Жаңа Конституция жаңа қадам: Әділетті Қазақстанның болашақ бейнесі
Ата Заңның күшіне енуі жаңа тарихи кезеңнің бастауы болып, еліміздің заманауи мемлекеттік басқару жүйесін қалыптастыруға, қоғамдық сананы жаңғыртуға және жаңа қоғамдық этиканы орнықтыруға берік негіз қалады.
Конституцияның әрбір нормасы тек мемлекеттік органдардың қызметін ғана емес, әрбір мемлекеттік қызметшінің күнделікті жұмысын айқындайтын басты бағдар болуы тиіс.
Жаңа құжат мемлекеттік басқару құрылымын реформалап, билік тармақтарының өзара қатынасын жаңа деңгейде анықтауды мақсат етеді. Сарапшылар оны тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең ауқымды саяси реформалардың бірі деп бағалайды, себебі құжатта тек билік институттары ғана емес, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына қатысты нормалар да қайта қаралған.
Ата заңның жалпыхалықтық референдумда қабылдануы – еліміздегі конституциялық реформаның басты ерекшелігі. Мұның өзі мемлекет Басшысы алға қойған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының жарқын көрінісі. Жаңа Конситуцияда Егемендігіміздің еңсесін тіктеп, Тәуелсіздігіміздің тұғырын биіктететін көптеген артықшылықтар бар. Елдің болашағы, ұлттың мүддесі, келер ұрпақ алдындағы жауапкершілік - мемлекеттің ең басты қағидасы. Оны әрбір азамат қадірлеп, көздің қарашығындай қорғауы тиіс.
Сонымен бірге Конституциядағы негізгі идеялардың бірі - «Адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» қағидасы тыныштық пен тұрақтылық, ертеңгі күнге деген сенімділік, мемекетіміздегі әрбір отбасының амандығы мен әл-ауқаты болып отыр. Конституциядағы жаңа өзгерістердің түпкі мәні - тәуелсіздігімізді нығайту, қорғау және жаңа буынға қуатты мемлекетті аманат ету.
Жаңадан қабылданған Конституцияда технологиялық тұрғыдан дамыған, кез келген жаһандық сын-қатерге төтеп бере алатын Қазақстанның болашақ бейнесі айқындалды. Оның негізгі идеясы – барша азаматқа тең мүмкіндік беретін, заң үстемдігі орнаған, жауапты әрі өркениетті қоғам – Әділетті Қазақстанды құру.
Осы мақсатқа жетудің негізі ретінде «Заң мен Тәртіп», «Халық үніне құлақ асатын мемлекет», «Әртүрлі көзқарас – біртұтас ұлт», «Күшті Президент – Ықпалды Құрылтай – Есеп беретін Үкімет», «Адал азамат», «Таза Қазақстан» қағидаттары айқындалды.
Бұл қағидаттар мемлекеттік басқарудың ғана емес, әрбір мемлекеттік қызметшінің кәсіби қызметінің де басты өлшемі болуы тиіс.
«ЗАҢ МЕН ТӘРТІП» ҚАҒИДАТЫ
«Заң мен Тәртіп» – құқықтық мемлекеттің іргетасы әрі қоғамдық қауіпсіздіктің басты кепілі.
Барша азаматтың заң алдында тең болуы, заң бұзған адамның жазасыз қалмауы, жоғары құқықтық мәдениет қоғамдағы әділеттіктің негізі әрі өлшемі саналады.
Бұл қағидат соттардың және құқық қорғау құрылымдарының тиімді жұмыс істеуі, цифрлық технологияларды, жасанды интеллектіні енгізу арқылы құқық қолдану тәжірибесін жетілдіру және құқық қорғау жүйесіне қоғамның сенімін арттыру жолымен жүзеге асады. Цифрлық кеңістікте заңдылықты қамтамасыз етуге және азаматтарды киберқауіптерден қорғауға ерекше көңіл бөлінеді.
Заңдылық пен тәртіпті қамтамасыз ету үшін мемлекеттік органдар мен азаматтардың күш-жігерін жұмылдыру қажет.
«ХАЛЫҚ ҮНІНЕ ҚҰЛАҚ АСАТЫН МЕМЛЕКЕТ»
Бұл қағидаттың мәні – азаматтардың талап-тілегіне әділ және уақтылы ден қою, мемлекет пен қоғам арасында тұрақты әрі жүйелі диалог орнату.
Осы орайда, тоқтала кететін маңызды мәселе бұл мемлекетке қызмет көрсетудің сапасы. Мемлекеттік қызметші әрбір өтініштің артында адамның тағдыры тұрғанын түсінуі керек. Азаматқа формальды жауап беру емес, нақты нәтиже көрсету – халықтың мемлекетке деген сенімін арттырады.
Іс жүзінде бұл қағидат тікелей диалог, яғни, мемлекеттік органдар басшыларының халықпен кездесуі, сарапшылардың пікірталас алаңы, өкілді және консультативтік-кеңесші органдар арқылы жүзеге асырылады. Сонымен қатар, ашық үкімет порталы, «Е-petіtіon» онлайн-петициялар институты, азаматтар өтініш білдіретін «Е-Otіnіsh» порталы сияқты пәрменді цифрлық байланыс арналары іске қосылуда. Бірақ ең тиімді коммуникация – мемлекеттік қызметшінің азаматпен тікелей сөйлесе білу мәдениеті.
«ӘРТҮРЛІ КӨЗҚАРАС – БІРТҰТАС ҰЛТ» ҚАҒИДАТЫ
«Әртүрлі көзқарас – біртұтас ұлт» қағидаты барлық мемлекеттік шешімдер қоғамның пікірі ескеріле отырып, елдің мүддесі үшін инклюзивті тәсіл аясында қабылданады дегенді білдіреді.
Бұл қағидат азаматтардың референдум мен сайлауда дауыс беруі, диалог аландары мен консультативтік-кеңесші органдардың жұмысы, қоғамдық пікірді тұрақты зерделеу арқылы жүзеге асырылады.
Азаматтардың ортақ ұстанымына негізделген әділ әрі тиімді шешімдер мемлекеттігіміздің демократиялық тұғырын нығайтуға және елімізді орнықты дамытуға ықпал етеді.
«КҮШТІ ПРЕЗИДЕНТ – ЫҚПАЛДЫ ҚҰРЫЛТАЙ – ЕСЕП БЕРЕТІН ҮКІМЕТ» ҚАҒИДАТЫ
«Күшті Президент – Ықпалды Құрылтай – Есеп беретін Үкімет» қағидаты биліктің осы институттарының өзара үйлесімді әрекет жасайтынын білдіреді.
Президент институты – мемлекеттік басқару жүйесінің ең негізгі элементі және стратегиялық шешімдер қабылдау орталығы. Мемлекет басшысы реформалар жасау туралы бастама көтереді, мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындайды.
Құрылтай азаматтардың мүддесін білдіре отырып, қоғамдағы өзекті мәселелердің кеңінен талқылануын қамтамасыз етеді және заңдар қабылдайды.
Үкімет атқарушы органдар жүйесін басқарып, реформалардың тиімді іске асырылуына жауапты болады.
Бұл басқару моделі билік тармақтары арасындағы оңтайлы тепе-теңдік сақталған әділ мемлекеттік құрылымның жаңа институционалдық дизайнын қалыптастырады.
«АДАЛ АЗАМАТ»
«Адал азамат» – азаматтардың мінез-құлқы мен жүріс-тұрысының озық үлгісін қалыптастыруды және оны қоғамда орнықтыруды көздейтін қағидат. «Адал азамат» – заңды сыйлайтын, білімді, отаншыл, жауапкершілікті сезінетін, саламатты өмір салтын ұстанатын, адал еңбегімен табысқа жетіп, қоғамда сый-құрметке бөленетін азамат.
«Адал азамат» қағидаты отбасынан бастау алады. Отбасы – тұлға дамып өрбіген, өзара жауапкершілік, өзара құрмет, ұрпақтар сабақтастығы іспетті құндылықтар қалыптасатын орта.
Іс жүзінде бұл қағидат білім беру мекемелеріндегі оқу-тәрбие үдерісі, ауқымды ағарту жұмысы, мәдени-гуманитарлық, экологиялық жобалар, заңнамалық бастамалар, сондай-ақ, саламатты өмір салтын дәріптеу арқылы жүзеге асырылады.
«Адал азамат» қағидаты озық және әділетті қоғамның негізі болатын құндылықтар мен идеалдарды айқындайды.
«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» ҚАҒИДАТЫ
«Таза Қазақстан» қағидаты барша азаматқа ортақ жасампаз ой-сана жүйесін қалыптастырады.
Тазалық пен тәртіпті сақтау, тарихи-мәдени мұраны қорғау, табиғатты аялау ұлттық мінездің ажырамас сипаты болуға тиіс.
Бұл қағидат іс жүзінде қалалар мен ауылдарды абаттандыру, көгалдандыру және тазарту, экологиялық ортаны жақсарту, вандализм мен мәдениетсіздікке қарсы күрес ісінде мемлекет пен қоғамның күш-жігерін біріктіретін «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы аясында іске асырылады.
«Таза Қазақстан» – азаматтардың жауапкершілігін арттыра түсетін және қоғамда жаңа этика қалыптастыратын қағидат.
Бұл қағидаттың барлығы Қазақстан қоғамына тән өмір салтының және ел болашағының бейнесі – Әділетті Қазақстанның бірыңғай формуласын құрайды.
Әділетті Қазақстан – заң үстемдігі берік орнаған, демократиялық институттары мықты дамыған, адам мен азаматтың конституциялық құқығы және бостандығы мүлткісіз қорғалатын унитарлы мемлекет.
Әділетті Қазақстан – келешек ұрпақ алдындағы жоғары жауапкершілігін сезінетін, елдің дамуына елеулі үлес қосатын еңбекқор азаматтар қоғамы.
Бұл – тарихи тұғырына нық орнығып, алға ұмтылған озық ойлы қоғам. Қазақстан болашақта технологиялық тұрғыдан дамыған ел болуды көздейді.
Әділетті Қазақстан – жайлы өмір сүру, қызмет бабында өсу және бизнес жүргізу үшін баршаға бірдей мүмкіндік беретін мемлекет. Бұл экономикасы барлығы жағынан инновацияға, ауқымды цифрландыру үдерісіне негізделген және жасанды интеллект технологиясы жаппай енгізіліп жатқан, қарқынды дамитын ел. Бұл – азаматтардың әл-ауқаты мен тіршілігі сапасын арттыруға басты басымдық беретін мемлекет.
Әділетті Қазақстан – инвестиция мен адам капиталын тартатын өңірлік орталық. Өзінің ұлттық мүдделерін ойдағыдай ілгерілететін, бейбітшілікке әрі барлық елдермен достық қарым-қатынасты қолдайтын, әділ әрі орнықты әлемдік тәртіптің қалыптасуын қолдайтын орта держава.
ЖАЛПЫҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР – МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТІҢ МОРАЛЬДЫҚ НЕГІЗІ
Жалпыұлттық құндылықтар мемлекеттік қызметтің идеологиялық және адамгершілік өзегін құрайды:
Тәуелсіздік және отаншылдық;
Бірлік және ынтымақ;
Әділдік пен жауапкершілік;
Заң мен Тәртіп;
Еңбекқорлық пен кәсіби біліктілік;
Жасампаздық пен жаңашылдық.
Бұл құндылықтар мемлекеттік қызметші қызметінде нақты әрекеттер арқылы көрініс табуы тиіс. Әрбір қабылданған шешімде, әрбір көрсетілген мемлекеттік қызметте, әрбір азаматпен кездесуде осы қағидаттар басшылыққа алынғанда ғана қоғамның мемлекетке деген сенімі нығаяды.
Осы мақсатта Ұлттық құрылтай тәуелсіздік пен отаншылдық, бірлік пен ынтымақ, әділдік пен жауапкершілік, заң мен тәртіп, еңбекқорлық пен кәсіби біліктілік, жасампаздық пен жаңашылдық сияқты негізгі жалпыұлттық құндылықтардың тізбесін жасау туралы бастама көтерді. Сарапшылар мен азаматтардың ұсыныстарына, қоғам пікірін жүйелі зерделеу қорытындысына, пәнаралық зерттеуге негізделген осы тізбеде дәстүрлі, жалпы адамзатқа ортақ және заманауи құндылықтар үйлесім тапқан.
Еліміздің Конституциясында бекітілген бұл құндылықтар жүйесі саяси және идеологиялық көзқарасына, экономикалық және мәдени факторларға, әлеуметтік мәртебесіне қарамастан, Қазақстанның барша азаматына ортақ.
1) Тәуелсіздік және отаншылдық
Қазақстанның Тәуелсіздігі мен Егемендігі – ішкі және сыртқы мәселелерді өзіміз дербес шешу мүмкіндігімізді көрсететін іргелі құндылық. Бұл – ел бірлігінің және мемлекеттігіміздің қастерлі нышаны, оның мән-маңызын Президентіміз «Еліміздің Егемендігі мен Тәуелсіздігі – біздің ең басты қасиетті құндылығымыз» деген бір ауыз сөзімен айқындап берді.
Қазақстандық патриотизм мемлекетке, оның рәміздері мен ұлттық мәдениетіне құрметпен қарау, табиғатты аялау, еліміздің тарихи және рухани құндылықтарын қадірлеу, Отанымыздың бүгіні мен болашағына жауапкершілікпен қарау деген мағынаны білдіреді. Азаматтардың отаншылдық қасиеті еліміздегі әлеуметтік-экономикалық және мәдени үдерістерге белсене атсалысу, Қазақстанның жалпыұлттық құндылықтарын ұстану арқылы көрініс табуға тиіс.
Тәуелсіздік пен жасампаз отаншылдық бір-бірінен ажырамас ұғымдар. Олар біздің қоғамның құндылықтар жүйесінің іргетасы саналады. Тәуелсіздіктің арқасында қол жеткізген жетістіктерімізді мемлекеттің және жауапкершілігі мол отаншыл азаматтардың жасампаз қызметі арқылы ғана сақтап, еселеуге болады.
2) Бірлік және ынтымақ
Бірлік және ынтымақ – қоғамдағы тұрақтылық пен үйлесімділіктің тұғыры саналатын құндылықтар, жаңа сын-қатерлер жағдайында олардың өзектілігі арта түседі.
Ел бірлігін сақтау және нығайту саясаты «Бірлігіміз – әралуандықта» деген қағидаға арқа сүйейді.
Ел бірлігі тарихи тағдырдың ортақтығына, азаматтық құндылықтар мен жалпыұлттық бірегейлікке, барлық азаматтың озық дәстүрлерді ұстануына, заң алдыңдағы теңдігіне, деструктивті, радикалды және біздің қоғамға жат көзқарастарды қабылдамауына негізделеді.
Ынтымақ – баршамыздың бір елдің азаматы екенімізді сезіндіретін ұғым, ол ортақ мақсаттарға жету үшін бір-бірімізді қолдаудың және жауапкершіліктің маңызды екенін білдіреді.
Бірлік және ынтымақ құндылықтары елді жүйелі жаңғырту ісінде айрықша рөл атқарады, қоғамның реформаларды қолдау және азаматтардың стратегиялық міндеттерді шешуге атсалысу мүмкіндігін кеңейте түседі.
3) Әділдік пен жауапкершілік
Әділдік және жауапкершілік – қоғамда өзара сыйластықты, сенім мен келісімді нығайтатын, бір-бірімен тығыз байланысты ұғымдар.
Әрбір азамат өзінің рөлі маңызды екенін және жеке жауапкершілігін, құқықтары мен міндеттерін сезіне білуі керек. Бұл – шын мәнінде, орнықты, қарқынды дамитын және үйлесімді қоғам құрудың негізгі шартының бірі.
Әділдік пен жауапкершілік құндылықтары мемлекет пен азаматтар күш-жігерін біріктірсе ғана Әділетті Қазақстанды құруға болатынын көрсетеді.
4) Заң мен Тәртіп
Тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, заң бұзған адамды тиісті жазаға тарту – мемлекеттің негізгі функциялары.
Елімізде қоғамға жат мінез-құлыққа қарсы иммунитет, кез келген құқық бұзушылыққа "мүлдем төзбеу", қатігездік пен зорлық-зомбылықтың ешбір түріне жол бермеу сияқты ұстанымдар берік орнығып жатыр.
Әрбір азамат заң мен тәртіпті мүлтіксіз сақтау өзінің әл-ауқатын жақсартудың және қоғамдық мәдениет пен еліміздің өсіп-өркендеуінің кепілі екенін түсінуге тиіс.
Заң мен құқықтық тәртіптің үстемдігі – тұрақты әрі өркениетті мемлекеттің тірегі.
5) Еңбекқорлық және кәсіби біліктілік
Қоғамда, әсіресе өскелең ұрпақтың санасында «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» формуласы берік орнығып келеді. Бұл – жауапты, еңбекқор, өз ісін сүйетін адам ғана шынайы табысқа қол жеткізе алады дегенді білдіреді.
Жұмысшы мамандықтарының беделін көтеріп, еңбек адамына құрметпен қарау әрі жеке кәсіби біліктілікті бағалау, масылдыққа қарсы әрекет ету мәдениетін қалыптастыру қажет.
Еңбекқорлық пен кәсіби біліктілік құндылықтарын дәріптеу ел экономикасын дамыту үшін ғана емес, озық ойлы әрі бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыру үшін де маңызды.
6) Жасампаздық пен жаңашылдық
Жасампаздық пен жаңашылдық – идеялар мен инновациялар, цифрлық технологиялар және жасанды интеллект басты қозғаушы күш саналатын, индустриялық тұрғыдан дамыған әлемде еліміздің бәсекеге қабілетті болуының кепілі.
Озық ойлы қоғам құру үшін азаматтарымыздың өзгерістерге ашық болуы, жасампаздыққа ұмтылуы және креативті ойлай білуі маңызды.
Білімділік, сауаттылық, парасаттылық пен прагматизм қоғам менталитетінің ажырамас бөлігіне және әрбір азаматтың тұлға ретінде өсіп-жетілуінің негізгі факторына айналуға тиіс.
Жасампаздық пен жаңашылдық құндылықтарын ілгерілету үшін ағартушылық қызмет және қоғамда ғалымдар мен педагогтердің мәртебесін дәйекті түрде көтеруге бағытталған жұмыс маңызды рөл атқарады.
Зерделі ұлт қалыптастыру – қоғамның зияткерлік және мәдени әлеуетін нығайтудың, адами капиталды дамытудың маңызды шарттарының бірі.
Қазақстанның технологиялық тұрғыдан дамыған ел болуы үшін жасампаздық пен жаңашылдық құндылықтарын қоғамда бүгіннен бастап орнықтыру қажет.
Мадалиева Ақзада Алайдарқызы,
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік Басқару Академиясының
Қызылорда Облысы бойынша филиалының директоры, заң ғылымдарының кандидаты














