Қоғамдық тұрақтылықты сақтау бағытында атқарылған жұмыстар талқыланды

Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаев Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлын қабылдады.
Кездесуде өңірдегі қоғамдық тұрақтылықты сақтау және діни ахуалды одан әрі жақсарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар талқыланды.
«Сыр өңірі – тарихы терең, қазақы болмысы сақталған қасиетті өлке. Бүгінде елімізге адал қызмет етіп жүрген дін қызметкерлерінің нәтижелі жұмысының арқасында аймақтағы діни ахуал тұрақты.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында өңірде небәрі 14 мешіт болса, бүгінде олардың саны 195-ке жетіп, тұрғындардың игілігіне қызмет етуде. Бұдан бөлек, облыста 6 мешіттің құрылысы жүргізілуде. Олардың үшеуі бір мезетте 1000-ға жуық адамды қабылдай алады.
Кәсіпкерлердің демеушілігімен бой көтеріп, бүгін ресми түрде ашылған Тасбөгет кентіндегі мешіт те осы қатарда. Сонымен бірге Арал мен Байқоңыр қалаларында салынып жатқан екі ғибадат үйі де жуық арада ел игілігіне берілмек.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы өскелең ұрпақтың рухани тәрбиесіне ерекше мән беріп келеді. Бүгінде өкілдік қызметкерлерінің басым бөлігі – жас әрі жоғары білімді мамандар. Бұл – аймақ жастарының сапалы әрі дұрыс діни ақпарат алуға деген сұранысының артып келе жатқанын көрсетеді.
Бүгінде әкімдік пен құқық қорғау органдарының қызметкерлері «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында қала, аудан және шалғай елді мекендердегі тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүргізеді. Жат ағымдардың алдын алу және олармен күресуде тиісті шаралар ұйымдастырады.
Бұл жұмыстарды одан әрі жандандыруда Сіздердің қолдауларыңыздың маңызы зор.
Екі тараптың бірлескен оң бастамалары қоғамдық тұрақтылықты нығайтып, егемен еліміздің бірлігі мен тұтастығын сақтауға берік негіз болады деп сенемін», – деді аймақ басшысы.
Өз кезегінде Бас мүфти діни тұрақтылықты сақтаудағы жұмыстарға оң бағасын беріп, бірлескен бастамалар үшін ризашылығын білдірді.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
















