ҚОЛӨНЕРДІҢ ҚҰНДЫЛЫҒЫ
Қазақ халқының ұлттық қолөнері – ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан баға жетпес мұра. Соның ішінде құрақ құрау өнері – халқымыздың талғамын, тұрмыс-тіршілігін, ұқыптылығы мен шеберлігін танытатын ерекше өнердің бірі. Бүгінде ұлттық құндылықтарды дәріптеп, құрақ тігуді кәсіппен қатар өнерге айналдырып жүрген шеберлер аз емес. Олар атабабадан қалған асыл мұраны жаңғыртып, ұлттық өнердің өміршеңдігін дәлелдеп келеді.
Бүгінде ұлттық мұраны жаңғыртып, оны заман талабына сай дамытып жүрген шеберлер жетерлік. Солардың қатарында Жаңақорған ауданының тумасы, қуаңдариялық ісмер Боян Толабергенова да бар. Ол атадан қалған өнерді өмірлік серігіне айналдырып, ұлттық құндылықтың қадірін кейінгі ұрпаққа насихаттауда. Ол Жаңақорған ауданында 1961 жылы дүниеге келген. «Шеше көрген тон пішер» демекші, анасы Набат құрақшы болғандықтан бала күнінен оның жанында жүріп тігіншілікпен айналысады.
– Әжем де, анам да қолынан өнері тамған кісілер болған. Анам тігін ісі шебері әрі ауылдың белгілі ісмері еді. Кілем тоқитын, балаларына да тоқуды үйреткен. 5-сыныптан бастап кілем, жүннен түрлі бұйымдар тоқи беретінбіз. Сондықтан бұл өнер маған анамнан дарыған қасиет деп білемін, – дейді шебер.
Негізгі мамандығы мүлде басқа болғанымен, Боян апай қолөнерден ешқашан қол үзген емес. Қандай кезең болса да, сүйікті ісін серік етіп келеді.
1982 жылы Қызылорда ауылшаруашылығы техникумының мал дәрігерлік бөліміне оқуға түсіп, болашақ жары Бағыбар Алмахановпен бірге білім алады. 1985 жылы оқуын тәмамдап, еңбек жолын бірге бастайды. Көпбалалы әулетке келін болып түседі. Жас отбасы алғашқыда қалаға қоныс аударуды ойлағанымен, ауылда жұмыс табылып, туған жерден ұзамауды жөн көреді.
Алайда тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы экономикалық қиындық бұл отбасыны да айналып өтпейді. Қысқартуға ілініп, ерлізайыптылар уақытша жұмыссыз қалады. Кейін Боян апай ауыл дүкенінде сатушы болып еңбек етсе, жолдасы балабақшада шаруашылық меңгерушісі қызметін атқарады. Соған қарамастан, мал дәрігері ретіндегі тәжірибелерін де қажет кезінде пайдаланып отырған. Тек 2013 жылы ғана веттехник штаты ашылып, өз мамандығы бойынша қайта жұмысқа орналасады. 2019 жылы зейнеткерлік демалысқа шығады. Кейіпкеріміз үшін қолөнер – тек табыс көзі емес, жан тыныштығы.
– Тұрмысқа шыққанда енемнің сандығында небір мата қиындылары сақтаулы болатын. Солардың бәрін кәдеге жаратып, көрпе-көрпеше тігуді бастадым. Қолөнерден ешқашан қол үзген емеспін. Қыздарым да ескі киімдерін әкеліп береді, мен оларды жаңа дүниеге айналдырамын. Көбіне ши құрақ тігемін. Қазір үйренемін деген адамға мүмкіндік мол. Ғаламтордан түрлі үлгілерді қарап, жаңа әдістерді меңгеремін. Дайын бұйымдарымды сатамын. Ауыл тұрғындары да жиі тапсырыс жасайды. Жолдасым өмірден өткен кезде ауыр қайғыны еңсеруге де осы қолөнер көмектесті. Іспен айналысқанда көңіл басқаға ауып, жан жарасы біртіндеп жеңілдейді. Қазірде сол құрақтың бірнеше түрін тігіп жатырмын. Оның ішінде көбіне-көп келіншектерге арналған қызғалдақ, мінсіз құрақ, жұлдыз құрақ, ши құрақ секілді түр-түрін тігемін, – дейді Боян апайымыз.
Әсілінде ұлттық құндылықтың қадірі – оны сақтап, ұрпаққа жеткізе білген жандардың еңбегімен өлшенеді. Осындай ісмер аналардың арқасында қазақтың құрақ өнері өзінің өміршеңдігін жоғалтпай, жаңа заманмен үндесіп, ұлттық рухтың ажырамас бөлігі ретінде жасай беретіні сөзсіз.
Ақнұр САҒЫНТАЙ
















