Тайлақ батыр
(тарихи толғау)
Қара шаңырақ қазағым,
Атыңды тасқа жазамын.
Татулық, бірлік болмаса,
Заманның білдің тозарын.
Тарихты ашып оқысаң,
Тартыпсың тағдыр азабын.
Мың өліп, мың тіріліп,
Кешіпсің бастан тозағын.
Жұлқысқанда жоңғармен,
Қырқысқанда қалмақпен,
Түспепті оттан қазаның.
Қарыс жер үшін айқасып,
Үзіпсің дұшпан тұзағын.
Қадірлеп тағзым етеді ел,
Батырдың іздеп мазарын.
Жыраулардың ізімен,
Термелеп айтып берейін,
Тайлақтай ердің ғазалын.
2
Қорған боп кеткен жеріне,
Тілеймін иман өліге.
Шығыстан жоңғар шүйілді,
Даламның байтақ төріне.
Қалың қол әкеп қоршады,
Сұқтанып қыр мен беліне.
Жүзіктей өзен, шөбі алтын,
Құт қонған жайлау көліне.
Үш жүзге қырғын әкелді,
Ойрансап ішке еміне.
Төрт түлік кетті айдалып,
Көген мен тұрған желіде.
Қонтайшылар құтырды,
Тұз себем деп тегіңе.
Күңіренді сонда кең дала,
Қос қабырғасы сөгіле.
Әбілқайыр хан болды,
Кіші жүздің еліне.
Батырлар жебе оқ жонды,
Жетті деп шыдам шегіне.
Табын Сәрке, Тама Есет,
Қыннан қылыш суырды,
Тұлпарға ер сап тебіне.
Бес Бозғылдан Арыстанбай,
Үш қырлы көк найзамен,
Тас балқытты деміне.
Телеуден шыққан ер Тайлақ,
Бөрілі байрақ көтерді,
Қақ ортадан көріне.
Байұлы, Кете, алты Әлім,
Аруақтарды оятып,
Ат қойды жаудың шебіне.
3
Қазақты тағдыр сынады,
Қайда деп қайсар ұланы?
Ат тұяғынан даланың,
Жұлынды жусан, құрағы.
Қара шаңырақ шайқалып,
Шаң басты кәусар тұманы.
Ұлы жүз бен Орта жүз,
«Ақтабан шұбырынды» боп,
Қаратау, Сырға құлады.
Жетісудан босқан жұрт,
Ұясын жоқтап ұлардай,
Шулаған шілдей шұбады.
Жеті атаны өксітті,
Жоңғардың салған лаңы.
Қазақты тағдыр сынады,
Дүрсілден тұнды құлағы.
Қарақұмға ең алғаш,
Содан соң Ордабасыға,
Құрылтай жасап құп алды.
Тау менен тасты жаңғыртты,
Бөгенбай мен Тайлақтың,
Күркіреп салған ұраны.
Сандалкөк мінген Саңырық,
Талас жақтан қол бастап,
Бұлантыға атты бұрады.
Дулаттан шыққан Өтеген,
Дауылпаз, дабыл ұрады.
Жетірудың жасағы,
Көбе бұзар оқ салып,
Мергендер тобын құрады.
Жылан боп шаққан жоңғардың,
Жұлынын үзіп толтырды,
Сегіз сай, жеті жыраны.
Найзасы айға шағылып,
Таудай боп тұрды Тайлақ ер,
Мойнында аят тұмары.
Сәрке батыр таң алды,
Алдаспанын суырды,
Күбірлеп іштей Құранды.
Жан-жақтан қоршап өңірді,
Торғауыт, ойрат төгілді.
«Аңырақайдағы» шайқаста,
Найзаға түсіп шаншылып,
Ақ сауыттары сөгілді.
Шабылған бастар қаңбақтай,
Домалап құмға көмілді.
Болаттай берік Бөгенбай,
Құрыштай күшті Қабанбай,
Темірдей мықты Тайлақтар,
Топ жарып алдан көрінді.
Қызыл қырғын ішінде,
Жөңкіле қашқан көп қалмақ,
Жансауғалап берілді.
Қолбасы Шона Доба да,
Қазақтан жойқын жасқанып,
Амалсыз артқа шегінді.
Қырық мың қолдан айрылып,
Тас-талқан болып жеңілді.
4
Дулығалы Тайлақтың,
Мергендік біткен бойына.
Күндіз-түні қазақтың,
Тағдыры тұрды ойында.
Бір өзі онға татыды,
Жайық пен Тобыл, Ойылда.
Қалмаққа тұрды қасқайып,
Қайыңдай біткен қайырға.
Жау шебін бұзған Ақбозбен,
Тайлақты көрді Қабанбай,
Сүмбіленің айында.
Ерлігі елге тарады,
Бұлантыдағы көрсеткен,
Қаһармандығы жайында.
«Алтын бүркіт» белгісін,
Бас қолбасы сыйлады,
Соққысын теңеп шойынға.
Тайлақтың жорық жолдары,
Таусылмас қисса шайырға.
Жауға бермей қайтарды,
Боздақтар туған жерлерді.
Телеу Тайлақ батырды,
Баһадүрге ел теңгерді.
Қаракерей Қабанбай,
Қанжығалы Бөгенбай,
Ошақтыдағы Саңырық,
Солармен қатар тең көрді.
Ырғыз, Сыр, Торғай, Балқаштың,
Даласын қорғап дем берді.
Тіс қайрап кірген қалмақтар,
Сұсынан қорқып шерленді.
Жұтуға келген жоңғарды,
Артына аттың өңгерді.
Жекпе-жекте жау жақтан,
Шыққанын түгел жеңгенді.
Қалайша халқы ұмытар,
Тақ үшін емес елінің,
Бағы үшін туған ерлерді.
Қайтпаған жаудан жүрегі,
Тұқымы текті ер еді.
Орбұлақ шайқас кезінде,
Жалаңтөс батыр қасында,
Қоршаудан ханды құтқарған,
Мәтінің үлкен ұлы еді.
Аталары би, батыр,
Телеудің болған тірегі.
Тайлақтың таудай тұрқы бар,
Төбесінде бұлты бар.
Ел шетіне жау тисе,
Сайсүйегі сырқырар.
Арыстан болып алысып,
Жолбарыстай жұлқынар.
Жанарының шоғы бар,
Қабағының оғы бар.
Аманат еткен халқына,
Рухының құлпы бар.
Тайлақтың атын өшірмей,
Ұмытпайтын жұрты бар,
Ұлықтайтын ұлты бар.
Сәнтөре ПІРМАНҰЛЫ














