ҚОҒАМ ТҰРАҚТЫЛЫҒЫ – ОРТАҚ ЖАУАПКЕРШІЛІК
Ауданымызда тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ветеринариялық тұрақтылықты сақтау және су ресурстарын тиімді басқару бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Осыған орай аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес өткен жұмада «Руханият» орталығында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен кезекті баспасөз брифингі ұйымдастырылып, осы жылдың алғашқы жартыжылдығында атқарылған жұмыстардың қорытындысы жарияланды.
Брифинг барысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Қармақшы аудандық аумақтық инспекциясының басшысы Спартак Күзембаев пен Қармақшы ауданы төтенше жағдайлар бөлімі бастығының міндетін атқарушы, азаматтық қорғау капитаны Данияр Байрахметов өз салалары бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталды.
Спартак Қожантайұлының айтуынша, аудан аумағында ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында жоспарланған профилактикалық іс-шаралар толық көлемде орындалған. Аса қауіпті жануарлар ауруларының алдын алу үшін вакцинациялау, диагностикалық зерттеулер жүргізіліп, ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жұмыстары жүйелі жүзеге асырылған. Сонымен қатар ветеринариялық-санитариялық талаптардың сақталуына бақылау күшейтіліп, ішкі сауда орындарында тұрақты тексерулер ұйымдастырылған. Тұрғындар арасында ветеринариялық қауіпсіздік мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстары да үздіксіз жүргізіліп келеді.
Өз кезегінде Данияр Әлімжанұлы аудан аумағындағы төтенше жағдайлардың алдын алу бағытындағы жұмыстардың нәтижелерімен бөлісті. Оның айтуынша, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету, тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарда профилактикалық тексерулер жүргізу, су айдындарындағы қауіпсіздікті сақтау және шомылу маусымында рейдтік шараларды ұйымдастыру тұрақты бақылауда. Сондай-ақ «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан жобалар ауылдық елді мекендердің төтенше жағдайларға дайындық деңгейін арттыруға бағытталған.
Брифингтің екінші бөлімінде аудандық ветеринариялық станциясы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының директоры Нұрлан Бисенбаев пен «Қармақшысушар» өндірістік учаскесінің басшысы Ерболат Бодыбаев алғашқы жартыжылдықтағы жұмыстарды саралады.
Нұрлан Ертайұлы ауданымыздың ветеринариялық ахуалының тұрақты екенін атап өтті. Оның мәліметінше, жануарлардың аса қауіпті жұқпалы ауруларының алдын алу мақсатындағы жоспарлы вакцинациялау, диагностикалық зерттеулер мен энзоотиялық ауруларға қарсы ветеринариялық ісшаралар толық орындалған. Сонымен қатар мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру және тұрғындарға ветеринариялық талаптарды түсіндіру жұмыстары жалғасуда. Жүйелі жүргізілген шаралардың нәтижесінде аудан аумағында аса қауіпті жануарлар аурулары тіркелмеген.
Ал Ерболат Абытұлы суару маусымының қалыпты өтіп жатқанын жеткізді. Биыл суармалы егістіктерге қажетті су көлемі жоспарға сәйкес жеткізіліп, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен тиісті келісімшарттар жасалған. Бұдан бөлек, каналдарды механикалық тазалау, гидротехникалық қондырғыларды қалпына келтіру және су тапшылығының алдын алу бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Бұл шаралар су ресурстарын тиімді пайдаланып, егін шаруашылығының тұрақты дамуына оң ықпал етуде.
Брифинг барысында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері сауалдарын қойып, мамандар тарапынан жан-жақты жауап алды. Кездесу қорытындысында тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ветеринариялық тұрақтылықты сақтау, төтенше жағдайлардың алдын алу және су шаруашылығы инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатыны атап өтілді.
Аудан көлемінде жүзеге асырылып жатқан бұл жұмыстар халықтың өмір сүру сапасын арттыруға, ауыл шаруашылығының тұрақты дамуына және өңірдің қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болып табылады.
Бауыржан ЖҮНІС
















