«ҰЛЫ ХАЛЫҚТЫҢ – ҰЛЫ АБАЙЫ»
Ұлы ақын, ойшыл, ағартушы Абай Құнанбайұлының рухани мұрасын ұлықтау - баршамыздың ортақ міндетіміз. Осы мақсатта 2020 жылы Үкімет қаулысымен 10 тамыз атаулы күн ретінде бекітілді. Биыл ағартушы әрі композитордың туғанына 181 жыл толып отыр. Осы бағытта бүгін «Руханият» орталығында Абай күніне орай «Ұлы халықтың – Ұлы Абайы» атты әдеби-сазды кеш өтті.
Кездесу барысында ақынның өмірі мен шығармашылығы, оның қазақ әдебиеті мен мәдениетіне қосқан өлшеусіз үлесін көрсету мақсатында кітап көрмесі таныстырылды.
Аудан әкімінің тікелей тапсырмасына сәйкес ұйымдастырылған іс-шараның ашылуында аудан әкімінің орынбасары Диас Молдабаев сөз сөйлеп, атаулы күнмен құттықтады.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Абайды әлемдік деңгейдегі кемеңгер тұлға, қазақтың жан-дүниесінің тұңғиығына бойлаған дара ойшыл ретінде бағалап, оның өлеңдері мен қара сөздері ұлттық болмысымыздың айнасы екенін атап өткен болатын. Бүгінде Президентіміздің бастамасымен Абайдың өнегесі мен өсиетін дәріптеу жұмыстарына ерекше мән беріліп келеді. Абай мұрасы – тек өткеннің емес, бүгін мен болашақтың да шамшырағы. Сондықтан Ұлы ақынның рухани ілімі халқымыздың санасын серпілтіп, Абай рухы әрдайым биікте болсын», – деді.
Былтыр аудан көлемінде Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойы кең көлемде атап өтілді. Сондықтан Диас Асылбекұлы Ұлы ақынның тағылымын кейінгі ұрпаққа жеткізу, оның шығармаларын насихаттау бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді.
Кеш барысында Ұлы ойшылдың шығармалары мен өлеңдері орындалса, әндерінен попурри де шырқалды.
Әдеби кеште аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков, қоғамдық кеңесінің төрағасы Әбдірахман Құлдүйсенов сөз сөйлеп, Ұлы ақынның білім мен ғылымға, адал еңбекке, адамгершілік пен елдікке үндеген тағылымды ойлары ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса беретінін жеткізді.
Қармақшы ауданы әкімінің баспасөз қызметі

















