БЕРЕКЕЛІ КӘСІП, ӨРКЕНДІ ІС
Бүгінде кәсіпкерлік саласынан нәпақасын айырып жүрген жан аз емес. Оның бірқатары мемлекеттік бағдарламаға сүйеніп кәсіп жүргізсе, енді бірқатары өз қаражатына арқа сүйейді. Қалай болғанда да, халыққа адал қызмет етіп, қажетін өтеу – алғыс аларлық тірлік. Әсіресе аудан орталығынан шалғай жатқан елді мекендерде кәсіппен айналысу, оның ішінде дүкен ашып, тұрғындарды тұрмысқа қажетті тауармен қамтамасыз ету – іскерліктің белгісі демеске лажымыз жоқ.
Азық-түліктің тез бұзылатынын ескерсек, оны сақтап, ұқсата білуге төзім мен табандылық керекақ. Олардың қатарында өз қаражатына кәсіп ашып, бүгінде Төребай би ауылының тұрғындарын азықтүлік, басқа да тұрмыстық тауармен қамтып отырған «Аяулым» дүкені елді мекендегі саусақпен санарлық сауда нысанының бірі. Оның жұмысын отбасының келіні, жас кәсіпкер Мөлдір Нұртазаева жүргізіп келеді.
Мөлдір Алдашбай ахун ауылының тумасы. 1995 жылы дүниеге келген ол орта мектепті бітірген соң Қызылорда медициналық жоғары колледжінің «Медбике» мамандығына оқыған. Қолына біліктілік дипломын алған жас 2015 жылы еңбек жолын №3 қалалық емханада мейіргер болып бастаса, 2018 жылы өмірлік серігін кездестіріп, Теребай би ауылының жігіті Қазбек Нәбимен отбасын құрады. Шаңырақ көтерген жастар қазіргі таңда ауылдың өнегелі жас отбасы. Үш бүлдіршіннің ата-анасы сәби күлкісімен шаңырағын шаттыққа толтырып, қуанышқа кенелуде.
– Мен жалпы қалада емханада жұмыс істеймін. Десе де, кәсібімізді қосымша жүргізіп отырмын. Шаңырақ көтерген соң тұңғышымыз Аяулым дүниеге келді, одан соң екінші сәбиіміз Айерке өмір есігін ашты. Осы баламызда бала күтіміне байланысты берілетін ұзақ мерзімді демалыста жолдасым екеуміз ақылдаса келе дүкен ашуды ұйғардық. Бұрын атаенем дүкен ұстаған екен. Кейін келе жабылып қалған. Соны әрмен қарай күйеуім жалғастырайық деп ұсыныс айтты. Бізге әрі қарай алып кету қиынға соқпады. Мал бордақылаумен айналысқан жолдасым, жиған-терген қаржысын дүкенге салып, өз қаражаты есебімізден аштық. Шағын жай салып, құжаттарын реттеп, бір ізге келтірдік. Сөйтіп, 2024 жылдан бастап кәсіп ашып, ауыл халқына тұрмыстық қызмет көрсетіп келеміз. Үшінші перзентіміз Нартай туылғанда да еңбек демалысын создырып, кәсібімізді дөңгелетіп жатырмыз, – дейді кейіпкеріміз жас та болса, кәсібінің сырымен бөлісіп.
Ауыл аудан орталығынан 25 шақырым қашықтықта жатқан соң, орталыққа қатынау тиімді емес. Сол себепті де жергілікті тұтынушылар ауылдағы дүкеннен сауда жасайды.
– Біздің дүкеніміз азық-түлік тауарына арналған. Керекті заттарды жолдасым қала, ауданнан тасымалдайды. Халыққа қолжетімді бағада ұсынып отырмыз. Ниет еткен адамға, қай істе де береке бар деп ойлаймын. Ол үшін адамға жауапкершілік, халықпен жұмыс істей алу қабілеті мен тәуекел ете білу керек. Ауылда малсыз отыру мүмкін емес. Біз де үйде мал ұстаймыз. Ата-анамызбен бірге тұрамыз. Айран, сүт, құрт-майымыз дастарқаннан арылмайды. Апам (енем) екеуміз жартылай фабрикаттар жасап, дүкенге шығарамыз. Оған халық үйренген. Қыс, күз мезгілінде жақсы өтеді. Сонымен қоса үйден бәліш, самса пісіріп, оны да сатуға қоямыз. Бәрі де еңбекпен келеді. Қолдан келгенше, үйдің де, дүкеннің де шаруасына үлгеруге тырысамын. Жолдасым әрдайым да қолдау білдіреді, қасымнан табылады. Сол үшін де отбасыма алғысым шексіз. Дүкеніміз шүкір, өз-өзіне жұмыс істеп тұр. Алдағыны уақыт көрсетеді, дегенмен жоспарымыз да жоқ емес. Берекелі кәсіп, өркенді іс, бәрі де еңбекпен келмек, – дейді жас кәсіпкер ана.
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕКҚЫЗЫ

















