» » ТІГІННЕН ТАҒЫЛЫМ ТАПҚАН

ТІГІННЕН ТАҒЫЛЫМ ТАПҚАН

Қазақ халқы қыз баланың тәрбиесіне ерекше мән берген. «Қыздың жолы – жіңішке» деп оның бойына ибалықпен қатар өнер мен еңбекке деген икемділікті де сіңіре білген. Кесте тігіп, құрақ құраған, дастарқанын сәндеп, шаңырағын шаттыққа бөлеген аналардың өнегесі ұлт тәрбиесінің алтын арқауына айналды. Осындай қасиетті жолды жалғап келе жатқан жанның бірі – Т.Көмекбаев атындағы №250 мектеп-лицейдің талантты ұстазы, шебер қолөнерші Жәмиля Әзизқызы.
Ол ауданға қарасты Майлыөзек ауылында дүниеге келген. Оның бала күнінен өнерге жақын болып өсуіне отбасының ықпалы ерекше еді. Әкесі ісмер, қолөнерге бейім жан болса, анасы тігін тігудің қыр-сырын меңгерген шебер болатын. Үй ішінде тігілген кестенің өрнегі мен тігін машинасының үні кішкентай Жамиляның жүрегіне өнерге деген сүйіспеншілікті ерте ұялатты.
Әкесі қызының тігінге деген бейімін ерте аңғарған екен. «Қыз бала өнерлі болса, ешқашан жерде қалмайды» деп жиі айтып отыратын. Кейін әкесі ауданда тігін комбинатын ашып, оған қызының құрметіне «Жәмила» деген атау береді. Ел ішінде бұл тігін шеберханасы көпке танылып, талай жанның ризашылығына бөленген орынға айналады.
Жәмиля өзінің алғашқы еңбек жолын дәл сол өз әкесі ашқан тігін комбинатынан бастайды. Қайшының сылдыры мен тігін машинасының үні естілген шеберханада оның арман-мақсаты айқындала түсті. Бұл жер Жәмиля үшін жай ғана жұмыс орны емес, өмірлік тәжірибе мектебі еді.
Мектеп қабырғасында жүргенде ұстазы Гүлзира апайдан электрлі тігін машинасымен жұмыс істеуді үйреніп, алғаш алжапқыш пен юбка тіккен сәттен бастапақ оның болашақ жолы анықталғандай болатын. 2000 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетіне грант негізінде оқуға түсіп, 2004 жылы оқу орнын тәмамдайды. Сол жылы мектепке көркем еңбек пәнінің мұғалімі болып жұмысқа орналасып, ұстаздық жолын бастайды.
Содан бері Жәмиля Әзизқызы шәкірт тәрбиесін өмірінің басты мұратына айналдырып келеді. Оның сабағында оқушылар тек тігін тігуді үйренбейді. Олар еңбекке адал болуды, төзімділік пен ұқыптылықты, ұлттық құндылықты қадірлеуді меңгереді. 2011 жылы ашылған тігін үйірмесі көптеген оқушының өнерге деген қызығушылығын оятты. Ұстаз тәрбиелеген шәкірттер аудандық, облыстық, республикалық байқауларда жүлделі орындарды иеленіп жүр. «Алтын қазына», «Бояулар құпиясы» секілді байқаулардағы жетістіктер – ұстаз еңбегінің жемісі.
Жәмиля Әзизқызы ұлттық қолөнерді заман талабымен үйлестіре білген шебер жан. Құрақ құрау, кесте тігу, бисермен тоқу, макраме, квиллинг өнерлерін дәріптеп қана қоймай, оны оқушылардың бойына сіңіруде. Ұстаздың тағы бір қыры – ұлттық тағам дайындаудағы шеберлігі. Қазақы дастарқанның сәнін келтіретін түрлі тағамдар, қазы-қарта айналдыру, қамыр жаю, ішек-қарын тазалау секілді ұмытылып бара жатқан ұлттық дәстүрлерді де кейінгі буынға үйретіп жүр.
Ол – көпбалалы ана, ардақты жар, аяулы ұстаз. Отбасындағы жылулық пен мектептегі ұстаздық өнеге оның бойынан үйлесім тауып жатады. 2026 жылы «Үздік көркем еңбек пәні мұғалімі» байқауында І орын иеленуі – жылдар бойғы тынымсыз еңбектің жемісі.
Бүгінде ол – ұлттық өнердің қадірін ұлықтап жүрген шынайы жанашырлардың бірі. Әкеден дарыған өнерді шәкірт санасына сіңіріп жүрген ұстаздың өнегелі жолы – кейінгі ұрпаққа үлгі. Өнермен өрілген өмірдің осындай иелері барда ұлттық мұрамыздың тамыры үзілмесі анық.
Гүлжанат ДҮЗЕНОВА
26 мамыр 2026 ж. 92 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№39 (10507)

26 мамыр 2026 ж.

№38 (10506)

23 мамыр 2026 ж.

№37 (10505)

19 мамыр 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 3 179
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 744

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031