Конституция
» » МЕН ҚҰРМЕТТЕГЕН ЗИЯЛЫ ОРТА

МЕН ҚҰРМЕТТЕГЕН ЗИЯЛЫ ОРТА

Газет редакцияларында шығармашылық қызметкерлермен қатар, басқа да мамандық иелері қызмет атқарады. Оның қатарында есепшілер де бар. Мекеменің бухгалтериясын жүргізетін жандардың жауапкершілігі де, көтеретін жүгі де жеңіл емес. Әрбір тиынның есебін білуіңіз керек. Сондай білікті маманның бірі, саналы ғұмырын қаржы саласына арнаған тыл және еңбек ардагері Баян Әлиасқарованың есімін құрметпен атай аламыз. Апамыз аудандық «Қармақшы таңы» газетінде табан аудармай 27 жыл еңбек етіп, уақытында екі бірдей мекеменің – редакция мен типографияның есепшісі болып абыройлы қызмет етті.
Сала ардагерінің өмір жолына тоқталар болсақ, ол 1937 жылы Қызылтам ауылдық кеңесінде дүние есігін ашқан. Жосалы кентіндегі Ш.Уәлиханов атындағы №26 мектептен білім алған соң Шымкенттегі сауда техникумын "Есепші" мамандығы бойынша аяқтайды. Оқуды жаңадан бітірген жас қыз аудандық тұтынушылар одағына қарасты дүкенде сатушы болып істесе, қаржы саласындағы алғашқы еңбек жолы 1957 жылы Қармақшы ауылында есепші, кассир болудан басталған. Одан соң автобаза мекемесінде 1959 жылдан 1972 жылға дейін жұмыс істеп, ұжымда мол тәжірибе жинақтайды. Халыққа қызмет ете жүріп, 1970-1972 жылдар аралығында Қазалы ауылшаруашылық техникумын сырттай оқып алады. Ал 1973 жыл ардақты ананың өміріндегі үлкен бір белестей еді. Ол зиялы қауымның басын біріктіретін аудандық "Қармақшы таңы" газеті редакциясына қызметке ауысып келіп, осыннан 1987 жылы зейнет демалысына шығады. Зейнетке шықса да білікті маман 2000 жылға дейін рухани ортада қызмет атқарып, талай игі жақсылармен қызметтес, сыйлас болса, ұжымда беделі артқан қызметкер бола білді. Жастарға ақыл-кеңесін айтып, тәлім-тәрбиелік жасады.
Журналистердің төл мерекесі қарсаңында ардагердің отбасында болып, естеліктерін тыңдаған болатынбыз.
– Редакция деген өзі өте бір мәдениеті жоғары, халықтың айнасы. Аз ғана адам жұмыс істесе де, ақпарат кеңістігін түгел қамтып отырған орта. Басқа аудандарда редакция мен типографияда екіден есепші ұстаса, мен екі мекемеге бірдей бухгалтер болдым. Сондай ұйымшыл ұжым болдық. Бір үйдің адамындай, бір үйдің баласындай едік. Әзілхан Аманов деген бас редакторымыз болды. Өкінішке қарай, өмірден ерте өтті. Оның ала жіпті аттамайтын адалдығы тәнті ететін. Шайхыслам Садықов деген кісі типографияның бастығы болды. Жұмыстары соншалықты ауыр. Әдепкі барғанымда жұмысшыларды аяйтын едім. «Ойпырмай, күнімен жүреді, түнімен жүреді» деп. Инемен құдық қазғандай, қандай ауыр еңбек. Кейін келе көз үйренеді екен. Таң алдында адамдар малын өріске шығарғанда, олар үйлеріне енді қайтып бара жатады. Уақытпен санаспайды. Қол жұмыс, бәрін қолмен істейді. Жұматай Аймаханов деген де типографияның бастығы болды. Мамандығы мұғалім бола тұра, техниканы жақсы меңгерген. Линотип деген машина бар, қапелімде бұзылып қалады. Газет уақыт күттірмейді. Сол құрылғыны бір күн тұрғызбайды, жұмыс істетеді. Қалай болғанда да газет шығу керек. Жұмекең бастықпын демеді, жұмысшы есебінде жүрді. Ұмытпасам, 1979 жылдан бастап істеді. Ол кісінің еңбегі күшті енді. Жұмысқа қосыла сала, халатты киіп, линотиптің үстіне шығады. Қорғасын ерітеді. Бір құйған салмағы 25 келідей болады. Соны өзі құяды, өзі реттейді. Жұмыс үстелінде 1 сағат отыра ма, жоқ па, жұмысшылардың ортасында жүргені.
Қызметкерлер бір-бірімен санаспайтын, ауызбірлікте болды. Айлықтары таңдайға татымайды. Бірақ соны жетпейді демейді, тойған қозыдай. Әзекеңнен кейін Алтай Үсенов келді редакция басшылығына. Атаулы күндерде ұйымшылдықпен бас қосып, отырыстар жасалады. Соған риза боламын. Кейде күні-түні жүрген жұмысшыларға үйден таба наным мен айранымды апарып беремін. Рақметін айтып жатады. Зейнетке шыққасын да 10 жыл жұмыс істедім. Ұжымға, бірге қызметтес болған әріптестеріме ризамын, сол күндерімізді сағынамын, – дейді ардагер.
Б.Әлиасқарқызы 1958 жылы Баймағамбет Сейілов атты азаматқа тұрмысқа шығып, екеуі 5 баланы тәрбиелеп өсіреді. Қадіржан, Нұрлан, Әділхан, Роза, Рахымжандар жоғары білім алып, бірі кәсіпте, бірі педагогикада өз қолтаңбаларын қалдыруда.
Баян апамыз келер жылы бұйырса, 90 жасқа толады. Немере мен шөберенің қызық-қуанышына бөленіп отырған ардақты ана, асыл әженің бүгінде жүріс-тұрысы ширақ, өзін жақсы сезінеді. Мерекеге жылы лебізін білдіре келе, "Қармақшы таңының" ұжымына да ақ батасын берді.
– Заман жақсарды. Технология даму үстінде. Біздің кезімізде типографияда қара май кешіп жұмыс істейтін. Қорғасын әріптер қолмен терілетін. Қазір жақсы ғой, шүкір. Тілегім – газеттің тиражы көбейсе. Газетті көп оқитынмын. Қазір көзім көріңкіремейді. Біздің болашағымыз – жастар газет оқуы керек. Соған сәл назым бар. Барлық жаңалық осында жарияланады. Басылымның ғұмыры ұзағынан болғай. Қазіргі еңбек етіп жүрген барша қызметкерге төл мерекелері құтты болсын. Биіктен көріне берсін. Шығармашылық табыстар тілеймін, – дейді анамыз ақжарма ниетпен.
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕКҚЫЗЫ
28 маусым 2026 ж. 149 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№48 (10516)

27 маусым 2026 ж.

№47 (10515)

23 маусым 2026 ж.

№46 (10514)

20 маусым 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 3 380
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 899

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930