ҚОҒАМ ДАМУЫНЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІ
Ертең елімізде Қазақстан Республикасы Конституциясының жаңа редакциясы ресми түрде күшіне енеді. Бұл миллиондаған қазақстандықтың күтіп отырған басты жаңалығы. Халық тарапынан қолдау тауып, республикалық референдумда қабылданған жаңа Ата Заңымызға түбегейлі өзгерістер енгізілгені белгілі.
Кез келген мемлекеттің негізгі байлығы – ондағы азаматтардың құқығы мен бостандығы дейтін болсақ, қабылданған Конституция құқықтық, зайырлы, демократиялық жолды таңдаған мемлекетіміздің болашағына жасалған маңызды қадам деп сеніммен айтқан болар едік. Құжат мемлекет дамуының жаңа кезеңін айқындап, адам құқықтарын қорғауда басымдық ретінде бекітеді. Құқықтық мемлекет қағидаттарын нығайтып, азамат пен мемлекет арасындағы өзара жауапкершілікті күшейтеді.
Сондай-ақ жаңа заңның преамбуласы – адами капитал саналады. Яғни, ел азаматтарының құқығы мен бостандығына, қоғамдағы әділдік пен теңдікті қамтамасыз етуге, білім мен ғылымға, еліміздің цифрландыру жүйесіндегі қауіпсіздігіне, жалпы алғанда халыққа қажетті басқа да сұраныстарға бағытталғанымен ерекше. Сонымен қатар саяси институттар құрылымының тиімділігін арттыру мақсатында қазіргі қос палаталы парламент өкілдігін тоқтатып, оның орнына бір палаталы жаңа Парламент – Құрылтайдың құрылғаны басты өзгерістердің бірі болып отыр. Одан бөлек, жаңа жалпыұлттық диалог платформасы – Қазақстанның Халық Кеңесі Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың стратегиялық функцияларын жалғастыратын болады. Ол ел тұрғындарының мүддесін қорғап, заң шығару бастамасы құқығына ие жоғарғы консультативтік орган ретінде қызмет жасайды.
Мұндай ауқымды өзгерістердің табысты жүзеге асуы ең алдымен қоғамның белсенділігі мен құқықтық сауаттылығына тікелей байланысты екенін де атап өткен жөн. Жаңа нормаларды тек мемлекеттік органдар ғана емес, әрбір азамат терең түсініп, оны күнделікті өмірде дұрыс қолдана білуі маңызды. Осы тұрғыдан алғанда, құқықтық мәдениетті арттыру, заңдарды кеңінен түсіндіру және халықпен ашық диалог орнату – реформаның нәтижелілігін қамтамасыз ететін негізгі факторлардың бірі болмақ.
Жаңа Конституцияның іске асуы тек құқықтық нормаларды жаңартумен шектелмей, оны қоғам өмірінің барлық саласына тиімді енгізу тетіктерін күшейтуді талап етеді. Бұл тұрғыда мемлекеттік органдардың ашықтығы мен есептілігі артып, шешім қабылдау процесіне азаматтардың қатысу мүмкіндігі кеңейе түспек. Заң үстемдігін қамтамасыз ету үшін сот жүйесінің тәуелсіздігін нығайту, құқық қорғау институттарының кәсіби деңгейін көтеру және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытындағы шаралар да ерекше маңызға ие болады.
Сонымен қатар, жаңа саяси-әкімшілік өзгерістер елдегі қоғамдық диалог мәдениетін дамытуға серпін береді деп күтіледі. Азаматтық қоғам институттарының белсенділігі артып, жергілікті деңгейдегі бастамаларға қолдау көрсету арқылы өңірлік дамудың теңгерімділігі қамтамасыз етіледі. Бұл өз кезегінде мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді нығайтып, ұзақ мерзімді тұрақтылық пен орнықты дамуға жол ашады.
Қорыта айтқанда, ертеңнен бастап жаңа Ата заңымыз күшіне еніп, қоғамның жаңа кезеңіне аяқ басады. Бұл – ел тарихындағы аса маңызды және тағдыршешті кезеңнің бастауы болмақ. Осы жолда еліміздің Егемендігі мен дербестігі нығайып, халқымыздың ауызбірлігі арта берсін деген тілектеміз.
Асқар МЕРЕКОВ,
аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы













