Құрылтай
» » ЭКОНОМИКАЛЫҚ ТҰРАҚТЫЛЫҚ – МҮМКІНДІКТЕР БАСТАУЫ

ЭКОНОМИКАЛЫҚ ТҰРАҚТЫЛЫҚ – МҮМКІНДІКТЕР БАСТАУЫ

Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде аудан әкімі Жандос Еркінбек 2026 жылдың алғашқы жарты жылында атқарылған әлеуметтік-экономикалық даму бағытындағы жұмыстардың қорытындысы бойынша брифинг өткізді.
Брифингте аудан басшысы өңірдің негізгі әлеуметтікэкономикалық көрсеткіштеріне тоқталып, негізгі бағыттар бойынша жоспарлы жұмыстардың жүйелі жүзеге асырылып жатқанын атады.
– Ауданның әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны жыл сайын артып келеді. Биылғы жылдың алғашқы жарты жылдығында негізгі көрсеткіштер бойынша оң нәтижеге қол жеткізілді. Бұл – мемлекеттік бағдарламалардың тиімді орындалуы мен атқарылған жұмыстардың нақты нәтижесі.
2026 жылға аудан бюджеті бастапқыда 9,0 млрд теңге көлемінде бекітілсе, шілде айындағы нақтылау барысында бюджет көлемі 5,9 млрд теңгеге ұлғайтылып, жалпы көлемі 15,0 млрд теңгені құрады.
Осы жылдың қаңтар-маусым айларының қорытындысында аудан бюджетінің түсімдері 4,9 млрд теңгені құрап, жоспар 102,5 пайызға орындалды. Сонымен қатар, аудандық бюджеттің меншікті кірістері алғашқы алты айда 1,6 млрд теңгені құрап, бекітілген жоспар 108,4 пайызға орындалды. Нәтижесінде жергілікті бюджетке жоспарланған межеден 121,5 млн теңге артық қаражат түсті, – деді аудан әкімі.
Брифинг барысында аудан әкімі барлық негізгі әлеуметтік-экономикалық бағыттар бойынша 100 пайыздан жоғары көрсеткішке қол жеткізілгенін атап өтіп, алдағы кезеңде де өңірдің тұрақты дамуын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жалғасын табатынын жеткізді.
Ауданның ауылшаруашылығы саласын дамытуда жүйелі жұмыстар жалғасын табуда. Егін шаруашылығын әртараптандыруға, су ресурстарын тиімді пайдалануға және ауылшаруашылығы өндірісінің өнімділігін арттыруға ерекше мән беріліп отыр.
Биыл ауданда жалпы көлемі 24788 гектар жерге ауылшаруашылығы дақылдары орналастырылды. Оның ішінде 11449 гектары күріш болса, биыл алғаш рет 733 гектар алқапқа дәндік жүгері егілді. Елді мекен тұрғындарын бақша өнімдерімен қамтамасыз етуде 960 отбасыға 420 гектар жер бөлініп, қосалқы шаруашылықты дамытуға қолдау көрсетілді.
Ауылшаруашылығымен қатар, мал шаруашылығында да оң көрсеткіштер қалыптасуда. Осы жылдың қаңтар-мамыр айларының қорытындысында ауданда барлық түлік мал басының өсімі қамтамасыз етілді.
Брифингте су ресурстарын тиімді пайдалану және ирригациялық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстарына ерекше назар аударылды. Су үнемдеу технологияларын енгізу мақсатында жалпы ұзындығы 88,5 шақырымды құрайтын 12 каналды бетондау бойынша жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде. Жобалардың жалпы құны 26,7 млн теңгені құрайды. Сондай-ақ Т.Көмекбаев ауылдық округінің «Қарақ» учаскесіндегі 5 көзді гидротехникалық құрылысқа 19,5 млн теңгеге жөндеу жүргізіліп, қазіргі таңда су тоспасы қалыпты жұмыс істесе, Иіркөл ауылына қарасты «Жапалақ» каналының 4,5 шақырымына 7,0 млн теңге көлемінде механикалық тазалау жұмыстары жүргізілуде.
Ел экономикасында басты фактор атқаратын саланың бірі – кәсіпкерлік. Ауданымызда да кәсіпкерлікті дамыту мен инвестиция тарту жұмыстары жалғасуда. 2026 жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша ауданда 2837 кәсіпкерлік субъектісі тіркелсе, оның ішінде 2701 субъект белсенді қызмет атқарып, белсенділік деңгейі 95,2 пайызды құрап отыр. Жыл басынан бері мемлекеттік қаржылай қолдау бағдарламалары аясында жалпы құны 326,6 млн теңге болатын 37 жоба қаржыландырылды. Оның ішінде «Ауыл аманаты» бағдарламасымен 35 жобаға 292,6 млн теңге, ал Аграрлық несие корпорациясы арқылы 2 жобаға 34,0 млн теңге көлемінде жеңілдетілген несие берілді. Инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бағытында да жүйелі жұмыстар жалғасын тауып, Өңірлік үйлестіру кеңесінің шешімімен жалпы құны 67,5 млрд теңгені құрайтын 4 инвестициялық жоба мақұлданып, сүйемелдеуге алынды. Аталған жобалар толық іске қосылғанда 168 жаңа жұмыс орны құрылып, ауданның өндірістік әлеуетін арттыруға және халықты тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.
Мемлекеттің болашағы – білімді ұрпақта. Білім – елдің зияткерлік әлеуетін қалыптастырып, тұрақты дамуына негіз болатын маңызды сала. Аудан басшысы Жандос Еркінбекұлы осы бағытта ауданымызда сапалы білім беру мен өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасауда жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанына тоқталып өтті.
– 2025-2026 оқу жылында 14872 оқушы білім алды. Биыл мектепті 903 түлек тәмамдап, олардың 823-і немесе 91,1 пайызы Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға тіркелді. Оқу жылының қорытындысы бойынша 61 түлек «Алтын белгі» иегері атанса, 80 түлек «Үздік аттестатқа» ие болды. Республикалық пән олимпиадасының облыстық кезеңіне ауданнан 123 оқушы қатысып, олардың 38-і жүлделі орынға ие болды. 21 оқушы алғыс хатпен марапатталды. ҰБТ қорытындысында ауданның 2 түлегі 137 балл жинап, жоғары нәтиже көрсетті. Бұл көрсеткіштер ауданның білім беру саласында жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстардың тиімділігін айқындап, оқушылардың білім сапасы мен бәсекеге қабілеттілігінің артып келе жатқанын байқатады, – деді аудан әкімі.
Халыққа сапалы әрі қолжетімді қызмет көрсетуде медицина саласының орны бөлек. Бұл бағытта да қажырлы жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, аудандық аурухана жалпы құны 584 млн теңгені құрайтын жаңа медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, тұрғындарға заманауи талаптарға сай медициналық қызмет көрсетуде. Жедел медициналық көмектің қолжетімділігі мен тиімділігін арттыруда аудандық жедел медициналық көмек бөлімшесіне жеке ғимарат берілді. Қазіргі таңда аудан орталығындағы медициналық ұйымдарда халыққа қызмет көрсету үшін 6 санитарлық автокөлік пайдаланылуда. Ауылдық елді мекендердегі 6 дәрігерлік амбулатория мен шалғайдағы 1 фельдшерлік пунктте тұрғындарға жедел медициналық көмек көрсету мақсатында 6 жедел жәрдем автокөлігі қызмет атқаруда. Сонымен қатар аудан бойынша бюджеттен тыс демеушілердің қолдауымен әлеуметтік көмекке мұқтаж 605 азаматқа қайырымдылық көмек жасалды.
Оның аясында азық-түлік себеттері мен өзге де әлеуметтік қажеттіліктер табысталды.
Мемлекетіміздің үнемі назарында келе жатқан халықты әлеуметтік қорғау, жұмыспен қамтуды арттыру және тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту – ауданның әлеуметтік саясатындағы басым бағытының бірі саналады. Биылғы жылдың 6 айында жұмыс іздеуші ретінде «Мансап» орталығына 2925 адам жүгініп, олардың 1027-сі тұрақты және уақытша жұмыс орындарына орналастырылды. Есепті кезеңде әлеуметтік қолдау шараларына 112,1 млн теңге бағытталып, 380 азамат жұмыспен қамтылды. Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек аясында 82 отбасыға 30,7 млн теңге төленді. Сонымен қатар аталған отбасылардағы 128 балаға 3,1 млн теңге көлемінде қосымша әлеуметтік көмек көрсетіліп, атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарындағы 13 жұмыссыз азамат тұрақты жұмыспен қамтылды. Ұлы Жеңістің 81 жылдығына орай 269 ардагер мен оларға теңестірілген азаматтарға 56,1 млн теңге көлемінде біржолғы әлеуметтік көмек берілді. Оның ішінде тыл еңбеккерлері, Ауған соғысының ардагерлері, Тәжік-Ауған шекарасындағы әскери қимылдарға, Таулы Қарабақ пен Ирактағы бітімгерлік миссияларға қатысушылар, Чернобыль апатын жоюшылар, Семей ядролық сынақ полигонынан зардап шеккендер және басқа да санаттағы азаматтар қамтылды.
Халықтың әлеуметтік осал топтарын тұрғын үймен қамтамасыз етуде жалпы құны 3,0 млрд теңгені құрайтын 100 екі пәтерлі тұрғын үйді сатып алуға қаржы қарастырылып, құрылыс жұмыстары басталды.
Ауданда бұқаралық спортты дамыту, спорттық инфрақұрылымды жетілдіру және жоғары жетістіктер спортын қолдауда бірқатар жұмыстар жүзеге асуда. Осы жылдың маңызды оқиғаларының бірі – 17-23 маусым аралығында ауданда алғаш рет ауыр атлетикадан жасөспірімдер арасындағы Қазақстан Республикасы чемпионатының өткізілуі болды. Дүбірлі додаға еліміздің 14 облысынан 300-ге жуық спортшы қатысып, ауданның спорттық әлеуетін танытуға мүмкіндік берді.
Спортшылардың жетістіктері де жыл сайын артып келеді. Биыл Қазақстан Республикасының ұлттық құрама командаларының қатарына ауданнан 9 спортшы қабылданса, халықаралық және республикалық жарыстарда аудан спортшылары 13 медаль жеңіп алды. Жыл басынан бері 11 спортшы түрлі спорттық дәрежелерге ие болды.
Халықтың спортпен тұрақты айналысуына қолайлы жағдай жасау үшін құны 11,5-36,8 млн теңге аралығындағы бірнеше спорт және ойын алаңының құрылысы жүргізілуде. Ұлттық спортты дамыту бағытында да маңызды жобалар қолға алынған. Ауданда алғаш рет «Ақтөбе и К» ЖШС демеушілігімен Ақтөбе ауылында жалпы құны 80 млн теңгені құрайтын ипподромның құрылысы жүргізілуде. Нысанды осы жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Адамның рухани мәдениетін көтеріп, елмен елді жақындататын – мәдениет пен өнер саласы. Жүз жыраудың мекені атанған қасиетті Қармақшы топырағында мәдениет саласының әлеуетін арттыру, тұрғындардың рухани өмірін байыту және тарихи-мәдени мұраны сақтауда көптеген жұмыс жүргізілуде. Бүгінде аудан бойынша 34 мәдениет мекемесі халыққа қызмет көрсетсе, мәдениет ұйымдары жанынан 120 шығармашылық үйірме жұмыс істейді. Есепті кезеңде тұрғындардың мәдени-рухани дамуын қамтамасыз етуде 877 мәдени-көпшілік іс-шара ұйымдастырылды. Мәдениет ұйымдарының жанындағы үйірмелердің қатысушылары түрлі деңгейдегі 28 байқауға қатысып, 50 жүлделі орынға ие болды. Тарихи-мәдени мұраны сақтау бағытындағы жұмыстар да тұрақты жалғасып, қазіргі таңда аудан бойынша 66 тарих және мәдениет ескерткіші мемлекет қорғауына алынып отыр.
Қоғамның қозғаушы күші жастар десек, жастардың әлеуетін арттыру, оларға қолайлы жағдай жасау ауданда тұрақты түрде жүзеге асырылуда. Бос уақытын тиімді ұйымдастыру және салауатты өмір салтын насихаттауда жыл басынан бері түрлі форматта 88 іс-шара өткізіліп, оған 6 мыңнан астам жас қатысты. Сонымен қатар жастарды маусымдық жұмыспен қамтуға бағытталған «Жасыл ел» жастар еңбек жасағы жобасы аясында 2026 жылы 110 жасты жұмыспен қамту жоспарланған. Маусым-шілде айларында 80 жас жұмыспен қамтылса, тамыз айында тағы 30 жасты жұмыспен қамту көзделуде. 2026 жылдың «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» болып жариялануына сәйкес, жастардың цифрлық сауаттылығын арттыруда аудандық «Руханият» орталығында IT Park Qyzylorda орталығының филиалы ашылып, өз жұмысын бастады. Онда жастарға жасанды интеллект, цифрлық технологиялар және IT бағыттары бойынша тегін білім алып, заманауи дағдыларды меңгеруге мүмкіндік жасалған.
Ауданда инженерлік инфрақұрылымды дамыту бағыты қарқын алған. Тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруда инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту, елді мекендерді табиғи газбен және сапалы электрмен қамтамасыз ету – кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.
Газдандыру саласында биыл республикалық бюджеттен 250,0 млн теңге бөлініп, Иіркөл және Төребай би ауылдарына газ желілерін тарту жобалары іске асуда. Оның ішінде, Иіркөл ауылын газдандыру жобасының жалпы құны 378,9 млн теңгені, ал Төребай би ауылындағы жобаның құны 497,1 млн теңгені құрайды. Бүгінде аудан халқының 74,8 пайызы табиғи газдың игілігін көруде. Бұдан бөлек, демеушілердің қолдауымен ІІІ Интернационал ауылын газдандыруға арналған жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Ал Ақтөбе, Ақжар ауылдарын газдандыру бойынша жобалықсметалық құжаттамаларды дайындауға қатысты келіссөздер жүргізілуде.
Электр желілерін жаңғырту бағытындағы жұмыстар да жалғасын табуда. 2024 жылы ауданның 2 ауылдық округінде, 2025 жылы тағы 2 ауылдық округте электр беру желілері қайта жаңғыртылған болса, биыл жалпы құны 1,7 млрд теңгені құрайтын 4 ауылдық округтің электр желілерін жаңғыртуға қажетті қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстарын бастау жоспарланып отыр. Жоспарға сәйкес, 2028 жылға дейін аудан аумағындағы тозығы жеткен электр желілерінің 90 пайызы кезең-кезеңімен жаңартылатын болады.
Аудандағы жол-көлік инфрақұрылымын дамыту, тұрғындарға қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстар да өз реттілігімен жүзеге асырылуда. Биыл жол инфрақұрылымын күтіп ұстауға 37,4 млн теңге бөлініп, мердігер мекеме аудан көлеміндегі автомобиль жолдарын, көше жарықтандыру желілерін және жаяу жүргіншілер жолдарын күтіп ұстау жұмыстарын атқаруда. Биыл жалпы құны 1,7 млрд теңгені құрайтын 5 көшеге күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр.
Сонымен қатар, облыстық маңызы бар «Жалағаш-Жосалы» автомобиль жолының 46-шақырымында, Қызылтам елді мекені тұсындағы теміржол арқылы өтетін көпірді күрделі жөндеуге 1,4 млрд теңге бөлініп, құрылысы жүргізілуде.
Жол желісін кезең-кезеңімен жаңғырту мақсатында демеушілердің қолдауымен жалпы құны 3,4 млрд теңгені құрайтын 38 көшені жөндеу бойынша жобалық құжаттамалар әзірленді. Қаржыландыру мәселесі оң шешімін тауып, жөндеу жұмыстары 2026-2028 жылдары кезеңкезеңімен іске асырылады. Сондайақ, Жосалы кентіндегі Мырзағалиева көшесінен теміржол өткелін салу жобасы бойынша барлық қажетті құжат рәсімделіп, тиісті мемлекеттік органдардың келісімдері алынды. Қазіргі таңда жобаны қаржыландыру мәселесі қаралуда. Жобаның жалпы құны 5,5 млрд теңгені құрайды.
Брифинг соңында аудан әкімі бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сұрақтарына жауап беріп, алдағы кезеңге жоспарланған негізгі міндеттер мен бағыттары жөнінде пікір білдірді.
Сәрсенкүл АҚКІСІ

15 шілде 2026 ж. 96 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№52 (10520)

14 шілде 2026 ж.

№51 (10519)

09 шілде 2026 ж.

№50 (10518)

04 шілде 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 3 468
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 967

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031