» » РЕКОРД ЖАҢАРТҚАН ШЕБЕРЛЕР

РЕКОРД ЖАҢАРТҚАН ШЕБЕРЛЕР

Жуырда Алматы қаласындағы табиғаты көркем «Медеу» мұз айдынында ұлттық қолөнерді ұлықтауға арналған ерекше көрме өткен болатын. Бұл айтулы іс-шараның бастамашысы – белсенді қолөнер жанашыры, өнертанушы Нұргүл Абайхан. Аламан құрақ қауымдастығының ұйымдастыруымен мұз айдын алаңын толық қамтыған құрақ көрпешелер көптің ықыласына бөленді. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген 660 құрақшы арнайы өлшеммен, бір үлгімен тігілген көрпешелерімен бірге ұлттық нақыштағы алма жастық ұсынды. Барлық шеберлер ұлттық киім киіп, халқымыздың көне өнерін көпшілікке паш етті.
Бұл жобаның басты мақсаты – қазақтың дәстүрлі құрақ құрау өнерін дәріптеу және әлемдік рекорд орнату. Сондай-ақ өнерді сақтау және жаңғыртуға, қазақ халқының бірлігі мен ынтымағын ұжымдық шығармашылық еңбек арқылы паш етуге бағытталған. Бұл тек қолөнершілер мерекесі емес, ата-бабадан аманат болған дәстүр мен бірлікті ұрпаққа жеткізудің жаңа белесі. «Аламан құрақ – 2025» тек Қазақстан мәдени өмірінде ғана емес, әлемдік деңгейде маңызды оқиға болды. Жоба нәтижесі Global World Book of Records рекордтар кітабына тіркелді. Мұндай рухани жиыннан аудан шеберлері де шет қалмады. Біздің мекеннен 6 қолөнер шебері қатысып, рекордтың жаңартылуына үлес қосты.
Қазақы ою-өрнектерді әдемі кескінмен кестелеп, ұлттық жәдігерді ұлықтап жүрген шеберлермен «Руханият орталығында» кездесу өткізілді. Оған аудан әкімінің орынбасары Самат Смағұлов қатысып, шеберлерге ризашылығын білдірді.
– Ел арасында ұлттық өнерімізді дәріптеп, аудан абыройын асырып жүргендеріңізге мың алғыс. Қолөнер қазақ халқының өзімен бірге жасап келе жатқан құтты дүниесі. Атадан қалған өнерді ұрпақтан-ұрпаққа жалғап келе жатқандарыңызға ризашылығымызды білдіреміз. Әрбір істеріңізге сәттілік! Ұлттық өнер ұлықтала берсін! – деді аудан әкімінің орынбасары Самат Қыдырбекұлы.
Қызылорда қаласынан арнайы келген қолөнер шебері Үржамал Жайбергенова мәдени жоба жайлы тереңірек ақпар беріп, ел үшін орны бөлек оқиғаға үлес қосқан шеберлерге алғысын білдірді.
– «Аламан құрақ» – халқымыздың бірлігі мен кеңпейілділігінің айғағы. Бұл жоба үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылуда. Алғашқы жылы 200 шебер, былтыр көшпенділер ойыны аясында 450 қатысушы болса, биыл 660 қолөнер шебері қатысып, тарихи сәтке куә болды. Барлық көрпешелердің өлшемі мен өрнектері біркелкі болуы үшін арнайы маталар мен сызбалар еліміздің әр өңіріне алдын ала таратылды. Әр аймаққа бөлгенде қатысушылар саны жағынан Қызылорда облысы төртінші орыннан көрінді. Бұл – үлкен жеңіс. Себебі халық саны көп мегаполистерден кейінгі орынды біз иеленіп тұрмыз. Сондайақ дәл қазіргідей жаһандану дәуірінде ұлттық тамырымызды ұмытпау – ұрпақ алдындағы қасиетті борышымыз. Құрақ көрпе – халқымыздың өмір сүру салты мен эстетикалық талғамының көрінісі. Осындай игі шаралар арқылы біз жастарға ұлттық құндылықтарды сіңіріп, тәрбиелейміз. Осы орайда айта кеткен жөн. Рекордты тіркеу әділ әрі ашық өтті. Global World Book of Records ұйымы тарапынан сегіз тіркеуші, Чехиядан келген арнайы төреші және Үндістандағы тіркеу бөлімінің хатшысы онлайн режимде бақылау жүргізді, – деген шебер Үржамал Әбдібайқызы қатысушыларға сертификат табыстады.
Мұнан соң аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Әбдірахман Құлдүйсенов сөз алып, ұлттық өнерді ұлықтап жүрген барша шеберге алғыс айтып, осындай құтты өнерді ерекше балаларға үйретіп жүрген «Аңсаған» мүмкіндігі шектеулі балалар қоғамдық бірлестігінің тө­райымы Бақыткүл Райымбаеваға шексіз ризашылығын жеткізді. Мұндай өлшеусіз еңбек кез келгеннің қолынан келмейтінін айтып, алдағы жұмысына сәттілік тіледі.
Жиын соңында жиналған көпшілік «Аңсаған» мүмкіндігі шектеулі балалар қоғамдық бірлестігінің көрмесімен танысты. «Аламан құрақ» символы сый ретінде аудан әкіміне табысталса, көрмеден орын алған керемет бұйым аудандық тарихи-өлкетану музейіне ұсынылды.
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА
19 шілде 2025 ж. 371 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№55 (10423)

26 шілде 2025 ж.

№54 (10422)

22 шілде 2025 ж.

№53 (10421)

19 шілде 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 1 141
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031