» » Емхана – ел игілігі үшін

Емхана – ел игілігі үшін

ДАНА ХАЛҚЫМЫЗ «БІРІНШІ БАЙЛЫҚ – ДЕНСАУЛЫҚ» ДЕП, ОҒАН АСА ЗОР МӘН БЕРГЕН. МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ КЕМЕЛҰЛЫ ЖЫЛ САЙЫНҒЫ ЖОЛДАУЫНДА ҰЛТ ДЕНСАУЛЫҒЫНА ЖІТІ МӘН БЕРІП, ХАЛЫҚТЫҢ ДЕНСАУЛЫҒЫН ЖАҚСАРТУ ЖАЙЫН ҰДАЙЫ АЙТЫП КЕЛЕДІ. ӨЙТКЕНІ, КЕЗ КЕЛГЕН МЕМЛЕКЕТТІҢ БОЛАШАҒЫ – ОНЫҢ ХАЛҚЫНЫҢ ДЕНСАУЛЫҒЫНА БАЙЛАНЫСТЫ ЕКЕНДІГІ ДӘЛЕЛДЕУДІ ҚАЖЕТ ЕТПЕЙТІН ШЫНДЫҚ. ОСЫ ОРАЙДА, МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ТҰРҒЫНДАРДЫ ЗАМАН ТАЛАБЫНА САЙ ҚОЛЖЕТІМДІ ӘРІ САПАЛЫ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТЕТІН ЕМХАНАЛАР МЕН АУЫЛДЫҚ ЖЕРЛЕРДЕН МЕДИЦИНАЛЫҚ ПУНКТТЕР САЛУ ЖӨНІНДЕ БИЫЛ ДА БАСА АЙТТЫ.
Ел игілігі үшін қызмет етіп, тұрғындардың тілегін мүмкіндігінше орындауға тырысып жүрген емхананың бірі – Ақай ауылдық емханасы. Бүгінгі емхана алғашында шағын ғана фельдшерлік-акушерлік пункт ретінде ашылған. Онда бір фельдшер мен кіші аяжан ғана қызмет көрсеткен. Тарихқа жүгінсек, ол уақытта Ақай әскери кеңшар болған. Ал қазіргі уақытта мұнда 30-дан аса қызметкер еңбек етеді. Емхана ғимараты 2015 жылы жаңадан салынып, тұрғындар игілігіне берілген.
– Мен бұл емханада 1995 жылдан бері еңбек етіп келемін. Ол уақытта Қасымбек Мамбеталиев есімді кісі фельдшер еді. Мен енді ғана медколледжді бітіріп, осында медбике болып орналастым. Екі адам болып, тұрғындарға қызмет еттік. Осы емханамен бірге өсіп-өніп келе жатқаныма 27 жылдан асыпты. 2000 жылдан бастап бізге қосымша медбикелер алуға рұқсат беріліп, кеңейе бастадық. Біздің басты мақсатымыз – тұрғындардың саулығы. Дені сау бала мен ананың жағдайы әрдайым басты орында. Себебі олар ел болашағының негізі емес пе?! – дейді аға медбике Манат Қылышбекова.
Адам баласының денсаулықсыз өмірі мәнсіз екендігі белгілі. Адам жанының арашасынан кеңес алып, емделмейтін адам жоқ. 5500 халқы бар Ақай ауылдық емханасында 3 аймақ жұмыс істейді.
– Емханаға қарасты 3 аймақта 2 дәрігер 9 медбике жұмыс істеуде. Емханада әйелдерді қарау бөлмесі, ем-шара, егу бөлмелері бар. Сондай-ақ туберкулез кабинеті бар. Мұнда науқастар келіп уақытылы ем-домын алып тұрады. Жағдайы төмен отбасыларға барып қызмет көрсететін әлеуметтік медбикеміз де бар. Ол ІІ, ІІІ топ мүгедектеріне барып, азық-түлігін, зейнетақысын алуға жәрдемдесіп, қажеттілік туындағанда қол көмегін де беріп тұрады. «Денсаулық – зор байлық» деп бекер айтылмаған. Халық денсаулығы бәрінен қымбат. Маманның да маманы бар. Ерінбей еңбек етіп әрі ізденіс үстінде тәжірибе жинақтап, жанына шипа іздеп келген жанның қас-қабағына қарап, сырқатынан емделу мен айығуына бар күшін жұмсап, арын үстіндегі аппақ халатындай сақтаған медицина қызметкері ғана көптің көңілінен шыға алады, – дейді емхана меңгерушісі Салтанат Ергенбаева.
Жыл сайын емхананың материалдық-техникалық базасы айтарлықтай жақсарып, жетіліп келеді. Алдағы уақытта мемлекеттің қамқорлығымен мұнан да үлкен емханаға айналуы да бек мүмкін. Себебі халық саны артып, үкімет медицина бағытына үлкен маңыз беруде. Ұжымның ісі ілгері басуы қашанда басшыға байланысты. Талап пен тәртіп бар жерде ғана нәтиже болады. Осыны мақсат тұтқан Салтанат Ергенбаева қызметкерлерді қашанда ізденісте, өз ісіне адал әрі мұқият болуға шақырады. Себебі, әр диагноздың артында адам өмірі, оның ертеңі жатыр. Сонымен қатар білікті басшы жаңа заманның жаңалықтарынан тыс қалмауға бейімделген. Мәселен, медицина қызметкерлерінің басты міндеттерінің бірі – скринингтік тексерулер жүргізу арқылы ауруларды ерте сатысында анықтап, сауықтыру. Осы реттегі жұмыстарды білікті басшы қатаң бақылауға алған. Сондай-ақ емханада тұрғындар жекелеген санаттары бойынша тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіледі. Жүргізіліп жатқан осындай іс-шаралардың нәтижесінде емхананың негізгі индикаторлық көрсеткіштері жылдан-жылға жақсарып келеді. Туу көрсеткіші, табиғи өсім жоғарылап, жалпы өлім-жітім, туберкулезбен аурушаңдық көрсеткіштері төмендеуде. Бұл – ауруы жанына батып жабырқап келген жандарға тиісті көмек көрсетіп, емдерімен де, жылы сөздерімен де жәрдем бере білетін ақ халатты абзал жандардың еңбегі. Ел игілігіне қызмет етіп, алғыс арқалаған ақхалаттылардың мерейі қашанда биік болмақ.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
17 қыркүйек 2022 ж. 617 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 270

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 368

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930