АУЫЛДЫҢ ШЕБЕР ҰСТАСЫ
Қуаңдария ауылының еңбекқор тұрғындарының бірі – Бектұрсын Нұрмаханұлы Шағаев. 1963 жылы дүниеге келген ол бүгінде туған ауылында тұрып, елге адал еңбегімен танылып келеді. Өмір жолы қарапайым болғанымен, табандылық пен еңбекқорлыққа толы.
Бектұрсын Нұрмаханұлы 1981-1983 жылдары әскери борышын өтеп келген соң еңбек жолын жүргізуші болып бастаған. Ол бұл салада 1991 жылға дейін жұмыс істеп, ауыл тіршілігіне белсене араласады. Кейін өмір оны нағыз шеберлікке жетелеп, ұсталық кәсіпті таңдатты.
1990-жылдардың басынан бері ол 20 жылдан астам уақыт ұсталықпен айналысуда. Бүгінде ауыл ішінде оның есімі шебер ұста ретінде кеңінен танымал. Оның шеберханасына ауыл тұрғындары күнделікті түрлі мәселелермен келеді. Соның ішінде көліктің радиаторын жөндеу, көлік дөңгелегін жамау, дәнекерлеу (сварка) жұмыстары, темірден әртүрлі бұйымдар жасау сияқты қызметтер жиі сұранысқа ие.
Ауыл тұрғындарының айтуынша, ұстаның қолы епті, ісіне тиянақты және кез келген адамға көмектесуге дайын азамат. «Қандай жұмыс болса да сапалы істейді, уақытпен санаспайды» дейді ауылдастары. Оның еңбегі ауыл өмірін жеңілдетіп қана қоймай, көпке үлгі болып отыр.
Шебер ұстаның бір ерекшелігі – кез келген істі жауапкершілікпен атқарып, адамды бос қайтармауы. Қыс кезінде көлік бұзылса да, шұғыл жөндеп беріп, ауыл тұрғындарының алғысына бөленіп жүретін кездері аз емес. Осындай қарапайым еңбегі арқылы ол ауылдың сенімді мамандарының біріне айналған.
Отбасылық өмірі де берекелі. Жұбайы – Сұлухан Ғаниева. Екеуі тату-тәтті өмір сүріп, 2 қыз, 1 ұл тәрбиелеп өсірген. Қазіргі таңда 2 немересі бар. Сұлухан апамыз да отбасының ұйытқысы болып, балалары мен немерелеріне мейірім мен тәрбие беріп отырған аяулы ана.
Бүгінде Бектұрсын Шағаев – өз ісін сүйетін, қарапайым еңбегімен ауылдың тұрмысын жақсартып жүрген шебер ұста. Оның өмір жолы – еңбектің қадірін білетін әрбір жанға өнеге.
Бауыржан ЖҮНІС















