінде туған жерінде бау-бақша өсіріп, мал бағып, кейінгі ұрпаққа жасыл желек қалдыруды өмірлік ұстанымына айналдырған.
Бақытбек Орныққанұлы Төребай би ауылында дүниеге келіп, осында сегіз жылдық мектепті тәмамдаған. Мектеп қабырғасынан кейін сол кездегі ауылшаруашылығы саласына қажетті мамандықты игеруді мақсат етіп, 1976 жылы қазіргі Қармақшы аграрлы-техникалық колледжінде білім алып, ауылшаруашылығы мамандығын меңгеріп шығады.
Жастық шағының келесі кезеңі әскер қатарында өтті. Әскери борышын өтеуге Украинадағы Шепетовка қаласына аттанып, училищеде дайындықтан өтеді. Кейін қызмет бабымен Сібірге, Томск қаласына ауыстырылады. Елден жырақта жүріп әскери өмірдің тәртібін көріп, түрлі ортада шыңдалады. 1981 жылы елге аман-есен оралып, туған ауылының тіршілігіне қайта араласады. Ауылға келгеннен кейін еңбек жолын трактор тізгіндеп бастайды. Техника тілін жақсы меңгеріп, дала жұмыстарында тер төгеді. Ол кезде ауылдың бар тіршілігі егін мен малға, жер мен техникаға байланысты болатын. Таңның атысынан кештің батысына дейін далада жүріп, шаруашылықтың ауыр жұмысын атқарған жылдар Бақытбектің еңбекке деген көзқарасын қалыптастырды. Білімін әрі қарай жетілдіруді де назардан тыс қалдырмайды. 1985 жылы Қызылорда қаласындағы политехникумға оқуға түсіп, таңдаған бағыты бойынша білімін толықтырады. Араға үш жыл салып, 1988 жылы оқуын аяқтап, туған ауылына қайта оралады. Бұл жолы ол ауылда бригадир болып еңбек етеді. Қол астындағы жұмысты ұйымдастыру, шаруаның жайын білу, адамдармен тіл табысу – бригадирге артылатын үлкен жауапкершілік. Бақытбек Орныққанұлы бұл міндетті де абыроймен атқарады. 1997 жылы оған жеке «ЗИЛ» жүк көлігі табысталып, ауылға қызмет етуге кіріседі. Ауыр көлікпен елдің қажетіне жарап, ауылдың күнделікті тіршілігіне қажетті жұмыстарды атқарады. Ол кезеңде техникасы бар азаматтың ауыл үшін атқаратын қызметі аз емес еді. Құрылысқа қажетті заттарды тасу, шаруашылық жұмыстарына көмектесу, елдің қажетіне жарау – бәрі де осындай азаматтардың мойнында болатын.
2005 жылы еңбек жолын Байқоңыр қаласында жалғастырып, қалалық су мекемесінде бас күзетші болып жұмысқа орналасады. Он жыл бойы осы қызметті атқарып, жауапкершілік пен тәртіпті талап ететін жұмыста еңбек етеді. Алайда қай жерде жүрсе де, оның ойы туған ауылынан алыстаған емес. Жұмыс бабымен қалада жүргенімен, ауылдың тыныстіршілігіне араласуын тоқтатпайды.
Бүгінде Бақытбек ағаның негізгі тіршілігі – туған ауылында. Өзінің айтуынша, ауылда уақыттың қалай өтетінін де байқамай қаласың. Мал бар, бау-бақша бар, күнделікті шаруа бар. Таңертең тұрып, малды қарайсың, бақшаға көңіл бөлесің. Бір қарағанда қарапайым көрінгенімен, ауылдың өз тіршілігі адамды үнемі еңбекке жетелейді.
– Ауылда тіршілікпен қолың тимейді. Бау-бақша күтеді, малың бар. Сиыр, қой ұстаймыз. Бақшамызда жеміс ағаштарының талай түрі өседі. Өзіміз үшін ғана емес, бала-шаға, немерелеріміз қызығын көрсін деп егеміз, – дейді Бақытбек аға.
Оның ауласындағы бау-бақшада, бір ғана жеміс түрімен шектелмеген. Алма мен алмұрт, айва мен өрік, шабдалы мен қараөрік, жүзім мен шие, мәуе мен жаңғақ секілді жеміс ағаштарының түр-түрі жайқалып тұр. Ал көкөністерден қияр мен қызанақ егіледі. Әрқайсысына маусымына қарай күтім қажет. Бірі суаруды, бірі бұтағын реттеуді, бірі топырағын қопсытуды қажет етеді. Бау-бақша өсіру – бір күнде нәтиже беретін жұмыс емес. Бүгін отырғызған көшетіңнің жеміс бергенін көру үшін жылдар керек. Сондықтан бұл істің түбінде төзім мен еңбек жатыр. Бақытбек аға да осыны жақсы түсінеді. Көшет отырғызып, оны баптап, жемісін көрудің өзі адамға ерекше қуаныш сыйлайтынын айтады.
– Бау-бақшаны өзіміз үшін егеміз. Балаларымыз, немерелеріміз қызығын көрсін деп. «Артыңда дүние қалмаса да, тал қалсын» деген сөз бар ғой. Адамның артында бір талдың қалуының өзі жақсы нәрсе. Ертең сол талдың көлеңкесінде біреу отырады, жемісін біреу жейді, – дейді ол.
Бақытбек ағаның бұл сөзі оның бау-бақшаға деген көзқарасын аңғартады. Ол үшін көшет отырғызу – жай ғана шаруашылық емес, ұрпаққа қалатын аманат. Адамның ғұмыры шектеулі болғанымен, еккен ағашы ұзақ жылдар бойы өсіп, кейінгі буынға қызмет етуі мүмкін. Сондықтан ол өз ауласындағы жеміс ағаштарын ұлдарына, немерелеріне қалатын мұра деп есептейді.
Бұл еңбектің тағы бір ерекшелігі – Бақытбек аға өз тәжірибесін ауыл тұрғындарымен бөліседі. Оның айтуынша, ауыл адамдары одан көшет алып, өз аулаларына отырғызып жүр. Біреу алма көшетін сұрайды, енді бірі жүзім немесе басқа жеміс ағашының көшетін алады. Осылайша бір ауладан басталған жасыл желек біртіндеп ауылдың басқа аулаларына да тарайды.
Мал шаруашылығы да оның күнделікті тіршілігінің бір бөлігі. Сиыр мен қой ұстап, ауыл жағдайына сай шаруасын жүргізіп келеді. Үш жыл малмен арнайы айналысқан кезі де болған. Мал бағу да оңай жұмыс емес. Қысқы жем-шөбін дайындау, жазғы күтімін жасау, қора-қопсысын реттеу – бәрі де тұрақты еңбекті қажет етеді. Бірақ ауылда өскен адам үшін мұндай тірлік жат емес. Бақытбек ағаның өмірі, оның әр кезеңі еңбекпен сабақтасып жатыр. Жастық шағында трактор жүргізді, кейін білімін жетілдіріп, бригадир болды, ауыр көлік тізгіндеп ауылға қызмет етті. Байқоңырда он жыл бойы жауапты қызмет атқарды. Қазір болса, туған жерінде малын бағып, бау-бақшасын күтіп, ауылдастарының көшет алуына жағдай жасап отыр.
Ағамыз Гүлмира Құрманайқызымен 1988 жылы шаңырақ көтереді. Жары педагогикалық институтта шет тілі мамандығын бітірген. Екеуі отбасын құрып, өмірдің ыстығы мен суығын бірге өткерді. Бүгінде екі ұлы – Айболат пен Нұржігіт отбасылы. Балаларының алды шаңырақ көтеріп, әке-шеше қуанышын еселеп отыр.
Отбасының берекесі де ауылдағы қарапайым тіршілікпен астасып жатыр. Балаларының қызығын көріп, немерелерінің ортасында жүрген Бақытбек аға үшін ең үлкен байлық – осы. Ал ауласындағы жайқалған бақ сол ұрпақтың бас қосатын, жемісін теріп жейтін, жаздың ыстығында саялайтын орнына айналған. Адам өмірінде түрлі қызмет, түрлі кезең болады. Бірақ туған жерге сіңген еңбек пен елге тиген пайда ұмытылмайды. Бақытбек Орныққанұлының өмір жолы да осыны көрсетеді. Ол үлкен қызметтер атқарып, атақ қуғаннан гөрі, өзіне тиесілі істі адал атқаруды басты орынға қойған азамат. Бүгінде оның ауласындағы әрбір ағаштың өз тарихы бар. Бірі жылдар бұрын отырғызылса, енді бірі кейінгі уақытта тамыр жайған. Жыл өткен сайын бұтақтары жайылып, жемісі көбеюде. Бәлкім, осы бақтың ең үлкен мәні де осында шығар. Адам өзі отырғызған ағаштың толық жемісін көрмеуі мүмкін, бірақ оның жемісін келесі ұрпақ көреді.
Қазақта «Бір тал кессең, он тал ек» деген ұлағатты сөз бар. Ал Бақытбек ағаның өмірлік ұстанымы осы сөзбен үндеседі. Ол үшін бақ өсіру – тек өз отбасының қажеті емес, туған ауылдың көркеюіне қосылған үлес. Бүгінде ауыл тұрғындарының одан көшет алып, өз аулаларына отырғызуы – еңбегінің нәтижесі. Ауылдың көркеюі әрдайым үлкен жобалардан басталмайды. Кейде бір адамның ауласына отырғызған бір талынан басталады. Сол бір тал көбейіп, бір үйдің ауласынан екінші үйге, бір көшеден екінші көшеге тараса, тұтас ауылдың келбеті өзгереді. Бақытбек ағаның жасап жүрген ісінің қадірі де осында.
Ол бүгінде еңбекпен өткен өміріне қарап, жасаған ісіне өкініш білдірмейді. Өйткені артында отбасы, бала-шағасы ғана емес, өзі отырғызған талдары, өсірген жеміс ағаштары, ауылдастарына берген көшеттері де қалмақ. Бұл – көзге көрінбейтін, бірақ жылдар өткен сайын мәні арта түсетін мұра. Туған ауылдың топырағында өсіп, бар ғұмырын еңбекпен өткізген Бақытбек Орныққанұлының өмір жолы бір қарағанда қарапайым көрінуі мүмкін. Бірақ оның әр кезеңінен ауыл адамына тән еңбекқорлық, төзім, жауапкершілік пен туған жерге деген сүйіспеншілік аңғарылады. Трактордың тізгінінен бастап, ауыр көліктің рөліне дейін ұстаған қолы бүгінде көшет отырғызып, бақ баптап жүр.
Мүмкін, адамның артында қалатын ең қымбат дүние де осы шығар. Байлықтың бәрі бір күні қолданыстан шығады, дүниемүлік біреуге қалады. Ал отырғызылған тал өсіп, тамырын тереңге жая береді. Оның саясында кейінгі ұрпақ тыныстайды, жемісінен дәм татады. Бақытбек ағаның «артыңда тал қалсын» деген қарапайым сөзі осындай үлкен мағынаны аңғартады. Туған жерінде тамыр жайып, өз еңбегімен ауыл тіршілігіне араласқан азаматтың өмірі де осылай жалғасып келеді. Бақтағы әрбір көшет – бүгінгі еңбектің ғана емес, ертеңгі күнге деген сенімнің белгісі. Ең бастысы, ол сол талдарды өзінен кейінгі ұрпақ үшін отырғызуда. Ал мұндай еңбектің жемісі бір адамның ауласымен шектелмей, тұтас ауылға тараса, оның қадірі одан сайын арта түсетіні анық.
Бауыржан ЖҮНІС

















