БАҚША ӨНІМІНЕ СҰРАНЫС ЖОҒАРЫ
«Қыстың қамын жаз ойла» демекші, ауылдағы ағайын ерте көктемнен күздің қара суығына дейін бел жазбай еңбек етеді. Бірі – несібесін Сыр салысынан айырады, енді бірі – бақша егіп, бала-шағасымен сонда жұмылады. Не болса да ұтымдысы – қалтаға салмақ салмай, өз еңбегіңнің жемісін көру, қысқы азығыңды қамдау.
Апта ортасында Жосалы ауылдық округіне атбасын тіреп, ауылдың тыныс-тіршілігімен танысып қайттық. Ауыл азаматтары таң ертесімен тазалық жұмысына кірісіп кеткен. Саябақ, көшелер тазалығымен көз тартады. Айналамыздағы жақсы әсермен ауыл әкімшілігіне маңдай тіредік. Ауыл әкімі Владимир Жалғасбаевпен амандық сұрасқан соң, ол елді мекендегі атқарылған шаруалардың бірсыпырасына тоқталды. Соның ішінде бақша дақылдары бойынша да қамтып өтті.
Биыл 4 шаруа қожалық бақшалық жер ашып, 35 гектарға дақылдар егілген. Оған Абзал Жақсылықовтың «Шабан ата», Кеңес Дөңбаевтың «Нұрбол», Ғабит Әбдіразақовтың «Амила» және Темірбек Бұқпановтың «Төкен ата» шаруа қожалықтары игі іске мұрындық болып отыр. 2 гектарға картоп, 1 гектарға көкөніс, 32 гектарға бақша өнімі орналастырылып, тұрғындардың алды әні-міне пісімшілік мерзімін күтуде. Қазіргі кезде су тапшылығы ешкімге жасырын емес. Осы ретте суды үнемдеуге байланысты 2 гектар жер тамшылатып суару арқылы жүзеге асуда.
Ауыл іргесіне іліккесін шаруалармен кездесе кетуді де жөн көрдік. Бірнеше жылдан бері халықтың бақша егуіне жағдай жасап, үлкендердің батасын алып жүрген «Төкен ата» шаруа қожалығының иесі – Темірбек Бұқпановты бақшалық басынан жолықтырдық. Ол бұл жұмыстарды осыдан 10 жыл бұрын бастап кеткен.
– Жалпы өзім Төребай би ауылының тумасымын. Қазіргі кезде Жосалы кентінің тұрғынымын. Кәсіпті 2016 жылы бастап, ауылдық округтен жалға жер алғам. Жұмыс сәуір айынан басталып, қоңыр күзге дейін жалғасады. Бастапқыда 7-8 гектарға дейін егіп жүрдім. 2019 жылдан бастап тұрғындарға да жер ашып, жағдай жасап келемін. Осы жылы 20 гектар жер жыртылды. Су жақсы келіп тұр. Дариядан аламыз. Ауылдың 20, Жосалы кентінің 12 тұрғынын бақшалық жермен қамтып отырмын.
Бақшадан бөлек, мал азығымен қамтамасыз етуде азын-аулақ шабындығым бар. Табиғи шөп, жоңышқа өсірумен де айналысамын. Техникаға келетін болсам, «Т-150» доңғалақты жер жыртуға арналған трактор, жоңышқа орып, қаттайтын техникалар бар. Дайын шөп тайлары аудан, ауыл көлемінде қолжетімді бағада пұлданады. Пресс шөбін шабындық басынан келіп алатын болса бір данасы 350 теңге, апарып сататын болсақ 500 теңгеден келеді, – дейді шаруа қожалығының басшысы Темірбек Айбергенұлы.
Сонымен қатар шаруашылық науқанында 3-4 адамды жұмыспен қамтамасыз етсе, төребайбилік Аманкелді Өтемұратовқа «Күміс жас» жобасы арқылы жұмыс беріп отыр.
– Алда жоспар көп. Бақша еккен адам, кәсібінен алыстамайды. Біз осы шаруаға кәсіптенгенбіз. Келешекте бақшалық көлемін ұлғайтсақ па деймін. Себебі бақша өніміне сұраныс жыл сайын артып келеді. Бұрын қауын-қарбыз «Газ-53» жүк көлігімен сатқанда 30-40 мың теңге болатын. Ал қазір бір «Жигули» өнім сол бағаны құрайды. Сол үшін де бақша еккен адам ұтпаса, ұтылмайды. Өзім басым 2 гектарға әміре, қарбыз, картоп егіп, бұйырса тамыз айының басында базарға шығарып қаламыз ба деп күтіп отырмын, – дейді шаруашылық басшысы.
Сәрсенкүл АҚКІСІ














