Құрылтай
» » ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ҰЛЫ ҰСТАЗЫ

ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ҰЛЫ ҰСТАЗЫ

Адамзат тарихында өз халқының өркениеттілік деңгейін анықтап, рухани бағыт-бағдарын айқындап берген дара тұлғалар болады. Қазақ халқы үшін сондай бірегей тұлға, ақыл-ойдың биігі мен данышпандықтың дара шыңы – Абай Құнанбайұлы. Жыл сайын 10 тамызда аталып өтетін Абай күні – ұлттық сананы жаңғырту, данышпан мұрасына тағы бір мәрте үңіліп, болашаққа бағдар жасау күні.
2020 жылдан бастап жыл сайын Абай күні аталып өтеді. Бұл мереке қазақтың ұлы ақыны, кемеңгер ойшылы, ағартушысы, композиторы, қазақтың жаңа жазба әдебиетінің негізін қалаушы Абай Құнанбайұлының рухани мұрасын ұлықтап, жаңа дәуір тұрғысынан қарау қажеттігінен туындап отыр. Аталмыш мереке – ұлттық ұлы тұлғасын дәріптеумен қатар халқымыздың рухани жаңғыруына, мәдени дамуына, білім мен ғылымға деген құрметтің белгісі.
Абай феномені – уақытпен өлшенбейтін, ғасырлар бойы құнын жоғалтпайтын ұлы құбылыс. Оның шығармалары мен қара сөздері қазақ қоғамының өткені мен бүгініне, болашағына бағыт-бағдар беретін өмірлік қағидаға толы. Сондықтан Абай мұрасы әдеби шығарма ретінде ғана емес, ұлттық философия, тәлім-тәрбие, адамгершілік мектебі тұрғысынан да бағаланады.
Абай Құнанбайұлы халықтың мінезін түзегісі келді, білімге жетеледі, өнер мен ғылымға шақырды. Ақын шығармаларының басты ерекшелігі – олардың өміршеңдігі. Ол көтерген мәселелердің басым көпшілігі бүгінгі күні де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Қазақтың бас ақыны адам баласының бойындағы бес дұшпанды, яғни жалқаулықты, надандықты, мақтаншақтықты, өсек пен өтірікті сынады. Адамның адамдық белгісін танытатын істерді: еңбекқорлықты, білімділікті, әділдікті, адамгершілікті жоғары қойды.
XIX ғасырдың екінші жартысында қазақ қоғамы күрделі тарихи кезеңді бастан өткерді. Елдің әлеуметтік жағдайы, рулық тартыстар, халықтың дамуына үлкен кедергі болды. Осындай жағдайда Абай халықтың болашағы білімде екенін терең түсінді.
Ол жастарды ғылым үйренуге, бірнеше тіл білуге, дүниежүзілік мәдениетті меңгеруге шақырды. Абайдың өзі шығыс әдебиетін де, орыс әдебиетін де терең игерді. Пушкин, Лермонтов, Крылов, Гете сынды әлем әдебиетінің алыптарын қазақ оқырманына таныстырды. Бұл қазақ әдебиетінің көкжиегін кеңейткен тарихи қадам болды. Абайдың ағартушылық идеялары бүгінгі білім беру жүйесімен үндеседі. Қазіргі заманның басты талабы – үздіксіз білім алу, өзін-өзі дамыту, жаңашылдыққа ұмтылу. Бұл қағидалардың бәрі Абай еңбектерінде кеңінен көрініс тапқан.
Абайдың шығармашылық мұрасындағы ерекше орын алатын еңбегі – оның қырық бес қарасөзі. Бұл шығармалар қазақ философиясының алтын қорына енген туындылар ретінде бағаланады. Ақын қарасөздерінде адам тәрбиесі, қоғам, білім, дін, еңбек, әділдік, ұлттық мінез, адамгершілік мәселелерін кеңінен талдайды.
Бүгінгі таңда ұлттық бірегейлікті сақтау мәселесі ерекше өзекті. Осы тұрғыдан алғанда Абай мұрасы – ұлттық тәрбиенің сарқылмас қайнар көзі.
Ақынның:
«Біріңді қазақ бірің дос,
Көрмесең істің бәрі бос» деген тұжырымы бүгінгі таңда бейбітшілік пен келісімнің басты қағидасына айналды десек, еш қателеспейміз.
Ал «Толық адам» ілімі – қазіргі заманғы тұлға тәрбиесінің маңызды тұжырымдарының бірі. Толық адам дегеніміз – ақыл, жүрек және қайратты тең ұстайтын, білімді, еңбекқор, арлы, жауапты азамат.
Абай ұлттық болмысты сақтаудың маңызын ерекше атап өтті. Ол халықтың салт-дәстүрін құрметтей отырып, заман көшінен қалмауға үндеді. Ақынның шығармаларында ұлттық мінез, отбасы тәрбиесі, атаанаға құрмет, үлкенді сыйлау, туған жерге сүйіспеншілік, еңбек мәдениеті кеңінен көрініс тапты. Ол ұлттық құндылықтарды заман талабына бейімдей отырып дамыту қажет екенін көрсетті.
Қазіргі жастар – елдің ертеңі. Сондықтан Абайдың жастар тәрбиесіне қатысты ойлары ерекше мәнге ие. Ақын әрбір азаматтың бойында білімге құштарлық, адал еңбек, жауапкершілік, ар-намыс, әділдік, мейірімділік, елге қызмет ету қасиеті болуы тиіс деп есептеді.
Бүгінде Абай шығармалары мектептен бастап жоғары оқу орындарында да оқытылады. Өлеңдері мен поэмалары, қарасөздері, педагогикалық ойлары, әндері мен күйлері, философиялық көзқарасы ғылыми зерттеулердің өзегіне айналып, еңбектері көптеген тілге аударылды. Соңғы жылдары ұлы ойшылдың мұрасын әлемге таныту бағытында маңызды жұмыстар атқарылуда. Абай шығармалары әлемнің көптеген тіліне аударылып, халықаралық деңгейде насихатталуда. Бұл қазақ әдебиеті мен мәдениетінің жаһандық кеңістіктегі беделінің артып келе жатқанын көрсетеді.
Қазақстанда Абай есімі берілген көптеген көше, мектеп, университет, театр бар. Оның туған жері – Жидебай ұлттық руханияттың қасиетті мекеніне айналды.
Технология қарыштап дамыған XXI ғасырда адамзат алдында жаңа сын-қатерлер пайда болды. Ақпараттың көптігі, рухани құндылықтардың әлсіреуі, жастар тәрбиесі мәселелері әлемдік деңгейде талқылануда. Осындай кезеңде Абай мұрасы бұрынғыдан да маңызды. Оның білімге шақырған ойлары жас ұрпақты сапалы білім алуға үндейді. Еңбек туралы мақалға айналып кеткен қанатты сөздері мен өлең жолдары адам баласын кәсіби жауапкершілікке жетелейді. Адамгершілік жайлы тұжырымдары қоғамдағы татулық пен келісімді нығайтуға негіз болады. Жоғарыда айтып өткен «Толық адам» ілімі – заманауи тұлғаның қалыптасуына негіз болатын өмірлік бағдар.
Абай мұрасы – ұлттың мәңгілік темірқазығы, саналы қоғам қалыптастырудың сенімді негізі.
Ұлы ақынның:
«Пайда ойлама, ар ойла,
Талап қыл артық білуге», – деген өсиеті әрбір қазақстандықтың өмірлік ұранына айналса, еліміздің рухани келбеті де, интеллектуалдық әлеуеті де бұрынғыдан да биік болары сөзсіз.
Абайды оқу – өткенді тану, болашақты дұрыс бағдарлау,елдің ертеңіне қызмет ету. Абайды тану – өзіңді тану, заманды ұғу. Абай күні ойшылдың ұстанымдарын күнделікті өмірімізге енгізуге, ел мен жердің болашағы үшін жауапкершілікті сезінуге бағдар береді. Абай мұрасы – ешқашан ескірмейтін, ғасырлар бойы қазақ халқымен бірге жасай беретін мәңгілік рухани казына. Сондықтан Абай мұрасын дәріптеу – ұлтқа қызмет етудің ең маңызды жолының бірі.
Лаура ҒАЛЫМҚЫЗЫ
10 тамыз 2026 ж. 84 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№59 (10527)

08 тамыз 2026 ж.

№58 (10526)

04 тамыз 2026 ж.

№57 (10525)

01 тамыз 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 3 625
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 1 090

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31