Құрылтай
» » ЕЛ ИГІЛІГІ ЖОЛЫНДАҒЫ ЕҢБЕК ЕСЕЛЕНЕ БЕРЕДІ

ЕЛ ИГІЛІГІ ЖОЛЫНДАҒЫ ЕҢБЕК ЕСЕЛЕНЕ БЕРЕДІ

Өткен бейсенбіде «Руханият орталығында» бірқатар мекеме басшысы жергілікті БАҚ өкілдеріне брифинг өткізді. Онда осы жылдың бірінші жартыжылдығында атқарылған жұмыстары жайлы хабарлап, алдағы жоспармен бөлісті.
Брифингке бірінші болып келген аудандық орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің басшысы Ардақ Жетебаев өз саласы бойынша алты айлықта атқарылған жұмысы жайлы есеп берді.
Мекеменің орман қоры жерлерінің жалпы көлемі 435308 гектарды құрайды. Оның ішінде 288655 гектар орманды алқапқа, 146653 гектар ормансыз алқапқа жатады. Мекеменің міндеті – мемлекеттік орман қоры жерлерін тиімді пайдалану, сақтау, қорғау және молықтыру жұмыстарын ұйымдастыру. Бүгінде ұжымда 70 қызметкер еңбек етеді.
Алты ай көлемінде мекемемен бірнеше бағытта жүйелі жұмыстар атқарылған.
– Орманды молықтыру бойынша осы жылдың ақпанында мұз ою жұмысы жүргізіліп, Қорқыт ата орманшылығының №18, 19 орамдарында 3 гектар жер дайындалып, 5400 дана үйеңкі, қарағаш көшеттері отырғызылды. 1 гектар мектеп бөліміне қарағаш және үйеңкі тұқымы себілді. Қазір учаскелерде күтіп-баптау, суару жұмысы жүруде. Мекеменің уақытша сексеуіл тұқымбағынан 459,0 мың дана сексеуіл көшеті қазылып, Арал теңізінің құрғаған ұлтанына жүргізілген орманмелиорациялық жұмыстары барысында шығымдылығы төмен учаскелерді толықтыруға жіберілді.
Биыл наурызда Қорқыт ата орманшылығының №37 орамындағы 83 гектар аумаққа 149400 дана сексеуіл көшеті егілді. Аудан және ауылдық округтерінің өтініміне сәйкес, елді мекендерді көгалдандыруда 6120 дана Сырталы, жиде, терек, қарағаш, үйеңкі, басқа да сәндік ағаш көшеттері таратылып берілді. Орманды күзету және қорғау бағытында орман қорын қорғау, орман және аң аулау заңнамаларының талаптарының сақталуын қамтамасыз ету, заң бұзушылықтардың алдын алуда мекеме тарапынан тұрақты рейдтік және профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылуда, – деді мекеме басшысы.
Есепті кезеңде орман және аң аулау заңнамалары талаптарының сақталуын бақылауда 23 рейд өткізіліп, 2 заң бұзушылық анықталған. Заңнамаға сәйкес тиісті шара қабылданып, заң бұзушылықтың біріне – құқық бұзушыға ескерту түрінде әкімшілік жаза қолданылса, екіншісіне заң бұзушылық фактісі бойынша 10812 теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынып, табиғатқа келтірілген 32437 теңге залал өндіріліп алынған. Сонымен қатар аудандық полиция бөлімі қызметкерлерімен бірлесіп, орман және аң аулау заңнамаларының талаптарын сақтау, заңсыз аң аулау фактілерінің алдын алу, есірткі және қарасора тектес өсімдіктердің заңсыз егілуіне жол бермеу мақсатында бірлескен іс-шаралар өткен.
Мекеме басшысының айтуынша, орман қоры аумағында сексеуіл ағашының заңсыз кесілуіне жол бермеуде мекеме қызметкерлерінен арнайы мобильді топ құрылып, күнделікті бақылау, күзету жұмысы ұйымдастырылуда. Қазіргі уақытта бұл аумақта заңсыз ағаш кесу фактілерінің алдын алуда бақылау күшейтілген.
Тіршілік атаулының тілсіз жауы – өрт екені анық. Әп сәтте айналасын тып-типыл ететін қызыл жалынның жасыл желек үшін аса қауіпті екені айтпаса да түсінікті. Орман қорларын өрттен сақтап, тілсіз жаудан қорғау – осы мекеме қызметкерлерінің басты жұмысы. Осы жылғы өрт қаупі жоғары кезең басталғанға дейін орман қоры аумақтарында өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау және өрттің алдын алуда профилактикалық іс-шаралар жүзеге асырылған.
«2026 жылдың өрт қаупі маусымында орман және дала өртінің алдын алу және оларды жою жөніндегі аудандық жұмыс тобын құру туралы» 2026 жылғы 6 сәуірде аудан әкімінің өкімі шыққан. Ауданымыздың төтенше жағдайлар бөлімімен бірлесіп биылғы жылға арналған мемлекеттік орман қоры жерлерінде және аудан аумағында шаруашылық нысандарында өрт қаупі жоғары кезеңде орман және дала өрттерінің алдын алуда өзара іс-қимыл жоспары әзірленіп, бекітілген. Осы ретте мемлекеттік орман қоры аумағында өрттің таралуын болдырмауда минералды жолақтарды жаңарту жұмыстары 75 шақырымға, ескі жолақтарды жаңарту 115 шақырымға жүргізілген. Аудан аумағында мекеме, шаруа қожалықтары және тұрғындар арасында өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау бойынша 72 мәрте әңгіме, лекция және түсіндірмелер жүргізілген. Атап айтқанда, 200 үнпарақ, 150 ескерту хаты таратылып, 7 билборд, 15 аншлаг шығарылған.
– Мекемеде өрт сөндіруге қажетті техника мен құрал-жабдықтар дайындық жағдайына келтірілді. 3 өрт сөндіру автокөлігі, «ХТЗ-150» тракторы, «Беларус-1222» тракторы, «Садко» жүк автокөлігі, «Хантер» автокөлігі, бензинді ара, 14 стационарлық рация, 31 қол радиостансасымен қамтамасыз етілген. Орман және дала өртінің алдын алып, оларды жедел жою мақсатында аудандық төтенше жағдайлар бөлімімен және арнайы мекемелермен бірлесе сәуір-мамыр айында өрт-тактикалық оқу-жаттығулары өткізілді. Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жедел әрекет ету тобы құрылды.
Мемлекеттік қызмет көрсету бағыты бойынша айтар болсақ, осы жылдың 2 тоқсан қорытындысында мекеме тарапынан мемлекеттік қызмет көрсету және орман қоры жерлерін пайдалануда тиісті жұмыстар жасалды. Орман қорын жанама пайдалануда 21 жеке тұлғадан өтініш келіп түсіп, соның негізінде жалпы көлемі 4856 гектар жер телімі мал жаю мақсатында пайдалануға берілді. Нәтижесінде 500,7 мың теңге көлемінде түсім қамтамасыз етілді.
«Жануарлар дүниесін қорғау» бағдарламасы шеңберінде аң-құс мекендейтін аумақтарда жануарлар дүниесін қосымша қоректендіру қолға алынған. 250 келі күріш қалдығы дайындалып, осы жылдың наурыз айында мемлекеттік орман қоры аумағына шашылды. Қысқы-көктемгі кезеңде құстардың қолайлы мекендеу жағдайын қамтамасыз етуде білім беру орталықтарының аумақтарынан 30 дана ұя жәшігі орнатылса, жыртқыш аңдардың санын реттеуде 30 шибөрі, 1 қасқыр ауланды. Аудан аумағында 23 маңызды су айдыны орналасқан. Оның ішінде 6 су айдыны резервтік қорға алынған. Қыста су айдынын мекендейтін жануарлардың қауіпсіздігіне байланысты тиісті алдын алу жұмыстары жүргізілді. Бұған 14 техника, 46 адам жұмылып, мұз қабатының үстіне мұз ойығы ойылып, қамыс бумасы орналастырылды. Қорытындысында есептік кезеңде су жануарларының қырылу фактісі тіркелген жоқ. Бүгінде су айдындарының санитарлық жағдайын жақсарту және су экожүйесін қорғауда «Таза су айдындары» акциясымен тазалық жұмыстары жүргізілуде, – деді брифингте сөйлеген сөзінде А.Аманжолұлы.
Сондай-ақ орман патологиялық жұмыстарында, көктем, күзде жалпы 18900 гектар орман қоры жерінде 2171 шұңқыр қазылып, орман зиянкестерін анықтауда зерттеу ұйымдастырылғанын айта келе, алдағы жоспарымен бөлісті. Атап айтқанда, 3 гектар орман екпелерін және 22 гектар уақытша тұқымбақты күтіп-баптау, суару, отау, күзгі кезеңде мемлекеттік орман қорының 9450 гектар аумағында орман-потологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізу, орман қоры аумағында орман заңнамасы талабының сақталуын қамтамасыз етуде рейд өткізіп, қыркүйектен бастап желтоқсан айына дейін мемлекеттік орман қоры аумағында орман айналымдарын аралау және тұрақты түрде тексеру, мемлекеттік орман қорының 704 гектар аумағында 3520 келі сексеуіл тұқымын себу және тағы басқа алдын алу шараларына тоқталды. Баспасөз мәслихатында келесі спикер – аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімі бастығының міндетін атқарушы Үсен Жүнісов «Қармақшы ауданының қорғаныс істері жөніндегі белімінің 2026 жылдың көктемгі мерзімді әскери қызметке шақыру есебі жайлы» баяндады.
– Бөлімде 2026 жылы мерзімді әскери қызметке шақыру ҚР 2012 жылы 16 ақпандағы «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңының 27, 31-баптарына және ҚР Президентінің 2026 жылғы 14 наурыздағы №1202 жарлығына, аудан әкімінің 2026 жылғы 16 наурыздағы қаулысына сәйкес, 1999-2008 жылы туған азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру жұмыстары жүргізілді. Көктемгі әскери қызметке шақыру жұмыстары «ҚР азаматтарын әскери қызметке шақыруды ұйымдастыру мен жүргізу қағидаларын бекіту туралы» ҚР Үкіметінің 2012 жылы 15 мамырдағы №620 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ҚР Үкіметінің 2022 жылы 1 қыркүйектегі №636 қаулысын басшылыққа алып, ауылдық округтерде бекітілген жоспарға сай, әскер қатарына шақырылушылармен және олардың ата-аналарымен алдын ала зерделеу жұмыстары жүрді.
Көктемгі дәрігерлік сараптама комиссиясынан 52 әскерге шақырылушы комиссиядан өткізілді. Оның ішінде, әскери қызметке жарамдысы – 30, әскери қызметке шектеулермен жарамдысы – 6, денсаулығына байланысты шақырудан кейінге қалдырылғаны – 10, бейбіт уақытта әскери қызметке жарамсызы – 4, қайта тексерілуден келмеген саны – 2, әскери есептен шығарумен жарамсыздар: отбасы жағдайына байланысты шақырудан кейінге қалдырылған, сонымен бірге білімін жалғастыру үшін шақырудан кейінге қалдырылғаны – 12 азамат, – деді ол.
Жалпы әскерге шақырылып, облыстық жиын бекетінен денсаулығына байланысты кері қайтарылғандар жоқ. Бөлімнен ҚР Қарулы Күштеріне жастарды толықтырып жеткізу жоспарына орай, 45 азамат әскер қатарына аттанып, көрсеткіш 100 пайызға орындалған. Оның ішінде, ҚР Қарулы Күштері қатарына – 24, ҚР Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті шекара кызметіне – 5, ҚР Ұлттық Ұланға – 15 және ҚР Мемлекеттік күзет қызметіне – 1 сарбаз алынған.
Мұнан соң брифинг алаңына оқшау сумен жабдықтау жүйелерінің байланысы жөніндегі өндірістік бөлімше басшысы Темірлан Піртазаұлы келіп қосылды. Ол бөлімшенің 2026 жылдың 6 айында атқарған жұмыстары туралы хабарлады.
Ауданның оқшау сумен жабдықтау жүйелерін пайдаланушы өндірістік бөлімшесі ауданға қарасты Т.Көмекбаев, Қуаңдария, Алдашбай ахун, Тұрмағамбет, Ақжар, Ақтөбе және Қармақшы ауылын ауызсумен қамтамасыз етуде. Онда 55 адам жұмыс істесе, басым көпшілігі елді мекендегі насос станса машинистері, слесарь-жөндеушілер, инспектор-бақылаушылар және апаттық бригада мамандары. Бөлімшеде 2 авариялық бригада бар. Аудан орталығынан шеткі Т.Көмекбаев ауылдық округіне дейінгі қашықтық 150 шақырымды және Қармақшы елді мекеніне дейін 25 шақырымды құрайды. Бөлімшеге қарасты барлық елді мекен бойынша халық саны – 7932 адам. Абонент саны – 1567, бос үйлер саны – 178, нақты абонент саны – 1389, бюджеттік мекемелер – 38, өзге мекемелер саны – 33. Мерзімі өтіп, ауыстырылған су есептегіш құралдар саны – 76.
– 6 айда бөлімше 134128 м3 (текше метр) ауызсу өндіріп, тұтынушыларға (жеке және заңды тұлғаларға) таратылған ауызсу көлемі 130770 м3 (текше метр) құрайды. Өзге қызметтер бойынша атқарылған жұмыстарға келсек, су өлшеуіш құралдарын орнату, пломба басу, техникалық қызмет көрсету секілді жұмыстар жүргізіліп, 1827 қызмет түрі атқарылып, 3975595 теңге қаржы түсірілді. Бекітілген жоспар толығымен орындалып, 201 пайызды құрады. 7 елді мекенде 12 ұңғыма бар, бүгінде соның 11-і қалыпты жағдайда. Филиалдан бөлінген шикізат-материалдар насос стансалары мен су жүйелеріндегі ағымдағы жөндеу жұмыстарына жұмсалды, ішкі су жүйесінің құбыр бойынан және көру құдық ішінен 115 апаттық жағдай орын алып, арнайы техникалардың көмегімен және бөлімше жұмысшыларымен дер кезінде қалпына келтірілді, – деді бөлімше басшысы.
І және ІІ су көтеру насос стансалары ғимаратының және ұңғыма павильондарының ішкі-сыртқы сылақ жұмыстары, насос стансаларындағы «К» типті насос қондырғыларына, ашып-жабу реттегіш арматураларына, қайтарма клапандарға ағымдағы жөндеу жүргізілген. Елді мекен орталықтандырылған су жүйесіндегі көру құдықтары мен сервистік жүйе бойындағы көру құдықтарын тазалау, ыза суларды тарту, өрт гидранттарын майлау, сырлау жұмыстары да өз деңгейінде атқарылса, насос стансалары мен ұңғыма павильондарының ішкі-сыртқы қабырғалары әктеліп, есік-терезе, қақпалары сырланған.
Насос стансаларындағы тозығы жетіп шіріген, тесілген технологиялық құбырларды ауыстыру жұмыстары жоспарлануда. Ақтөбе, Ақжар, Қуаңдария ауылында ұңғымаларға «d-63мм» ПЭ су көтеру құбырларын ауыстыруды қажет етеді. Ақжар, Тұрмағамбет, Қуаңдария елді мекеніндегі насос стансаларының сыртқы темір-бетон қоршауларына түзету жүргізілсе, филиал тарапынан арнайы техника бөлінсе, осы ауылдардың су көтеру мұнараларын сырлау жоспарға қойылған.
Өткен жылы Қуаңдария, Ақжар, Ақтөбе және Тұрмағамбетте ІІ су көтеру насос стансаларының шіріп, тозығы жетіп, темірі жұқарған технологиялық құбырлары ауыстырылып, дәнекерленген. Бөлімшеге қарасты елді мекендердің насос стансаларындағы және көру құдықтарындағы 30-ға жуық «d-150», «d-100» және «d-80мм» ашып-жабу реттегіш арматуралары, қайтарма клапандары ауыстырылды, ІІ су көтеру насос стансаларындағы технологиялық құбырларда орналасқан ашыпжабу реттегіш арматураларына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Онымен қоса ІІ су көтеру насос стансаларындағы «К» типті су айдау насостарына ағымдағы жөндеу жұмысы жүргізіліп, істен шыққан насостар Ақжар, Тұрмағамбет, Қуаңдария елді мекенінде ауыстырылып, тұрғындар үздіксіз ауызсумен қамтамасыз етілді.
Халықты 24 сағат ауызсумен қамтамасыз етуде өндірістік бөлімшенің 2 авариялық бригадасы, шебер, слесарь-жөндеушілер, насос станса машинистері су жүйесінде орын алған апаттық жағдайларды арнайы техникалардың көмегімен дер кезінде қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Ауылдық жердегі І су көтеру насос стансаларындағы тереңнен су тартатын «ЭЦВ» насос қондырғылары да жиі істен шығып жатады. Осындай сәтте, филиал тарапынан жедел түрде насос қондырғылары бөлініп, орын алған апаттық жағдайларды жедел қалпына келтіріледі.
Брифингте мекеме басшысы Темірлан Қалиев қазіргі кезде өндірістік бөлімшеде орын алған өзекті мәселелерге де назар аудартты.
– Жалпы өндірістік бөлімшедегі ауызсу беруге қатысты жұмыстар өз деңгейінде жүргізілуде. Дегенмен, коммуналдық қызметті жүзеге асыратын мекеме болған соң мәселе туындамай қоймайды. Айта кететін жағдай, Қуаңдария елді мекенінің насос стансасы 1990 жылдан бері жөндеу көрмеген. Ғимараттары мен технологиялық құбырлары, насос қондырғылары ескіріп, жиі бұзылып, шіріген құбыры ауызсу беруге кедергісін келтіруде. Насос стансасындағы сыйымдылығы 500 м3 болатын таза су қоймасына насос арқылы жиналған су жер астына сіңіп кетуде. Себебі темір-бетон едені әр жерден үгітіліп, жарық сызықтар пайда болған. Ол күрделі жөндеуді қажет етеді. Онымен қоса қазіргі кезде Ақжар ауылының насос станса ауласындағы сыйымдылығы 90м3 болатын су көтеру мұнарасының тозуы да мәселе болып тұр. Су көтеру мұнарасының жағдайы нашар, апаттық жағдай жиі орын алып, ауызсу беруге кедергі жасайды. Мұнараның корпусы шіріп, темірі жұқарып, ағымдағы жөндеу жұмысына немесе дәнекерлеуге қолайсыздық туғызуда. Ақжар, Қуаңдарияның су көтеру мұнарасының жағдайы жөнінде ақау актілері филиалға жолданды. 2025 жылы Ақтөбе, Ақжар, Қуаңдария ауылының жаңғырту жұмыстарына жоба-сметасы әзірленіп бекітілді. Қазіргі таңда қаражат бөлінуін күтіп отырмыз.
Тағы бір айта кететін мәселе, Қармақшы, Ақтөбе және Алдашбай елді мекенінде бір ғана ұңғымадан ауызсумен қамтылады. Ауылдардың ауқымы үлкен болғандықтан тұтынушылар ауызсуды көп мөлшерде пайдаланады. Жұмыс істеп тұрған 1 дана ұңғыманың насос қондырғысы мерзімінен бұрын істен шықса немесе апат орын алса, елді мекенді ауызсумен қамту алаңдатады. Бұл жағдай бойынша аудан әкімдігіне және филиал басқармасына хат жолдап, аталған елді мекендерге тағы бір-бір ұңғымадан бұрғылап, жерасты су көзін шығарып берулерін өтіндік, – деді өндірістік бөлімшенің басшысы.
«Қазсушар» РМК «Сыр суы» филиалына ҚР Ұлттық Экономика министрлігі табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің 2026 жылғы 22 мамырдағы бұйрығымен ауызсуды магистралдық құбыр жолдары беру қызметіне 713,73 теңге және таратушы желілер арқылы беру қызметіне 641,39 теңге, сарқынды суды бұру қызметтеріне орташа 349,05 теңге, сарқынды суды бұру (Көкшоқы мөлтек ауданы) қызметтеріне орташа 242,77 теңге тариф және тарифтік сметасы бекітіліп, 2026 жылғы 1 маусымнан бастап күшіне енді. Тарифтің өсу себебі айлық жалақының, электр энергиясының, сатып алынатын судың және қызмет жеткізушілер бағасының өсуі деп түсіндірді спикер. Филиал бойынша осы жылдың 1 маусымынан бастап жұмысшы, қызметкерлердің жалақысы 20 пайызға көтерілген.
Брифинг соңында спикерлер БАҚ құралдары өкілдерінің сұрақтарына жауап беріп, алдағы уақытта да ел игілігі жолында адал қызмет ете беретіндерін жеткізді.
Сәрсенкүл РАЙЫМБАЕВА
06 тамыз 2026 ж. 58 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№58 (10526)

04 тамыз 2026 ж.

№57 (10525)

01 тамыз 2026 ж.

№56 (10524)

28 шілде 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 3 597
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 1 060

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31