Құрылтай
» » ЕЛДІ МЕКЕННІҢ ӨРКЕНДЕУІ – ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫСТЫҢ НӘТИЖЕСІ

ЕЛДІ МЕКЕННІҢ ӨРКЕНДЕУІ – ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫСТЫҢ НӘТИЖЕСІ

Қармақшы ауданында елді мекендерді дамыту бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес ұйымдастырылған кезекті баспасөз брифингінде Жосалы және Төретам кенттерінің 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында атқарған жұмыстары қорытындыланып, алдағы жоспарлар кеңінен таныстырылды. Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысқан жиында кент әкімдері әлеуметтікэкономикалық даму көрсеткіштерін баяндап, тұрғындарды толғандырған мәселелерге жауап берді.
Алғаш болып өткен брифингте Жосалы кентінің әкімі Алмасхан Досмұратов кенттің барлық саласында жүйелі жұмыстар жалғасып жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, жыл басынан бері жоспарланған бюджет қаражаты толық игеріліп, мемлекеттік бағдарламалар аясында жалпы саны 36 жоба қаржыландырылған. Бұл көрсеткіш елді мекеннің әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған жұмыстардың тұрақты жүргізіліп отырғанын аңғартады.
Бүгінде тұрғындардың күнделікті өмір сапасына тікелей әсер ететін жол мәселесі кезең-кезеңімен шешімін табуда. Қазіргі таңда Жосалы кентіндегі 128 көшенің 99-ы асфальтталған. Бұл – кент көшелерінің басым бөлігінің заман талабына сай жаңартылғанын көрсететін маңызды көрсеткіш. Сонымен қатар Келмембет батыр және Н.Нақыпов көшелерінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта тағы 38 көшеге орташа жөндеу жүргізу жоспарланған.
Жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету де назардан тыс қалған жоқ. Аудандық бюджеттен бөлінген қаржы есебінен Т.Рысқұлов, Балқы Базар және Ораз ахун көшелеріне жаяу жүргіншілер жолы салынуда. Сонымен бірге Е.Қойшыбаев көшесінде балалар ойын алаңының құрылысы жалғасып жатыр. Мұндай жобалар тұрғындардың бос уақытын тиімді ұйымдастырумен қатар, балалардың қауіпсіз ортада ойнап, демалуына мүмкіндік береді.
Кент әкімі өз баяндамасында инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту бағытындағы жұмыстарға да тоқталды. Атап айтқанда, көшелерді жарықтандыру, абаттандыру, аяқсу жүйесінің қалыпты жұмысын қамтамасыз ету, санитарлық тазалықты сақтау мәселелері тұрақты бақылауда. Сонымен қатар республика көлемінде жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында сенбіліктер ұйымдастырылып, көшелер мен қоғамдық орындарды тазалау, көгалдандыру жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Мұндай жұмыстар қоршаған ортаның тазалығын сақтаумен қатар тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.
Брифинг барысында журналистер тарапынан қойылған сұрақтармен қатар аудан әкімдігінің ресми әлеуметтік желідегі парақшасында өткен тікелей эфир кезінде тұрғындардан келіп түскен сауалдарға да нақты жауаптар берілді. Бұл өз кезегінде жергілікті билік пен тұрғындар арасындағы ашық диалогтың қалыптасуына және өзекті мәселелерді дер кезінде талқылауға мүмкіндік беріп отыр.
Осы күні өткен кезекті баспасөз брифингінде Төретам кентінің алғашқы жартыжылдықтағы даму көрсеткіштері де көпшілік назарына ұсынылды. Кент әкімі Нұрлыбек Сайымов кезекті мерзімде жүзеге асқан жұмыстарға тоқталып, әлеуметтік-экономикалық даму бағытындағы нәтижелерді баяндады.
Мемлекеттік бағдарламалардың тиімді жүзеге асырылуы Төретам кентінде де жалғасын табуда. Соның ішінде кәсіпкерлікті дамытуға ерекше көңіл бөлінген. «Ауыл аманаты» жобасы аясында 7 кәсіпкердің жобасы қаржыландырылып, олардың кәсібін дамытуына мүмкіндік жасалған. Мұндай қолдау шаралары ауыл экономикасын әртараптандыруға, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және тұрғындардың табысын арттыруға оң әсерін тигізуде.
Кенттегі инфрақұрылымдық жобалардың бірі – Д.Байтөреев көшесінде жаңа футбол алаңының пайдалануға берілуі. Бұл жастардың спортпен тұрақты айналысуына жағдай жасап, салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған маңызды нысандардың бірі саналады. Сонымен бірге Төретам теміржол вокзалының күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Вокзал маңын абаттандыру қатар жүргізіліп, келушілерге қолайлы орта қалыптастыру көзделген.
Брифинг барысында жарықтандыру, ауызсумен қамту, санитарлық тазалық, жол инфрақұрылымы, ауылшаруашылығы, білім беру, мәдениет және спорт салаларында атқарылған жұмыстардың нәтижелері де кеңінен баяндалды. Сонымен қатар мектепке дейінгі ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайту мен олардың тұрақты жұмысын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар да жалғасып жатқаны айтылды.
Төретам кентінде де тұрғындардың ұсыныс, өтініштері назардан тыс қалмайды. Баспасөз брифингінде бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сұрақтарына жауап беріліп қана қоймай, аудан әкімдігінің ресми парақшасында өткен тікелей эфир арқылы тұрғындар жолдаған сауалдарға да жан-жақты түсіндірме берілді. Мұндай тәжірибе мемлекеттік органдардың ашықтығын арттырып, халықпен кері байланысты нығайтуға мүмкіндік береді.
Жалпы алғанда, Жосалы мен Төретам кенттерінде жүзеге асырылып жатқан жұмыстардың басым бөлігі тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған. Жолдардың жаңаруы, әлеуметтік нысандардың салынуы, инженерлік инфрақұрылымның жақсаруы, кәсіпкерлікті қолдау, санитарлық тазалық пен абаттандыру жұмыстары – елді мекендердің тұрақты дамуының маңызды көрсеткіштері. Мемлекеттік бағдарламалардың тиімді іске асырылуы мен бюджет қаражатының нақты жобаларға бағытталуы халықтың күнделікті тұрмысын жақсартуға ықпал етуде.
Алдағы кезеңде жоспарланған жобалардың толық жүзеге асуы Жосалы мен Төретамның әлеуметтік-экономикалық әлеуетін одан әрі арттырып, тұрғындарға қолайлы әрі қауіпсіз өмір сүру ортасын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Ең бастысы, қолға алынған жұмыстардың жүйелі жалғасуы мен халықпен ашық байланыстың сақталуы – өңірдің тұрақты дамуына берік негіз қалайды.
Бауыржан ЖҮНІС
09 тамыз 2026 ж. 45 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№59 (10527)

08 тамыз 2026 ж.

№58 (10526)

04 тамыз 2026 ж.

№57 (10525)

01 тамыз 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 3 618
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 1 082

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31