» » Ши құрақтың шебері

Ши құрақтың шебері


Қолөнер – атадан балаға мирас болып келе жатқан қазағымыздың дәстүрі, бет-бейнесі. Оны дамытушының бірі – қуаңдариялық Боян Толабергенова бала кезінен ата дәстүрімізді жанына серік етеді. Ол Жаңақорған ауданында 1961 жылы дүниеге келген. Қызылдың қиясына, Алмахановтар отбасына келін болып түсіп, жақсы атымен танылып келеді. Қолөнер иесімен сөйлескенімізде әңгімесін әріден бастады.
– Кәмпескенің кезінде аталарымыз Тәжікстан асқан. Қиын заман, аштық жайлаған кезең. Атамыз сонда қайтыс болады. Әжем елге жетіп алуды ойлап, бала-шағасын ертіп Қазақстанға келеді. Жаңақорғанның Задария деген ауылына қарасты «1 Май» бөлімшесіне қоныстанады. Сонда 1969 жылы көш-көлігін тоқтатады. Әкем 49 жасында өмірден өтті. Анам Набат өнерші кісі болды. Әжем де, анам да қолынан өнері тамған кісілер болған. Анам тігін ісі шебері әрі ауылдың белгілі ісмері еді. Кілем тоқитын, балаларына да тоқуды үйреткен. Кілем, жүннен түрлі бұйымдар тоқи береміз. Қолөнершілік маған анамнан дарыған деп айта аламын, – дейді шебер.
Бір айтарлығы, Боян апамыздың негізгі мамандығы бола тұра, қолөнерін тастап көрмеген. Жұмыссыз қалған кезінде де осы өнерін кәдесіне жарата білген.
– 1982 жылы Қызылордадағы ауылшаруашылық техникумының мал дәрігерлік бөлімінде жолдасым Бағыбар Алмаханов екеуміз бірге оқыдық. 1985 жылы соңғы емтиханды тапсырып, бірге қол ұстасып осы ауылға келдік. Көпбалалы отбасына келін болып түстім. Апама (енеме) жұмыс жоқтығын себеп етіп қалаға кетейік деп айтып едік, үйде кілең ер бала болғасын, оның үстіне қайынағаларым да, қайынінілерім де үйленбеген екен. Көп күттірмей жұмыс та табыла кетті, бір жағынан енемді де қимадым жалғыз қалдыруға. Тағы да бірге оқыған курстасымыз бар еді, жолдасыма да, маған да, жаңағы курстасымызға да жұмыс табылды. Сөйтіп үшеуміз де мал дәрігері болып жұмысқа орналастық, – дейді ол сөз арасында өткен күндерді еске алып.
Жұмысқа орналасқанымен, тұрақты болмаған көрінеді. Қысқартулар келіп, жұмыстан маза кеткен. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарының қандай болғанын аға буын жақсы біледі. Бұл отбасынан да ол қиындықтар айналып өтпеген. Ерлі-зайыптылар 1993 жылдары бірден жұмыстан қысқарып, уақытша өздерінше күнелткен. Отанасы қызметін ауылда дүкенші болып жалғастырса, отағасы елді мекендегі балабақшада шаруашылық меңгерушісі болып жұмысқа тұрады. Кәсіби мамандар сонда да болса мал шаруашылығына арагідік араласып, қызметтерін жасап жүрген. Тек 2013 жылы веттехник штаты ашылып, жұмысты болған. 45 мың теңге көлемінде жалақы алып, ұл-қыздарын жоғары білімге оқытады.
– 2 қыз, 1 ұлымыз бар. Үшеуі де жоғары білімді, мұғалімдікті бітірген. Меруерт – дефектолог маманы. Жалағаштың Таң деген ауылында тұрады. Айдана балабақшада тәрбиеші болып істейді. Ол Қызылордада тұрады. Қуандық Шымкент қаласынан география пәні бойынша магистратураны бітіріп жатыр. Қолөнер бала кезімнен жаныма жақын. Тұрмыс құрып келгенімде енемнің сандығында мата-шүберек деген өте көп, үйде атамыз тігін тігеді екен. Аяқ машинасы бар соны Кенже атты қайныма қол машинаға айналдырып өзгертіп алдым. Сол құралмен көрпе-көрпешелер тігіп тастайтынмын. Ешқашан қолөнерден қол үзген емеспін. Қыздарым да кейде киілмейтін киімдер әкеліп тастайды. Бәрін қажетке жаратамын. Солардан құрақ құрап, іске асырамын. Көбінесе ши құрақ құраймын. Қазір талап қылғанға жол ашық. Ғаламтордан неше түрлі үлгі табуға болады. Ютуб каналдан қарап отырып, бұйымдар тіге беремін. Ши құрақтың да түр-түрі кездеседі. Сатуға да шығарамын. Қаражат артық етпейді. Қостанайда тұратын сіңлім бар, сол тапсырыс береді. Соған жіберемін де тұрамын. Бір айдың көлемінде 2 құрақ көрпеше тігіп шығарамын. Ауылдан да тапсырыс беретіндер бар. Ауданда ұйымдастырылатын көрмелерге 1991 жылдан бері қатысамын. Келешекте де осы кәсібімді жалғастыра беремін. Қолөнермен айналысу ойыңды бөледі, бір жерің ауырып тұрса, соны ұмыттырады. Жолдасым қайтқанда қатты қиналдым. Сол бір ауыр уақытта осы қолөнерім сәл де болса ойымды бөліп, уайым-қайғыны сейілдірді, – дейді ши құрақтың шебері.
Сәрсенкүл РАЙЫМБАЕВА
30 маусым 2024 ж. 506 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 298

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 396

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930