» » Жаңа қоныстағы жаңашыл жұмыстар

Жаңа қоныстағы жаңашыл жұмыстар

Еліміздегі медицина Мемлекет басшысының тікелей бақылауында тұрған сала. Жыл сайынғы Жолдауларында денсаулық саласына үлкен мән беріп, оны дамытуда тапсырмалар беріп келеді. Қазақстандықтардың денсаулық сапасын көтеруде саланың материалдық-техникалық жағдайына көңіл бөлініп, типтік негіздегі ғимараттар салынуда.

Өткен жыл аудан медицинасы үшін қуанышты жыл болды. Себебі, үш бірдей елді мекенде су жаңа ауылдық амбулаторияның тұсауы кесіліп, ел игілігіне берілді. Оның қатарында 1556 тұрғыны бар (1028-і ересек адам, 450-і бала) Ақжар ауылындағы дәрігерлік амбулатория да жергілікті халыққа медициналық қызмет көрсетуде. Еңсесі биік, барлық жағдайы талапқа сай жасақталған медицина ұйымының есігі жанына шипа іздегендер үшін қашанда ашық. Онда мамандар 5 керуеттік күндізгі стационар, дәрігерге дейінгі, егу, лаборатория, акушерлік, физиотерапиялық, химизатор және дені сау бала кабинеттері бойынша ем-шара жүргізіп, қабылдау жасайды. Сонымен қатар дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуде аптека жұмыс істеп тұр.

Басы ауырып, балтыры сыздағандар алдымен дәрігердің қабылдауына кіріп, түрлі зерттеуден кейін диагнозын қойдырады. Қазіргі таңда ауылдық амбулаторияға жалпы тәжірибелік дәрігер Жасұлан Жұбандықов меңгерушілік етеді.

Ол 1990 жылы Ақжарда туған. Туған жердің төл перзенті. 2014 жылы С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық Медицина университетінен «Жалпы тәжірибелік дәрігер» мамандығы бойынша бітірген. Осы жылдан бастап Ақжар дәрігерлік амбулаториясында қызмет атқаруда.
– Бізде барлығы 22 адам қызмет етеді. Оның 1-еуі дәрігер, 13-і орта медициналық қызметкер болса, мектеп медбикесі де бізге кіреді. 2 кіші медицина қызметкері және басқа да 7 техникалық қызметкер жұмыс жасайды.

Аурудың алдын алу мен ем қабылдауда тұрғындар амбулаторияға келіп те және үйге шақыртулар арқылы да біздің қызметімізге жүгінеді. Мысалы күндізгі стационарға қатысты ауру түрлері болады. Қан қысымымен тіркеуде тұратын кісілер, 18 жасқа дейінгі жастар мен жасөспірімдерге, балаларға ем-шарасын жүргіземіз. Үйде тұра алмайтын жатқан науқастарымыз да кездеседі. 1 жасқа дейінгі бала ауыра қалса, үйге шақырады. Оған дәрігер немесе учаскелік медбикелер әркім өз аймағы бойынша барып жағдаймен танысады. Денсаулығын тексеріп, бақылауына алады. Егер дәрігер керек болған жағдайда, дәрігер шақырылып, болмаса медбикелер алғашқы көмек көрсетеді. Ауданға шұғыл жағдайда жібереледі. Жарақат, соқырішек, сыну, құлау және рентгенге түсіру үшін жолданады. Ал жеңіл-желпі жара болып жатса (жығылған, қолын кесіп алған), өзіміз қарап, ем-домын жасай береміз.

Ұжымда үлкеніміз Тамара Исабекова мен Қалдыгүл Тоқсанбаева апайларымыз. Олар бұйырса, келесі жылы зейнеткерлік демалысына шығайын деп отыр. Әріптестеріміздің саладағы еңбек өтілі қырық жылға жуықтаса, ең жас дегеніміз Гүлсалы Дәкенбай, Салтанат Тұрлығұлова, Перизат Бекежановалардың салада қызмет етіп жүргендеріне 5-6 жылдың көлемі болып қалады. Бұдан аңғаратынымыз – ұжымның тәжірибелі, білікті мамандардан тұратыны.

Айта кеткен жөн, ескі мекенжайымыз стандартқа сәйкес болмаған еді. Мемлекетіміздің салаға қамқорлығының арқасында өткен жылы жаңа дәрігерлік амбулаториямыз іске қосылды. Стандартқа сай салынған медициналық мекемесінде науқастарға да, медицина қызметкерлеріне де қолайлы жағдай жасалынған. Бұл ретте облыс, аудан басшыларына алғысымызды білдіргіміз келеді. Материалдық-техникалық жабдықталуына келер болсақ, физкабинетпен, электрофарез, мақта, бинтті стерилизация жасайтын құрылғылар мен бөлмелермен қамтылған, – дейді Жасұлан Хамидуллаұлы.

Қай жұмысты да жүргізетін маман, өз ісіне берілген адал жандар. Дәрігерлік амбулаторияның дәрігері айтқандай, ұжым білікті мамандардан құралған. Атап айтқанда, аға медбике Альбина Таубаева қызметіне тыңғылықтығымен ерекшеленсе, жалпы тәжірибелік медбикесі Жаңагүл Рабатова дәрігер қабылдауына келгендерге жылы шырай танытады. Ақзияш Сарыбаева болса егу бөлмесінің балалар медбикесі ретінде ауылдың кішкентай тұрғындарымен жұмыс істейді. Әлеуметтік медбике Гүлмира Кәукенова мүмкіндігі шектеулі жандардың қасынан табылатын бірінші адам. Салтанат Тұрлығұлова мен Меруерт Сәрсенбаева бірі химизатор, бірі акушер болып науқастарға ісімен де, сөзімен де шипа дарытады. Жалпы тәжірибелік медбике Перизат Бегежанова фельдшерлік жұмыстармен, шақыртулармен айналысады. Диспансерлік есептегі науқастарды қадағаласа, лаборант Тамара Исабекова анализдерді уақытында дайын болуына мүдделі. Қалдыгүл Тоқсанбаева, Эльвира Нұртұяқова, Нұрила Дүйсебаева, Гүлсалы Дәкенбайлар жауапты қызметтің жүгін арқалап жүрген ақ халаттылар.

«Елге адал қызмет ету басты міндетіміз. Халықтың денсаулығы – мемлекетіміздің болашағы. Қолымыздан келгенді аямаймыз» дейді ондағы мамандар сенімді кейіппен.

Сәрсенкүл АҚКІСІ
18 қыркүйек 2024 ж. 138 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 266

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 365

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930