» » Алтын қолды шебер

Алтын қолды шебер

Қоғамның сан түрлі саласында еңбек етіп, сол бағытты алға жылжытуға үлес қосып жүрген жандарға құрмет көрсетіледі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында «Кәсібилік пен еңбекқорлық қоғамымызда ең жоғары орында тұруы қажет. Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек. Қандай кәсіппен айналыссаң да, оны сапалы атқару маңызды» деген еді.

Еңбек адамы – өзінің кәсібін терең меңгерген жан. Өз ісін жетік білетін, тәжірибелі маман. Адал еңбегінің арқасында ұрпағына да өлшеусіз байлық қалдыратыны сөзсіз. «Шебердің қолы алтын» дейді дана халқымыз. Сол айтқандай, академик С.Жиенқұлов атындағы Байқоңыр жоғары колледжі ашылғалы бері шаруашылық жағында аянбай жұмыс істеп, еңбегі сіңген жанның бірі – Бақытбек Керімбеков ағай. 

Ол темірді иіп, ағашты түйіп небір бұйым жасаудың хас шебері. Осындай тұрмысқа қажетті заттарды жасауда бесаспап маман болып отырған ұлағат иесінің колледж ұжымы үшін орны бөлек. 

Бақытбек ағай сонау 1974 жылы Кентау қаласындағы №216 училищеде білім алып, еңбек жолын 1973 жылы киномеханик болып бастаған. Одан соң қаладағы училищеде сантехник болып жұмыс істеген. Кейін өмірлік жарын тауып, отбасын құрса, 1998 жылы Казақстан-Ресей халықаралық университетіне, қазіргі академик С.Жиенқұлов атындағы Байқоңыр жоғары колледжіне жұмысқа қабылданады. 20 жыл еңбек атқарып, зейнеткер атанып отырған жайы бар. Ағамыз жұмысына ыждағатпен, жауапкершілікпен қарайды. Зейнет демалысына шықса да, мамандығымен әлі күнге дейін қызметін жалғастыруда. 

Ісіне мығым Бақытбек ағай құбыр жарылса, техникадан ақау шықса оны тез арада дәнекерлеп, қалыпқа келтіреді. Басшылық шаруашылыққа қатысты барлық жұмысты алтын қолды азаматпен ақылдасып отырады. Темір мен ағаштан түйін түйген ұста қандай бұйым жасаса да, сапасына мән береді. 

Өз ісінің шебері Бақытбек ағайдың қолы тиген жері жаңарып, жаңғырып шыға келеді. Адамды еңбегіне қарап бағалайды емес пе? Сондықтан да оның ұжымдастары арасында беделі жоғары.
Отбасында асыл жар, өнегелі әке атанып отырған әріптесіміздің құдай қосқан қосағы Асылзат апай да осы колледжде жұмыс істеп, зейнетке шыққан. Бақытты отбасы мен отанасы үш қыз, бір ұл тәрбиелеп, ұлды ұяға, қызды қияға қондырған өнегелі отбасылардың қатарында. Берекесі тасыған отбасында он төрт немере жасыл құрақтай жайқалып өсуде. 

Еңбектен бақытын тапқан ұста бүгінде өзінің мол тәжірибесін ұжымдағы жастарға үйретуде. Ұсталық кез-келгеннің қолынан келе бермейтін қастерлі кәсіп. Осы қағиданы Бақытбек ағай әрдайым жадында ұстап, кәсібіне адал болып келеді.

Қымбат БЕРДЕШ
22 қыркүйек 2024 ж. 94 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№95 (10360)

30 қараша 2024 ж.

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 475

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 547

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031