ҮЗДІК СУШЫЛАР ӘУЛЕТІ
9 шілде – Су шаруашылығы қызметкерлерінің төл мерекесі. Осыған орай Су ресурстары және ирригация министрлігі «Еңбек жолы» республикалық конкурсын ұйымдастырған болатын. Жақында сол конкурстың қорытындысы шығып, үздік сушылар әулеті анықталды.
Бүгінде республика бойынша жалпы ведомствоға қарасты «Қазсушар» кәсіпорынында 67 сушылар әулеті еңбек етеді екен. Министрліктің мәліметінше, жеңімпаздар «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны мен оның өңірлік филиалдарының қызметкерлері арасынан іріктелген. Олардың арасынан «Үздік сушылар әулеті» номинациясы бойынша ауданымыздағы Бәшеновтер әулеті үздік деп танылып, министрліктің Құрмет грамотасы мен 300 мың теңге ақшалай сыйлыққа ие болды.
Атадан балаға берілген кәсіп бүгінде 4 ұрпаққа жалғасқан. Отағасы Марат Бәшенов, 1984 жылы мектепті бітіре сала осы салаға бет бұрған. Кейін әскери борышын өтеп, артынша білім алып, 1991 жылдан бері инженер-гидротехник болып тер төгіп келеді. Балалары да әке жолын жалғаған. Бүгінде Бәшеновтер әулетінің жалпы еңбек өтілі – 127 жыл.
– Атамыз Бәшен еңбек жолын осы салада бастаған. Кейін әкем Қазақбай сол жолды жалғастырды, біз де бауырларыммен бірге су шаруашылығында еңбек етіп жүрміз. Қазір ұлым да менің ізіммен келеді. Қай жұмыстың да өз қиындығы болады. Соған қарамастан, 1991 жылдан бері осы салада табан аудармай еңбек етіп келемін. Басты міндетіміз – суды өлшеп, каналдар арқылы шаруаларға әділ бөлуді қамтамасыз ету, – дейді Марат Бәшенов.
«Үздік сушылар әулеті» номинациясы бойынша үміткерлерге қойылған басты талап – әулет мүшелерінің кемінде 15 жылдық еңбек өтілі және су саласында қатарынан үш ұрпақтың жұмыс істеуі. Сонымен қатар отбасының су саласындағы ірі жобаларға қатысуы – бөгеттер, су қоймалары, каналдар мен ирригациялық жүйелердің құрылысындағы еңбегі ерекше назарға алынды.
Иә, уақыт өзгерсе де олар өзгермеген адал еңбек пен шынайы жанашырлықтың жарқын үлгісі болып қала берген. Бұл – қарапайым ғана кәсіпті қасиетке балаған әулет. Олар үшін сушы болу құбыр жөндеу емес, халыққа қызмет ету. Осылайша ешқашан даңқ іздемей, елдің алғысына бөленіп келеді.
Ақнұр САҒЫНТАЙ