» » Қасіретті жылдың куәгері

Қасіретті жылдың куәгері

Бүгінде туған жерінен айырылып, Сыр аймағына күшпен жер аудырылып келген өзге ұлт өкілдері баршылық. Солардың бірі – кәріс ұлтының өкілі Ким Пон Чини (Люба). Кейіпкеріміз ауданға іргелес жатқан Төребай би ауылының тұрғыны, тоқсанға таяған әже. Оның айтуынша 1937 жылы тағдырдың айда­уымен 2 жасында отбасымен ен даладағы қазақ өлкесіне жер аударылыпты. Сол жылы Қиыр Шығыста егін бітік шығып, пісімшілік уақыты жақындап, ел егінге орақ салуға дайындалып жүрсе керек. Кенет бір түнде солдаттар бүтін бір ауылды эшалон вагонына тиеп, қазақ даласына айдапты.
– Әкемнің айтуынша, форма киген солдаттар «Дайындалыңдар! Қазақстанға кө­шесіңдер. Әр адам 30 келіден аспайтын жүк алып шықсын» деп бұйрық беріпті. Олар тіршілігі жоқ ми далаға бара жатырмыз деп ойлап, тамағын, төсек-жабдығын буып түйіп, жолға қамданыпты. Ал жасы келген қариялар сабаннан тоқылған ке­бісімен вагонға мінген. 18 жастан жоғары ер-азаматтарды бөлек вагонға жи­наса, кемпір, бала-шағаны басқа ва­гонға тиеп, Мәскеу, Қазақстанға әкетіпті. Сөйтіп жер аударылғандардың негізгі бөлігін Оңтүстік Қазақстанға Сырдарияның бойына қалдырыпты. Паналайтын үй жоқ, көрпелерінен үйшік жасап, ауа-райының қолайсыз жаңбырынан қорғанып амалдапты. Бір аптадай сол жерде қалған олардың  балалары аштан қырылған. Балаларына зар еңіреген аналар қолмен жер қазып, төмпешік етіп көміп кете беріпті, – деді әңгімесін күрсіне жеткізе әжеміз.
Кейін солдаттар қайта келіп тірі қалғандарын көлікке отырғызып ау­дан­ның ауылдарына апарып жайғас­тырыпты. Әжеміз мешел қарт атасы, әкесі мен анасы, туған апасы және әкесінің қарындасы жөргектегі сәбиімен Энгельс (қазіргі Жаңажол ауылы) ұжшарына түседі. Шиеттей бала-шағасы бар Биданбай қарттың екі бөлмелі үйіне бүтіндей Ким әулетін «қарайласасыңдар» деп орналастырады. Сөйтіп екі бөлмелі кішкентай үйде екі әулет тұрыпты. Мал бағып күнелткен қазақтың тұрмыс-тіршілігі Ким әулетіне оңайға соқпайды. Өз елдерінде егіншілікпен айналысып, шөп-шаламды азық еткен оларға қазақ даласында күнелту аштыққа әкеп соғады. 1938 жылы екі қыздан кейін анасы Пак Гым Сен ұл босанып, шаңырағы тағы бір жанмен толығады. Алайда бұл қуаныш ұзаққа бармайды. Аузына дәм алып, қарын тойғыза алмаған анасы әбден жүдеп, қатты тарығады. Күн сайын көз алдында солған әйелі мен баласына алаңдаған отағасы Сен Ен отбасын алып ауруханаға жақын аудан орталығына көшеді. Тағдырдың ісіне шара бар ма деген. Бойына күш жинап, дертінен жазылмаған ұлдарынан бір жылдан соң айырылып қалады. Баласын жер қойнауына тапсырғаннан кейін анасы күнде бейітінің басына барып, таңнан күн батқанға дейін отырып қайтады. Осылайша жағдайы қайта нашарлайды. Әкелері осыдан кейін отбасын арқалап Жалағаш ауданының Калинин кеңшарына көшеді. Уақыт өте Пон Чини 8 жасында 10 жылдық орта мектепке 1 сыныпқа қабылданып, 7 сыныбын үздік бітіреді. Оның Полина атты әпкесі де бар-тын. Қыздарына қатты алаңдаған әке «қайтсем де қыздарымды оқытамын, ауылдың баласына бермеймін» деп дүниесін жинап облыстан бір-ақ шығады. Сөйтіп бұл қаладағы оқу орындарын аралап, кіші қызын медициналық училищеге оқуға түсіреді.
– Әкем дәрігер болуымды қалады. Ал мен ақ халат кигенді ұнатпадым. Себебі көп ауырғасын ба бұл мамандыққа қызықпадым. Кейін жақсы оқып, көптің алды болдым. Осыдан кейін дәрігер болу маған лайық екен деп түсіндім. Сөйтіп әкеме алғыс айттым. Осылайша төрт жылдық оқуымды аяқтап, талап бойынша 2 жыл облысқа қарасты елді мекенге жұмысқа кеттім. Қармақшы ауданына қарасты Ақжар ауылында мейірбике болып қызмет істедім. Бірақ ауыл халқы мені баласынып, «не біледі дейсің?» деп көрінуге келмейтін. Содан өзім ауылдың ішін аралап шықтым. Сөйтсем ауырған бала, дерті асқынған үлкендер көп екен. Міне, сол жандарды емдеп жазғаннан кейін тұрғындар маған сеніп, қаралатын болды. Олардан бір мақтау естігенім «Аспанда Құдай, жерде Люба келін барда ештеңеден қорықпаймыз» деп айтып жүрді. Осыдан артық қандай алғыс керек, – деді ағынан жарыла әжеміз.
Осылайша қызметте жүрген Люба уақыт өте ауылға жас маман болып келген Жақсылық Жалғасбаев есімді жігітпен танысады. Ол Қызылордадағы агротехникалық училищесінен гид­ро­техник-мелиоратор маман­ды­ғын бітірген-ді. Жақсылық ағамыз әс­керге барып, ол жақтан борышын өтеп келіп, Люба анамызбен бас қосады. Арада жыл жылжып екеуі өмірдің ащысы мен тұщы дәмін бірге көреді. Кейін жолдасының қызметіне қарай Төребай би ауылына көшіп, осында орнығады. Қазіргі таңда олар балаларынан немере, шөбере сүйіп отырған бақытты ата мен әже.
Ерсін СӘДУҰЛЫ
01 маусым 2022 ж. 5 750 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 058

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031