ЖАУАПКЕРШІЛІК ПЕН АДАЛДЫҚТЫҢ ЖАРҚЫН ҮЛГІСІ
Еліміздің мемлекеттік қызмет саласында ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек етіп, үлкен жетістіктерге жеткен жандар жетерлік. Біз бүгін оның есімін естігенде кәсібилігі мен жауапкершілігі қатар еске түсетін жан туралы қалам тербемекпіз. Ол – ауданға қарасты Қуаңдария ауылының әдіскері Салтанат Баймаханова.
Білікті маман Ақжар ауылының тумасы. Ұстаздар отбасында өскен ол ерте жасынан білімге деген ерекше құштарлық танытып, өзінің болашақта қоғамға қызмет етуіне негіз қалаған. 1981 жылы Иіркөл ауылындағы №106 мектепті бітіріп, Талдықорған қаласындағы заң техникумына заңгер мамандығы бойынша оқуға түседі. Осы оқуын 1983 жылы аяқтап, заңгер ретінде қызмет ету жолын бастайды.
Еңбек жолын 1984 жылы №106 мектепте аға тәлімгер болып бастаған Салтанат Үсенқызының қызметі әр жылдары түрлі салада жалғасып келеді. 1986-1991 жылдары Қуаңдария ауылдық кеңесінде хатшы, кейін ауылдық кеңесте іс басқарушы болып жұмыс істеді. 1991 жылы ол ауылдық әкімшіліктің іс басқарушысы, маман ретінде қызметін жалғастырып, 1997 жылдан бастап бас маман болып тағайындалады.
2006 жылдың 6 желтоқсанынан бастап, Салтанат Үсенқызы Қуаңдария ауылдық округінің әкім аппаратының әдіскері қызметін атқарып келеді. Қызметі барысында өзінің сауаттылығымен, тиянақтылығымен және жауапкершілігімен көптеген мәртебелі марапаттарға ие болды.
Салтанат Үсенқызының қоғамдық жұмыстарға қатысуы да ерекше. Ол ауылдық әйелдер мен аналар кеңесінің төрайымы болып, ауыл өміріндегі маңызды мәселелерді шешуге атсалысып келеді. Оның жетекшілігімен көптеген мәдени іс-шаралар, кездесулер мен форумдар ұйымдастырылып, ауылдың әлеуметтік жағдайы жақсарды. Ұзақ жылдар бойы қоғамға қызмет еткен ол, өз ісінде адамгершілік пен жоғары моральдық жауапкершілікті көрсетіп, ауыл тұрғындарының жанашыры болды. 1989, 1999 және 2009 жылдардағы халық санағына белсене қатысып, нұсқаушы ретінде өзіндік үлесін қосты. 1989 жылғы халық санағындағы ерекше еңбегі үшін Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Алғыс хаты мен марапаттауларға ие болды. Оның еңбек кітапшасына жазылған еңбектері ауыл тұрғындары үшін маңызды тарихи кезеңдерді қамтиды. Әр жылдары аудан мен облыс әкімдерінен Алғыс хаттарымен марапатталған Салтанат Үсенқызы 2009 жылы Қызылорда облысының 70 жылдығына орай, 2025 жылы Қуаңдария ауылының 60 жылдығы, сондай-ақ, Қуаңдария ауыл әкімі аппаратының 30 жылдығына арналған мерекелік медальдармен марапатталды.
2010-2014 жылдар аралығында Салтанат Баймаханова халықаралық «Бота» қорында ерікті болып жұмыс істеді. Бұл қордың мақсаты – еліміздің әлеуметтік осал топтарына көмек көрсету және оларды қолдау. «Бота» қорының президентінің Алғыс хатына ие болған ол халықаралық деңгейде де өз елінің абыройын асқақтатқан тұлға ретінде танылды. Қоғамдық қызметі арқылы ол тек ауыл емес, бүкіл ел бойынша мейірімділік пен адамгершілік танытты.
Салтанат Үсенқызының отбасы да өте үлгілі. Жұбайы Шәкей Амантаймен бірге 4 перзент тәрбиелеп өсірген көпбалалы ана. Ол бүгінгі күні 4 немеренің асыл әжесі болып отыр. Балалары жоғары білімді, еліміздің түрлі саласында қызмет етуде.
Адал еңбектің, қайнаған қызметтің ортасында жүріп зейнет жасына жеткен апайымыз тек еңбекқор қызметкер ғана емес, сонымен қатар өз өмірін қоғамға арнап, ұрпақтарға үлгі боларлық тұлға. Оның еңбек жолы мен қоғамдық қызметі елімізге деген сүйіспеншілік, адалдық пен қайсарлықты көрсете отырып, ауыл өмірінің ажырамас бөлшегіне айналды. Оның өмірі мен қызметі жастарға, қоғамға қызмет етуге ниетті азаматтарға үлгі болары сөзсіз.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ

















