Құрылтай
» » АЗАМАТ АТЫ ӨШПЕЙДІ

АЗАМАТ АТЫ ӨШПЕЙДІ

Ағаймен алғаш таныстығымыз, ол кісінің еңбек инспекторы болып істеген кезі еді. Бірде редакцияға бір кісі қоңырау шалып, жұмысына байланысты құқығының қорғалуын өтінді. Ауданда еңбек инспекторы бар екенін білгенмен, бұрын көрген адамым емес. Қиналып тұрған кісіге көмек берген де адамгершілік деп, екеуміз ағай отырған мекенжайға қарай аяңдадық.
Инспектор жылы шырайлы, сөйлеп тұрған кісі екен. Бізді қабылдаған соң заңдылықтарды түсіндіріп, жол сілтеді. Көп ұзамай тұрғынның құқығы қалпына келіп, жұмысына қайта кірісті. Міне, содан бері арада қанша уақыт өтсе де, ағайдың мамандығына, қызметіне деген жауапкершілігі есімде сақталып қалған.
Бұл – ауданымыздың әлеуметтікэкономикалық дамуына үлесін қосқан, өз ісінің шебері, құрылыс саласының білікті маманы – Қуанышбек Жалғасбаев ағамыз болатын.
Қ.Шайхысламұлы 1957 жылы Тұрмағамбет ауылында мұғалімдер отбасында дүниеге келді. Әкесі Шайхыслам Жалғасбаев ұзақ жылдар педагог болып қызмет етсе, кейін ІІІ Интернационал, Дауылкөл ауылдық кеңесінің төрағасы қызметтерін атқарды. Анасы Күләнда Қанағатова да білім саласында шәкірттер тәрбиелеп, өңірінен он бала өрбітті. Солардың арасында Қуанышбек ағамыз екінші перзенті.
Зерек бала алғашында №29 орта мектепте оқыса, онжылдықты атаанасының қызмет барысына сай №26 орта мектептен бітіріп шығады. Қолына аттестат алған жас Шымқаладағы Қазақ химия технология институтының «СХС ауылшаруашылығы құрылысы» факультетіне оқуға түседі. Жоғары оқу орнын «Инженер-құрылысшы» мамандығы бойынша бітіріп, әскери азаматтық борышын өтейді.
1980 жылы алғашқы қызмет жолын Қызылорда қаласында инженерліктен бастайды. Осы жылы ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Бақыт Нұрымбетовамен бас қосып, өмірге 2 қыз, 1 ұл келеді.
Ардақты азаматтың еңбек жолы әрі қарай 1981-1995 жылдар аралығында Қызылордада «Сельстройтресте» инженер ПТО, Тереңөзек ауданына қарасты Шаған ауылында «ПМК-18» мекемесінде прораб, Қармақшы аудандық РАПО-да құрылыс инженері, Ақтөбе ауылында және «Мақсат» кооперативінде прораб қызметтерімен жалғасса, 1995-1998 жылдары аудандағы «ПМК-2» өндіріс ошағында инженер, бас инженер болып абыройлы еңбек етті. Ал 1999-2008 жылдары ауданымызда еңбек инспекторы ретінде талай даулы мәселенің түйінін тарқатуға күш салды.
Ағамыз бұл қызметті он жылдан аса уақыт атқарды. Аудан көлемінде мекеме, кәсіпорын ұйымдарында, шаруашылықтарда, өндірісте жұмыскерлердің, азаматтардың еңбек қауіпсіздігін сақтау, сәтсіз, апаттық жағдайларды болдырмау, жұмыскерлердің еңбек құқығын қорғау, адам өмірінің қауіпсіздігі-бақытсыз жағдай болғанда берілетін әлеуметтік материалдық көмек көрсетуде өз білімі, тәжірибесімен халыққа адал мемлекеттік қызмет көрсетіп, құрметіне бөленді. Кейінгі жылдары аудандық құрылыс бөлімінде жұмыс істеп, аудандық құрылыс және архитектура бөлімінің басшысы, сонымен қатар «Туған ел келбеті» ЖШС директоры секілді басшылық қызметтерде болды.
Киелі өлкеміздің құрылыс, абаттандырылу саласында білікті маманның еңбек іздері аз емес. Тұрғын үйлер, мекеме, кәсіпорын ғимараттары, ауылдарда мал, сүт фермалары, Т.Көмекбаев ауылындағы мешіт, ауданымыздың кіреберісіндегі «Мәңгілік ел» монументі, Қорқыт ата кесенесінің тазалық жұмыстары мен абаттану жұмыстарында Қуанышбек Шайхысламұлының еңбегі зор. Оның ұзақ жылғы еңбегі аудандық, облыстық деңгейдегі грамота, алғыс хаттармен бағаланды.
Атпал азамат 2020 жылы зейнеткерлік демалысына шығады. Зейнетке шықса да аудан тұрғындарының жекеменшік құрылыстарына, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автомагистралы бойындағы аудан аумағында орналасқан «Qazaqoil» жанармай бекетінің салынуына техникалық қадағалау жасады.
Иә, ол мамандығын сүйді және өз ісінің білімді де білікті маманы бола білді. Асыл азамат 2024 жылғы 8 тамызда, 67 жасында дүниеден озды. Өмірде ақкөңіл, кішіпейіл, қарапайым, достыққа, жолдастарына адал болмысымен есте қалды. Ел-халық оны «Қуеке» деп жақсы көрді. Көпшіл, бауырмал, ағайын-туыстың жанашыры еді. Құда-құдағиларымен кездескенде бір жасап қалатын. Ұрпағына асқар тау әке, адал жар, өнегелі отбасы иесі болатын.
Бүгінде Қуекең ағамыздың артында қалған балалары ата-ана тәлімімен жоғары білім алып, еліміздің түрлі саласында қызмет атқарып жүр.
Үлкені Сәуле – Астана қаласында КФ «Universal Medical Center» клиникасында акушер-гинеколог, күйеубаласы Қайрат – «Салауатты Астана медициналық орталығының» амбулаторлы хирургия меңгерушісі. Ортаншы қызы Жұлдыз бен күйеубаласы Әділбек – елордада ҚР Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің подполковнигі. Ұлы Айбек – Астанада ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінде Заң департаментінің құқықтық қамтамасыз ету басқармасының басшысы болып қызмет етсе, келіні Ақгүл ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің инспекторы.
Ата-әжесінің көзінің қарашығындай болған немерелері бой түзеп өсіп келеді. Отбасының ұйытқысы, ақылшытірегі Бақыт апай бүгінде балалары мен немерелерінің ортасында. Астана қаласында тұрады.
Қазақта «Орнында бар оңалар» деген даналық сөз бар. Әке өнегесін биік қойған ұрпағы мен артында ерім дейтін елі бар да азамат аты ешқашан өшпек емес.
Топырағың торқа, жайың пейіштің төрінен болсын, ардақты аға!
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕКҚЫЗЫ
04 тамыз 2026 ж. 93 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№58 (10526)

04 тамыз 2026 ж.

№57 (10525)

01 тамыз 2026 ж.

№56 (10524)

28 шілде 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 3 591
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 1 051

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31