Қызығушылықтан – сүйікті мамандыққа

Өмірде адамдар қандай әртүрлі мінез болмыста болса, мамандық та сан түрлі. Әркім өзіне сай келетін мамандығын таңдайды. Тіпті әрбір мамандықтың өзіне тән мінезі, психологиясы бар екенін де жоққа шығара алмаймыз. Оның ішінде медицина
саласына кездейсоқ адамдар келмейді. Себебі, бұл мамандықты таңдайтындар адам өміріне, денсаулығына терең мағынада жауапты екенін жүрегімен түсінеді. Нақтысын айтқанда, қателесуге, мүлт кетуге болмайтын сала.
Осы қиындығы мен қуанышы, ыстығы мен суығы қатар жүретін медицина саласының білікті маманы – Сәуле Салмұрзаева бүгінгі мақаламыздың арқауы. Ақ халатты жан 40 жылдан бері медбике болып абыройлы қызмет етіп келеді. Ауданымыздың тумасы Жосалы кентіндегі Ү.Томанов атындағы №183 орта мектепті бітірген. 1984 жылы Ресейдің Свердловск қаласында No2 қалалық медициналық училищесіне оқуға түсіп, ойдағыдай тәмамдаған. Оқу орнын аяқтаған соң сондағы орталық қалалық аурухананың жедел көмек көрсету бөлімінде еңбек жолын бастайды. Десе де, 1988 жылы туған жерге оралып, аудандық емханаға жұмысқа қабылданады. Содан беріде міне, «Шипагер» емханасының ем-шара бөлімінде медбике ретінде науқастарға қызмет көрсетіп,алғысын арқалауда. «Уақыттың жылдамдығы сондай, қырық жылдың қалай өткенін сезбей де қалыппын» дейді ол әңгіме арасында. Сәуле Талатбекқызының медицинаға қызығушылығы бала кезінен басталған екен.
– Мектепте оқып жүргенімізде медбике апайлар келіп, оқушыларға екпе салып кететін. Ақкүміс, Қатира, Катя, Кенішкүл апалардай болсам ғой, деп армандайтынмын. Сөздері орнықты, өздері жинақы, сырт көзге кісі қызығарлықтай көрінетін. Мамандық таңдауыма осы кісілердің әсері болғаны сөзсіз. Халықпен жұмыс істейтіндіктен әрбір күніміз қарбаласқа толы. Қолымыздан келгенше елдің алғысын алуға тырысамыз. Биыл салада жұмыс істеп келе жатқаныма 40 жыл болады екен. Жастайымнан тазалықты жақсы көремін. Қызметіміз ерте таңертеңнен басталады. Дәрігердің нұсқамасымен науқастардың қан анализдерін алып, зертханаға жібереміз. Бұл жұмыстар кейде екі сағаттан үш сағатқа дейін жалғасатын кездер болады. Мұндай ем-шара түрі біздің кабинет арқылы жүргізіледі. Сондай-ақ қан қысымы көтеріліп келген кісілерге де алғашқы көмек көрсетеміз, – дейді тәжірибелі маман.
Сәуле Салмұрзаева, Катя Келиндикова, Кенішкүл Бәлібаева секілді медик апаларынан алған білім-тәжірибелерін жұмыс барысына қолданса, бүгінде өзі де жастарға тәлімгерлік етуде. Назым Қуандықова, Медина Орынбасарова, Гүлімжан Далдиева, тағы басқа шәкірттері медицина саласының бір кірпіші болып қаланған. Сонымен қатар, өз ісінің шеберіне тұрғындар тарапынан да ризашылық білдіріп жататындары аз емес.
– Сәуленің жұмысына деген жауапкершілігі өте жоғары. Әріптестері арасында сыйлы. Ұзақ жыл бойы абыроймен еңбек етіп келе жатқанын жақсы білеміз. Балтырымыз сыздап, басымыз ауыра қалса көмекке келетін тәжірибелі маман. Оған шынайы алғысымызды білдіреміз. Әрқашан арман-мақсатына жетіп, халықтан алар алғысы көп болсын, – дейді жылы лебізін білдірген кент тұрғыны Алимаш Ибраева.
С.Талатбекқызы отбасында ұл тәрбиелеп отырған бақытты ана.
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕКҚЫЗЫ















