ҚАРМАҚШЫ АУДАНЫНДА ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУ КӨРСЕТКІШТЕРІ ТҰРАҚТЫ ӨСІМДІ КӨРСЕТУДЕ
![]() | ![]() |
Қармақшы ауданында әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша тұрақты оң серпін сақталуда. Бұл туралы Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингінде аудан әкімі Жандос Еркінбек мәлімдеді.
Брифинг барысында аудан басшысы ауданның негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштеріне тоқталып, барлық негізгі бағыттар бойынша жоспарлы жұмыстардың жүйелі жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.
– Ауданның әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны жыл сайын артып келеді. Биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында негізгі көрсеткіштердің барлығы бойынша оң нәтижеге қол жеткізілді. Бұл – мемлекеттік бағдарламалардың тиімді орындалуы мен атқарылған жұмыстардың нақты нәтижесі, – деді аудан әкімі.
2026 жылға аудан бюджеті бастапқыда 9,0 млрд теңге көлемінде бекітілген болатын. Шілде айындағы нақтылау барысында бюджет көлемі 5,9 млрд теңгеге ұлғайтылып, жалпы көлемі 15,0 млрд теңгені құрады.
2026 жылдың қаңтар–маусым айларының қорытындысы бойынша аудан бюджетінің түсімдері 4,9 млрд теңгені құрап, жоспар 102,5 пайызға орындалды.
Сонымен қатар, аудандық бюджеттің меншікті кірістері алғашқы алты айда 1,6 млрд теңгені құрап, бекітілген жоспар 108,4 пайызға орындалды. Нәтижесінде жергілікті бюджетке жоспарланған межеден 121,5 млн теңге артық қаражат түсті.
Брифинг барысында аудан әкімі барлық негізгі әлеуметтік-экономикалық бағыттар бойынша 100 пайыздан жоғары көрсеткіштерге қол жеткізілгенін атап өтіп, алдағы кезеңде де ауданның тұрақты дамуын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жалғасатынын жеткізді.
















