» » КӘСІБІМЕН АБЫРОЙҒА БӨЛЕНГЕН

КӘСІБІМЕН АБЫРОЙҒА БӨЛЕНГЕН

Қай қоғамға көз жүгіртсеңіз де, озық дүниесі еңбекпен келген. Маңдайы терлеп, ізденгенінің арқасы. Білім де, ғылым да солай, жалпы қай сала да. Ал кәсіп екі бастан. Кәсіп демекші, сөзімізге арқау еткелі отырған кәсіпкер шағын ауылдың керек-жарағын өтеп, елден алғыс арқалаған жан.
Ол – Қармақшы ауылының тұрғыны Гүлханым Мамышева. Уақытында арнаулы да, жоғары да білім алған маман. 1993 жылы Жосалы кентінде дүниеге келген. Әкесі Болат Тілеубаев пен анасы Бағдагүл Оразбекованың перзенттерінің ішіндегі тұңғышы.
Жас қыз Ш.Уәлиханов атындағы №26 орта мектептің 9-сыныбын «Үздік аттестатқа» бітіріп, Астанадағы «Бизнес және технология» колледжіне оқуға түседі. 2011 жылы ол оқу орнын да «Қызыл дипломға» аяқтайды. Мұнан соң бас қаладағы Қазақ Технология және бизнес университетінен «Стандарттау, сертификаттау және өнім сапасын бақылау» мамандығы бойынша жоғары білім алады.
Оның еңбектегі алғашқы қадамы 2011-2015 жылдары «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәліз салынған тұспен қатар келіп, «Аккорд Окан» түрік компаниясында басталған. Әрі қарай Елордада құрылыс компаниясында екі жыл инженерлік қызмет атқарса, 2017 жылы болашақ жарын кездестіріп, Қармақшы ауылының Дархан есімді жігітіне тұрмысқа шығады.
Кәсіп иесіне заман талабына сай кәсіпкерлікпен айналысу идеясы да осы кезде келгендей. Гүлханым Болатқызы елімізде жүріп жатқан «Бизнес бастау» мемлекеттік жобасы аясында курс оқып, кәсіп ашуға кіріседі. Бизнес жоспарын сәтті қорғап, ауылшаруашылығын қолдау іс-шарасы бойынша мемлекеттік бағдарламамен 2018 жылы 2 млн теңге несие жеңіп алады. Осы қаржымен отбасының қолдауы арқылы мал басын көбейтіп, фазенда соғып, оны қожалыққа айналдырады. «Ауылдық жерде мал шаруашылығымен айналысу тиімді болған соң кәсібімізді дамытып, ірі қара басын көбейтуге отбасымызбен атсалыстық» дейді ол сөз арасында.
– 2022 жылы үй жағдайында жылдам дайындалатын тағам түрлері – фаст-фуд өнімдерін даярлап, сата бастадым. Енді оған халыққа бір жерден ұсынатын орын керек болды. Сөйтіп, көпшіліктің сұранысына сәйкес, ауылдан дүңгіршек ашып, қолайлы жағдай қалыптастырдым. Сауданы одан әрі жетілдіріп, биыл елді мекеннің орталығынан үлкен сауда-саттық дүкенін аштық. Бұл жұмыстарға жолдасым және отбасым қолдау білдірді. Қазір дүкенімізді халық тұтынатын тауарларға толтырудамыз. Ауыл халқы еңбегімізге дән риза. Себебі, оларға қажетті керек-жарақты ауданға ат арытып бармай-ақ бізден алуларына болады. Одан бөлек, кентте былтыр ашылған «Хит тауарлар» деген атаумен ұсақтүйек сататын дүкеніміздің де шаруасын дөңгелентіп отырмыз. Сондай-ақ қытай сайттарымен онлайн жұмыс істеп, табыс табудамыз. Қазақстанға тауар алдырып, тұтынушыларға жеткізіп беремін. Каргоның филиалы ретінде жұмыс істеп келе жатқаныма үш жылдың жүзі болады екен. Бұл да қосымша табыс көзі, – дейді көпбалалы ана.
Бұл жылды да аяқтап, жаңа жылға қадам басқалы тұрмыз ғой. Келер жылдан үміт күтетін халықпыз. Мамышевтар отбасының да алдағы уақытқа жобалаған жоспарлары аз емес. Атап айтқанда, Жосалы кентінен дүкен ашып, жеке қожалықта өндірілетін сүт және сүт өнімдерін халыққа ұсынсақ дейді.
– Қазіргідей сапасыз, химиялық қоспасы көп азықтүлік түрлерін тұтынғаннан гөрі, қолдың таза табиғи өнімдері – құрт, сары май, сүт, айран, қатық, қаймақ, сарысу, ірімшік қолданғанның қаншалықты денсаулыққа пайдалы екенін жұртшылық айтпаса да жақсы біледі. Сол себепті де аудан тұрғындарын табиғи өніммен қамту – басты мақсатымыз. Дүкенге атбасын тіреген үлкен-жас қалағанын тынығып отырып тұтынып та немесе өзімен бірге сатып алып кететіндей де ыңғайлы жолын қарастырмақпыз.
Бүгінгі таңда тұтынушылар үшін арнайы инстаграм парақшамыз бар. Сол арқылы да табиғи өнімдерге тапсырыс берулеріне болады, – дейді кәсібін жан-жақты дамытуды көздеген жас ана.
Ауылының алғысына бөленген кәсіпкер келіншектің жары Дархан Мамышев мұнай саласында еңбек етеді. Олар табысты кәсіпкер болумен қоса, отбасында бақытты ата-ана, адал жар. Олардың жанұясында Сезім, Гүлім, Хантөре, Елназар атты ұл-қыздар жасыл желектей тербеліп өсіп келеді.
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕКҚЫЗЫ
20 қазан 2025 ж. 99 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№79 (10447)

18 қазан 2025 ж.

№78 (10446)

14 қазан 2025 ж.

№77 (10445)

11 қазан 2025 ж.

Хабарландыру

ХАБАРЛАНДЫРУ

ХАБАРЛАНДЫРУ

15 қыркүйек 2025 ж.
Хабарландыру

Хабарландыру

02 қыркүйек 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 1 690
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңарған Жосалы
02 қыркүйек 2025 ж. 434

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031