» » Жас мамандарға жаңа мүмкіндік

Жас мамандарға жаңа мүмкіндік

Біршама жылдан бері ел жастары «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының игілігін көруде. Бұл жобаның басты мақсаты – ауылдық аймақтарды қажетті әлеуметтік, техникалық мамандармен қамтамасыз ету. Жас мамандарды ынталандыру мақсатында мемлекет тарапынан көтерме жәрдемақы төлеп, баспана алуына жеңілдетілген несие беріледі.
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің бұйрығына сәйкес, өткен жылдың 1 сәуірінен бастап «Дипломмен – ауылға!» жобасының сенімді өкілі болып «Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» тағайындалды. Жоба тұрғын үй сатып алуға немесе салуға несие беруді және көтерме жәрдемақы төлеуді көздейді.
Азаматтардың уақытын үнемдеу және оларға осы мемлекеттік қолдауды алу процесін жеделдету үшін «Дипломмен – ауылға!» жобасы цифрлық форматқа ауыс­тырылып, өтінімдер otbasybank.kz жылжымайтын мүлік порталында онлайн режимде қабылданып жатыр.
Жобаға қатысуға өтінім беру үшін қатысушы otbasybank.kz порталында тіркелуі және ЭЦҚ көмегімен өтінімге қол қоюы қажет.
Бағдарламаға ауылдық жерлерге енді ғана келген немесе бұрыннан тұрып жатқан жұмыс істейтін денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілері санатына жататын мамандар қатыса алады.
Өткен жылы ауданда «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша 55 маман көтерме жәрдемақы және 62 маман жеңілдетілген несиемен қамтамасыз етілді. Оның ішінде түрлі сала мамандары қамтылған. Ал биыл 55 маманға көтерме жәрдемақы және 60 маманға тұрғын үй сатып алуға жеңілдетілген несие алу үшін қаржы бөлінген.
Осы орайда бағдарлама игілігін көріп, қажетіне пайдаланған маманның бірі – Жеткерген Мұратбеков. Ол ауданға қарасты Алдашбай ахун ауылының тумасы. Аталған бағдарлама арқылы тұрғын үйге қол жеткізген мемлекеттік қызметкерді сөзге тарттық.
– Мен Павлодар Мемлекеттік педагогикалық уни­верситетінің түлегімін. 2018 жылы оқуды бітіріп, 2019 жылы туып-өскен жерім Алдашбай ахун ауылдық округі әкімі аппаратына әдіскер маман болып жұмысқа қабылдандым. 2020 жылы бас маман қызметіне ауысып, қызмет атқарып келемін. «Дипломмен – ауылға!» мемлекеттік бағдарламасына 2020 жылы өзгерістер еніп, мемлекеттік қызметшілер де алуға болатынын естіп, өткен жылы бағдарлама арқылы көтерме жәрдемақы мен жеңілдетілген несие алып, тұрғын үйге қол жеткіздім. Көпшілік бұл бағдарлама тек қана жастарға, жоғары оқу орнының биылғы түлектеріне арналған жоба деп түсінеді. Бұл қате пікір, қате түсінік. Бағдарламаға қатысу үшін жапжас болу, университет немесе институт бітіру міндет емес. Сондай-ақ колледж түлектері де қатыса алады. Ең бастысы, ауылды көркейтуге үлес қосуды мақсат етіп, ауыл үшін қызмет еткісі келетін аталған саланың мамандары болуы тиіс. Жобаның басты талаптарының бірі – қатысушылар ауылдық жерде мамандығы бойынша 3 жыл жұмыс істеуі керек. Бұл бағдарлама біз секілді жастардың жігерін жандырады. Мемлекет тарапынан осындай қолдауға ие болғаныма ризамын, – дейді білікті маман.
Иә, бұл жастар үшін үлкен көмек, әрі еңбек етуге шабыт берері сөзсіз. Жоғарыда атап өткеніміздей, бұл бағдарлама біршама мамандықты қамтиды. Соның ішінде ветеринария мамандығына да мол мүмкіндік бар. Мәселен осы саланың маманы Марал Серікқызы өткен жылдың желтоқсан айында бағдарламаның жақсылығын көрген жанның бірі. Жас маманның пікіріне зер салсақ.
– Мен 2018 жылы Қазақ ұлттық аграрлық университетін ветеринария мамандығы бойынша бітірдім. Осы жылы өмірлік серігім жолығып, Жосалы кентіне тұрмысқа шығып, былтыр кенттегі ветеринариялық стансаға ветеринариялық дәрігер қызметіне қа­былдандым. «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы жайлы естіп, жастарға арналған жақсы мүмкіндік екенін түсіндім. 2023 жылдың басында құжат тапсырып, кезекке қойылдым. Бағдарлама қатысушысы ретінде жас мамандарды қолдауда жыл соңында мемлекет тарапынан берілетін тұрғын үй көмегін алдым. Бұл мен үшін үлкен мүмкіндік болды. Сондайақ жұмысқа деген ынтамыздың артуына да септігін тигізді. Жастар үшін осындай қолдаудың болғанына қуаныштымын, – дейді Марал Зарап.
Мемлекет тарапынан қолдауды сезіну әрбір жас маман үшін орны бөлек дүние. Ал бағдарлама туралы ақпаратты егжей-тегжейлі білгіңіз келсе, аудандық ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөліміне бас сұғуға болады. Ондағы мамандар елді көркейтемін деген жастарға бағытбағдар беруге әрқашан дайын.
Индира ТӨЛЕУОВА,
аудандық ауыл шаруашылығы мен
жер қатынастары бөлімінің жетекші маманы
29 сәуір 2024 ж. 213 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 279

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 374

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930