Құрылтай
» » МЕЙІРІМДІЛІК – ӨМІРІНІҢ МӘНІ

МЕЙІРІМДІЛІК – ӨМІРІНІҢ МӘНІ

Қай кезде де еңбек бақыт пен берекенің бастауы болған. Әрбір жан өзі қалаған мамандығына адалдықпен қарап, жауапкершілік таныта білсе, мемлекетіміздің болашағы да жарқын болмақ. Медицина саласы, оның ішінде мейірбикелердің қоғам денсаулығын сақтап, науқастарға күтім көрсетуде қосып жүрген үлестері ұшан-теңіз. Олар дәрігердің нұсқаулығын орындаумен қатар, жанына шипа іздеген науқастардың дертінен айығып кетуіне күш жұмсайды. Біздің кейіпкеріміз де саналы өмірінің 36 жылын медицина саласына арнаған жан. Ауыл халқының денсаулығын жақсаруға атсалысып жүрген Рабиға Аманова ІІІ Интернационал ауылдық округіндегі дәрігерлік амбулаторияда лаборант болып қызмет етеді.
Р.Исламқызы Жосалы кентінің тумасы, №105 орта мектептің түлегі. Білім ордасын бітірген жылы армандаған оқуына түсе алмай, бір жыл наубайханашы болып жұмыс істеген. Келесі жылы бойын қайта тіктеп, Байқоңыр қаласындағы медицина училищесіне емтихан тапсырады. Нәтижесінде, оқу орнының "Жалпы медбике" факультетінің студенті атанып, мамандығына жол ашады.
Жас маман еңбек жолын 1988 жылы аудан орталығындағы аурухананың "Жұқпалы аурулар" бөлімінде бастап, тәжірибе жинақтайды. 1987 жылы ІІІ Интернационал ауылының Мырзабай есімді азаматына тұрмысқа шығып, отбасы жағдайына байланысты сол ауылға қоныс аударады. 1990 жылдан бастап бүгінге дейін ауыл медицинасының дамуына атсалысып жүр. Әуеліде кезекші медбике болып істесе, 2007 жылдан бері лаборант қызметін атқарып келеді.
Мейірбике болуды бала кезінен армандаған Рабиға Исламқызы мамандық таңдауына отбасының әсер еткенін айтады.
– Мейірбике болуды бала күнімнен армандадым. Бірде әкем науқастанып, ауруханаға түсті. Сонда ақ халат киген мейірбикелердің әкеме жасаған қызметін көріп, қызықтым. Мен де осы кісілердей боламын деп шешім қабылдадым. Сондағы ойым – әкемнің жанына жалау, еміне шипа болу еді. Бірақ әкем көп ұзамай өмірден өтіп кетті. Отбасымызда нағашы әжеміз бізбен бірге тұратын. Студент болсам да әжем сырқаттанғанда дәрі-дәрмегін шаншып, жанынан табылатынмын. Әжемнің батасын алдым. "Батаменен ел көгерер..." дегендей, осы саланың 36 жылдан бері адал нанын жеп келемін, – дейді білікті маман.
Рабиға Аманова ұжымдағы жауапкершілігі жоғары маманның бірі. Зертханалық талдаулар оның күнделікті атқаратын жұмысына айналған.
– Лабораторияда биохимия, микрореакция секілді басқа да қан, несеп талдаулары жасалынады. Жас ерекшелігіне қарай ауыл тұрғындарына скринингтік тексеру жұмыстарын жүргіземіз: олардың да ауруларын алдын ала анықтауға анализдер жасалады. Жұмысым өзіме ұнайды. Көңілім толады. Елдің алғысын алып жүрген жайымыз бар. Елді мекен болған соң көрші бар, ағайын бар. Денсаулыққа байланысты жағдайлар болып жатса, күн-түн демей шақыртуларына барамын. Лаборант екенмін деп қарап отырмаймын. Біреудің қан қысымы, біреудің дене қызуы көтеріледі болмаса алғашқы медициналық көмек қажет ететін кездер кездеседі. Мұндайда күн демей, таң демей қолдан келген көмегімді беремін.
Осы ретте әркез ауызбірлігімен ерекшеленетін ұжымыма, жұмысымыздың алға жылжуына себепкер болатын сүйікті дәрігеріміз Зульфия Муханбетоваға алғысымды білдірсем деймін. Отбастарына бақ-береке, дендеріне саулық, елге жасап жатқан қызметтеріне абырой тілеймін, – дейді мейірім иесі.
Рабиға Исламқызы өмірлік серігімен 2 ұл бала тәрбиелеп өсірген. Олар да бүгінде отбасын құрып, ұрпақ сүйіп отыр. Балалары – жоғары білім алған. Айдос – жедел жәрдем көлігін жүргізсе, келіншегі Мария Сағынбаева биология пәнінің мұғалімі. Магистратураны бітіріп, докторантурада білім алуда. Алмат – қалада тұрады. Мамандығы – есепші. Келіншегі Фариза Сейітханова дәрігер болып істейді.
Жалпы адамға керегі жылы сөз бен мейірім десек, қате айтпаған болар едік. Рабиға Исламқызы да осы үдеден шығып жүрген өз ісінің шебері. Қоғам дамуында елім деп еңбек етіп, мейірімділікті өмірінің мәні еткен осындай біліктің жандардың орны қашан да бөлек бола бермек.
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕКҚЫЗЫ
14 шілде 2026 ж. 90 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№52 (10520)

14 шілде 2026 ж.

№51 (10519)

09 шілде 2026 ж.

№50 (10518)

04 шілде 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 3 462
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 961

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031