Жастар жасы ұлғайды: НЕ ӨЗГЕРМЕК?
qarmaqshy-tany.kz Жастар – ұлт үмітін арқалаған ел ертеңі. Үміт пен сенімді ақтау сол буынның парызы. Сол себептен де жастар қазіргі қоғамның жетекші күші ретінде еліміздің дамуы үшін жауапты екені мәлім. Еліміздің тарихы мен мәдениетінің тағдыры, дамуы мен модернизациялануы, жалпы бүгіні мен ертеңі де жастарға байланысты. Жастар қай заманда, қай елде болмасын, асқақ арман мен үміт, биік ар мен өр намыстың символы болған.
Биылғы жылдың ақпан айында жастар туралы заң күшіне енді. Жаңа заңда жастарға қатысты бірнеше жаңашылдық бар. Осы орайда заңнамада қарастырылған басты өзгерістерге тоқталып өтсек.
Заңға сәйкес жастар ұғымының шегі ұлғайды, яғни ендігі уақытта 35 жасқа дейінгі азаматтар аталған санатқа кіреді. Осылайша елімізде жастардың үлесі 3,7 млн-нан 6 млн-ға дейін артты. Енді 35 жасқа дейінгі азаматтар жастарға арналған мемлекет тарапынан қарастырылған жеңілдіктер мен мүмкіндіктерді пайдалана алады.
Заңнамадағы келесі жаңашылдық елімізде жастардың даму индексі енгізіледі. Еске салсақ, осыдан бірер жыл бұрын Мемлекет басшысы жастар арасында даму индексін енгізуді ұсынған еді. Биыл қаңтарда Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жастар индексінің әзірленіп жатқанын хабарлады.
Жастарды дамыту индексі – денсаулық сақтау, білім беру, жұмыспен қамту, қоғам өміріне араласу, бос уақытты тиімді өткізу, қауіпсіздік деңгейін талдауға арналған жиынтық.
Сонымен қатар NEET санатына кіретін жастарды да жаңалық күтіп тұр. Елімізде аталған санатқа жататындардың қатары көпбалалы және жалғызбасты аналармен көбейді. Бұған дейін NEET санатына тек жұмыссыз жастар ғана есептелетін.
Тағы бір айта кетерлігі, жаңа заңнамаға сәйкес елімізде жастармен жұмыс жөніндегі маман пайда болды. Ол – жастардың жеке және әлеуметтік дамуын қолдауға бағытталған іс-шараларды жүзеге асыратын қызметкер. Аталған маманның мемлекеттік жастар саясаты мәселелері жөніндегі уәкілетті орган бекіткен сипаттамаларға сәйкес біліктілігі болады.
Жастар туралы заңның тағы бір ерекше тұсы, елімізде еңбек жасақтары құрылады. Жастардың еңбек жасақтарына қатысу үшін 14-35 жас аралығындағы ел азаматтарынан өтінімдер қабылданады. Құжаттар жастар ресурстық орталықтарына тікелей жүгіну немесе «EL JASTARY» интернет-ресурсы арқылы тапсырылады. Жасақ құрамына қабылданған азаматтар көшелер мен саябақтарды абаттандыру, аумақтарды көгалдандыру, бос уақытты тиімді ұйымдастыру бойынша жұмыс, мәденибұқаралық іс-шараларды өткізу және оған қатысу, жастардың қажеттіліктері мен мүдделері негізінде ҚР заңнамасына қайшы келмейтін өзге де жұмыстармен айналысады. Яғни, жастар еңбек жасақтарының қызметі ҚР заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады. Ескеретіні – жасақ құрамындағы азаматтар зиянды немесе қауіпті еңбек жағдайлары бар жұмыстарға жіберілмейді.
Жастар санатындағы әрбір жас мемлекет ұсынған түрлі бағдарламаға да еркін қатыса алады. Оның ең алғашқысы – 2,5 пайыздық несие. Несиенің бұл түрін 21-35 жастағы кәсіпкерлер ала алады. Негізгі шарттарына келсек, номиналды сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 2,5%. Ал қарыздың ең жоғары сомасы – 5 миллион теңге. Берілу мерзімі – 5 жыл, ал мал шаруашылығы саласы үшін – 7 жыл. Міндетті түрде кепілге зат қойылуы тиіс. Сондай-ақ негізгі берешек пен сыйақыны өтеу бойынша жеңілдік кезеңі қарастырылған. Ол несие берілген мерзімнің үштен бірінен аспауы шарт. Ал мүмкіндігі шектеулі азаматтарға несие өтеусіз беріледі. Өтінімдер «Аграрлық кредиттік корпорация» АҚ-сында қаралады.
Ал екінші мүмкіндік – жастарға арналған жалдамалы баспана. Бүгінде үш ірі мегаполисте, яғни Астана, Алматы, Шымкент қалаларында жұмыс істейтін жастарға жалдамалы баспана беріледі. Оны жеке меншікке сатып алуға рұқсат жоқ. Бірақ жалға алу ақысы төмен. Соның арқасында бес жылдың ішінде алғашқы жарнаны жинап алуға болады.
Бағдарламаның негізгі шарттары – қатысушының 35 жастан аспауы, аталған қалаларда кем дегенде 2 жыл тұрақты тіркеуде тұруы, тұрақты жұмыс орнының болуы, жеке меншікте баспананың болмауы, ақшаны жинауға арналған депозитті ашу, ай сайынғы табыстың нақты көлемі көрсетілуі тиіс. Жастарға арналған бұл жеңілдік бойынша Астанада тұрғын үй қорына, Алматыда қоғамдық даму басқармасына, ал Шымкентте отбасы, жастар және балалар істері жөніндегі басқармасымен байланысып, құжат тапсыруға болады.
Үшіншісі – 35 жасқа дейінгі жастар ипотека ала алады. Қазіргі таңда «Елорда жастары» мен «Алматы жастары» сияқты ипотекалық бағдарламалар басқа өңірлерде біртіндеп іске қосылуда. 2025 жылға дейін оған барлық облыс қосылады. Осы бағдарламамен жастарға жеңілдетілген ипотека беріледі. Әрбір өңірде шарттары әртүрлі. Бұдан бөлек, Отбасы банкінде «Жас отбасы» деген тағы бір ипотекалық бағдарлама бар.
Жастарға деген тағы бір мүмкіндік – ол жастар практикасына қатыса алуы. Қазақстанда білім беру ұйымдарының түлектері үшін жастар практикасы да ұйымдастырылады. Негізгі мақсаты – алғашқы тәжірибе жинақтауға көмектесу. Сондықтан 35 жасқа дейін бұрынғы немесе жаңа мамандық бойынша тәжірибе болмаса, жастар практикасы бағдарламасына қатысуға болады. Жастар практикасының мерзімі – 6 ай. Мемлекет тарапынан жалақы төленеді. Бағдарламаға қатысу үшін тұрғылықты жері бойынша жұмыспен қамту орталығына бару керек.
Жаңа заңның берер бесінші мүмкіндігі – «Жас маман» жобасы. Бұл жоба аясында колледждерде индустрия мен қызмет көрсету саласы бойынша сұранысы жоғары 100 мамандықтың біреуін меңгеріп алуға болады. Ол үшін мемлекет кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдарын қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз еткен. Осы жобаны іске асыру үшін шетелдік сарапшылар да тартылды. Жоғарыда аталғандардан бөлек, елімізде жастарға арналған «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бар. Ал Астанада «Еңбек» тұрғын үй бағдарламасына қатысып көруге болады. Яғни, талаптансаң, көп нәрсеге жетуге болады. Біз санамалап көрсеткендей, мемлекет жастарға осындай мол мүмкіндіктер ұсынып отыр. Ал сол мүмкіндіктерден мейлінше өзіне тиімдісін қанжығалап, пайдасына асыратындар ғана көш басынан көрінбек.
Алайда, «Отызыңда орда бұзбасаң, қырқыңда қамал ала алмайсың» деген даналыққа ден қойып, 35-ке келгенше мен жаспын деп арқаны кеңге салмай, мемлекет берген мүмкіндікті уақытында тиімді пайдаланған жөн. Себебі жаспын деп желпініп жүргенде, қалай қырыққа келгеніңізді аңдамай қалуыңыз бек мүмкін.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ