» » КӘСІП БАСТАУ ЕШҚАШАН КЕШ ЕМЕС

КӘСІП БАСТАУ ЕШҚАШАН КЕШ ЕМЕС

Қуаңдария ауылына жолсапарымызда ерекше жағдайдың куәсі болдық. Өзін Роза Мұстафаева деп таныстырған ауыл тұрғыны 75 жасында кәсіп ашып, елді мекендегі санаулы азық-түлік дүкенінің бірін дөңгелентіп отыр.
Р.Төрахметқызының жасын арнайы сұраған адам болмаса, оған осындай жасты таңу мүмкін еместей. Қатарынан әлдеқайда жас көрінетін апайымыздың сөзі сергек, ойы жинақы. Шынайылығы да тәнті етті. Сөз басында аз-кем өмір баянына тоқталды.
Айтуынша, өзі Түрікменстанда туған. 5 жасында ата-анасы Қазақстанға, оның ішінде Қармақшы ауданына көш-көлік түзеген.
– Әкем әскери офицер болған кісі. Кезінде қызмет барысымен Түрікменстанда болып, менің бала кезімде Қазақстанға көшіп келген. Орта білімді Жосалы кентіндегі №414 мектептен алғанмын. Қазіргі №250 мектептің ізі. Оны тәмамдағасын Қызылордадағы М.Мәметова атындағы педагогикалық училищесінде мамандыққа оқыдым. Өмірдің заңы болар, дәмтұзымыз жарасып, осы Қуаңдария ауылының Оңалбаев Бегалы атты жігітіне тұрмысқа шығып, өмірге 8 бала келді. Жолдасым ауылда жүргізуші, гараж меңгерушісі, экспедитор қызметтерін атқарса, мен балабақшада жұмыс істеп, зейнетке шықтым. Балалардың бәрі өсіп-өніп, жан-жақта тұрады. Қолымдағы Амандық балам әскери комендатурада көлік жүргізеді. Келінім Гүлдерай клубта музыкант. Және Айна есімді қызым да ауылдық клубта әдіскер болып істейді. Осы дүкенді сол қызым былтыр ашып берген, – дейді кәсіпкер балаларына деген ризалық сезіммен.
Иә, расында да Айнаның анасына кәсіп ашып беру көптен ойында жүрген екен. Зейнетке шыққанына біраз болған анасының бір мезгіл елмен шүйіркелесіп, кәсіп істеуін қалапты. Тіпті қазіргі отырған шағын мекен-жайды сатып алып, анасына дүкен ұйымдастырып берген.
– Қызым «Ұзақ жылдан бері үйде отырсыз. Біруақ кәсіппен айналысып, ойыңызды бөліңіз, дүкен айналдырыңыз. Көптен ойымды жүрген іс еді, сәті енді келіп жатыр» деп, маған құрметін білдіргенде аса қобалжи қоймадым. Өйткені бұрын дүкенде жұмыс істеген азкем тәжірибем бар болатын. Келістім. Осылайша, былтырдан бері салыққа тіркеліп, кәсіпкерлігімді ашып, жұмыс бастап кеттім. Шүкір, денсаулығыма шағымым жоқ. Отырған шағын ғимарат өзіміздікі. Дүкеннің тұсаукесер рәсімін салтанатты түрде жасап, елдің батасын алдық. Айтса, халыққа қызмет істеу оңай емес. Аудан орталығынан шалғай жатқан елді мекен болғасын, көп тауар тасымалдай бермейміз. Дегенмен, тұрғындардың сұранысына қарай әрекет етудеміз. Басы артық дүние жоқ. Күнделікті 20-25 бөлке нанды Қызылордадан таксимен алдырамын. Басқадай азық-түлік түрлері фирмалар арқылы келеді. Олармен арада жасасқан келісім-шартымыз бар. Жаздыгүні балмұздақ, сусындарға сұраныс көбірек болады. Алда дүкенді кеңейткім келеді. Қазір киімкешек, азық-түлік тауарлары бір бөлмеде тұр. Соны бөлек бөлмеге орналастырсақ па деймін. Жайымыздың сыртын қаптап, жылуын қайта дұрыстап, жаңарту жұмыстарын жүргізу де ойда бар. Дүкен аумағын қоршау, абаттандыруды қолға алу – кезегін күтіп тұрған шаруа. Қазір жасым 75-те. Ауқымды жұмыс бір адамға бағына бермейді, сол үшін де балашағамызбен жабылып істейміз. Ауыл әкіміне ризамыз. Халықтың ауызбіршілігі де өте жақсы, – дейді "Алтын алқалы" ана алдағы жоспарларының да басын шалып.
«Сөйлей-сөйлей шешен, көре-көре көсем боларсың» деген дана халқымыз. Бір байқағанымыз – еңбек етемін, елге пайда тигіземін деген жан үшін іс бастау ешқашан кеш емес екені.
Сәрсенкүл АҚКІСІ
23 маусым 2026 ж. 125 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№47 (10515)

23 маусым 2026 ж.

№46 (10514)

20 маусым 2026 ж.

№45 (10513)

16 маусым 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 3 349
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 874

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930