ЖАС МАМАННЫҢ ЖАУАПТЫ ҚАДАМЫ
Қазіргі таңда мемлекет тарапынан жастарды қолдауға бағытталған көптеген бағдарлама жүзеге асырылуда. Соның бірі – тәжірибесі жоқ, бірақ кәсіби білімі бар түлектерді жұмысқа орналастыруға мүмкіндік беретін «Жастар практикасы» жобасы. Бұл бастама жас мамандарға алғашқы еңбек жолын бастауға үлкен қолдау болып, тұрақты жұмыс табуға жол ашып отыр.
«Жастар практикасына» жоғары немесе арнаулы орта оқу орнын енді ғана бітірген, мамандығы бойынша жұмыс тәжірибесі жоқ, жасы 35-ке дейінгі азаматтар қатыса алады. Маңызды шарттардың бірі – оқу орнын бітіргеніне үш жылдан аспауы тиіс. Сонымен қатар, бұл бағдарламаға колледж түлектері де еркін қатыса алады. Бұл – әрбір жас маман үшін өз саласында тәжірибе жинақтап, кәсіби дағдыларын жетілдіруге берілген үлкен мүмкіндік.
Бағдарлама аясында қатысушылар 12 ай бойы нақты мекемелерде тәжірибеден өтеді. Осы уақыт ішінде олар өз мамандығы бойынша жұмыс істеуді үйреніп қана қоймай, еңбек тәртібі мен кәсіби жауапкершілікті де меңгереді. Ең маңыздысы – көптеген жас маман тәжірибе мерзімі аяқталмай жатып-ақ сол мекемеде тұрақты жұмысқа қабылданып жатады.
Нұрсұлтан Әбуханов – Қызылорда медициналық колледжін фельдшер мамандығы бойынша тәмамдаған жас маман. Оқу орнын сәтті аяқтаған ол өз кәсібіне деген қызығушылығы мен жауапкершілігінің арқасында алғашқы еңбек жолын «Жастар практикасы» бағдарламасы арқылы бастады. Бұл мүмкіндік оған теориялық білімін тәжірибемен ұштастырып, медицина саласының маманы ретінде қалыптасуына жол ашты.
Практика барысында Нұрсұлтан науқастарға алғашқы медициналық көмек көрсету, дәрігердің нұсқауы бойынша емдік шараларды орындау, тұрғындардың денсаулық жағдайын бақылау сияқты маңызды міндеттерді меңгеріп келеді.
Бүгінде ол Қуаңдария ауылдық фельдшерлікамбулаториялық бекетінде еңбек етуде. Талапты жас ауыл тұрғындарының денсаулығын сақтау жолында аянбай қызмет етіп, өз ісіне адалдығымен және кәсіби біліктілігімен ерекшеленуде.
– Қазіргі таңда «Жастар практикасы» бағдарламасы аясында еңбек етіп жүрмін. Осы уақыт ішінде өзіме жүктелген міндеттерді жауапкершілікпен орындап, әр тапсырманы сапалы әрі уақытылы атқаруға тырысамын. Жаңа білім мен тәжірибе жинақтап, кәсіби дағдыны жетілдіруге тұрақты түрде көңіл бөлемін. Әріптестерімнің тәжірибесінен үйреніп, өз ісіме ұқыптылықпен қараймын. Жұмыс барысында бастамашылдық танытып, кез келген тапсырманы тиянақты орындауға ұмтыламын.
Бұл бағдарлама мен үшін кәсіби тұрғыдан шыңдалуға, тәжірибе жинақтауға және болашақ еңбек жолыма берік негіз қалыптастыруға үлкен мүмкіндік беріп отыр. Алдағы уақытта да өз білімім мен біліктілігімді арттырып, өз саламның білікті маманы болуға бар күш-жігерімді жұмсаймын, – дейді жас маман.
Ақнұр САҒЫНТАЙ














